Басты жаңалықтар Құқық

Соғыс кімнің пайдасына шешілуі мүмкін?

 Трамп саясаты әлемді алаңдатты

  

Украинаның бүгінгі халі қалай?

    Ресейдің «Арнайы әскери операция» деген айдар тағып, Украина жеріне басып кіргеніне тура үш жыл толды. 2022 жылғы 24-ақпанда шабуыл бастаған Ресей әскері бірер күннің ішінде ғана Украина жерінің 30 пайызға жуық аумағын өзіне қаратқан еді. Мақсат Украинаны толықтай басып алып, билігін өзгертіп, Ресей ықпалына қайтару болды. Дегенмен Ресейдің «Украинаны әрі кетсе оншақты күнде тізе бүктіреміз» деп жар салған мақсаты орындалмады. Украин әскері, өңірлік қорғаныс күштері, бүкіл халық басқыншыларға қарсы тік көтерілді. Содан бері, міне, үш жылдан асты, украин жерінде толыққанды соғыс қимылдары жүріп жатыр.

        АҚШ-тың сөзі неге өзгерді?

   Ресейдің Украинаға қатысты бұл әрекетін бүкіл әлем елдері дерлік айыптаған болатын. БҰҰ оны агрессор-мемлекет деп таныған, одан соғыс қимылдарын тоқтатуды, әскерін Украина жерінен алып кетуді талап еткен. Бұл мәселеде негізінен АҚШ бастаған Батыс елдері белсенді болды. Олар соғыс басталғаннан кешегі күндерге дейін Украинаға қаржы, әскери техника және қару-жарақ жағынан қыруар көмек көрсетті. Дегенмен кейінгі уақытта бұл бағытта жұртты ойландырып қойған біраз өзгерістер орын алды.

Таяуда АҚШ осы уақытқа дейінгі саясатын күрт өзгертіп, Ресеймен жақындасуға бейіл ниет танытты. Екі ел делегациялары Сауд Арабиясының астанасында кездесіп, екіжақты келісімдерді бастап та кетті. Кездесу мақсаты Украинадағы соғысты тоқтату деп айтылып жатыр.

Осының алдында АҚШ Украинадан өзінің соғыс басталғалы бергі көмегінің өтемін талап еткен болатын. Яғни Украина өтемақы үшін құрылмақ арнайы қорға қаржы құюға міндеттеліп отыр. Ол қаржыны Украинаның сирек кездесетін металдарды игеруден түскен пайдасы құрайды. Украина АҚШ-қа өз пайдалы қазбаларын игеруге қатысуға жол ашуы тиіс, осыған байланысты келісімге қол қоюы керек.

Дегенмен бұл мәселе төңірегінде біршама келіспеушілік орын алды. АҚШ өзінің Украинаға берген әскери көмегін 400 – 500 миллиард доллар көлемінде деп бағалап отыр. Ал Украина оны 100 миллиард доллар шамасында дейді. Сондықтан да Украина Президенті Владимир Зеленский бұған қатысты АҚШ тарапынан түзілген келісімге қол қойған жоқ. «Украиндықтардың мойнына ондаған жылдар бойы өтелетін қарыз іле алмаймын», – деді Зеленский. Ол Украина бұл қаржыны «Ақ үйдің» бұрынғы әкімшілігінен грант ретінде алғанын, дегенмен қазіргі талапқа орай өтемақы төлеуге қарсы емес екенін, тек оның шегерілуін, нақтылануын және АҚШ тарапынан елдің қауіпсіздігіне кепілдік берілуін қалайтынын білдірді.

Осы мәселе АҚШ Президентінің ашуын тудырды. Оның үстіне Зеленскийдің АҚШ – Ресей келіссөздеріне бізді шақырмады деген сөзі де отқа май құйғандай болды. Трамптың аузынан Украина Президентін кемсіткен сөздер шықты. Ол Зеленскийге қатысты «сайқымазақ», «Президент сайлауын өткізбей отырған диктатор», «халық арасында беделі 4 пайыздан да аспайды» деген сияқты жайсыз сөздер айтты. Зеленскийдің: «АҚШ Президенті Ресейдің жалған ақпаратына сеніп отыр. Шындығында мені халықтың басым бөлігі қолдайды. Дәл қазір мені алмастыру мүмкін емес» деген сөздері де Трампты ызаландыра түскендей. Қысқасы, ол сайлау өткізіп, Украина Президентін алмастыру керек деген ойын ашық білдірді. Ол тіпті Ресейдің Украинаға басып кіргеніне де Зеленскийді кінәлағандай болды. Осының бәрі жайдан-жай болмаса керек. Д.Трамптың Украинадағы соғысты тоқтатамын деп бастаған әрекетіне қарағанда, АҚШ жағы өзінің бұған байланысты арнайы жоспарын нықтап та қойған сияқты.

Жалпы, сарапшылар Д.Трамптың Ресейге, оның қазіргі Президенті В.Путинге оң қабақпен қарайтынын, тіпті оның кей ісіне сүйсінетінін де  айтады. Жер көлемі мен ресурстары жөнінен дүние жүзі бойынша бірінші орында тұрған елге бүйрегі бұрса, бұратын да шығар, мүмкін. Дегенмен АҚШ-тың әлемдегі Қытайдан кейінгі негізгі бәсекелесі ретінде Ресейді ақсатуды көздейтін көптеген әрекеттер жасап келе жатқаны да мәлім. Осы орайда кей сарапшылар Д.Трамптың саясаты АҚШ-ты күшейтуді көздейді, басты бәсекелестері ретінде Ресей мен Қытайдың арасына сына қағуды жоспарлауда деп те айтады. Сондай-ақ, АҚШ Ресеймен жақындасу арқылы оның Иранмен, Солтүстік Кореямен, бүгінде АҚШ-қа жақпай отырған басқа да елдермен ынтымақтастығын салқындатуды көздейтін сияқты. Енді АҚШ Ресейді әлсіретудің осындай тәсілін қолданып көрмек. Кей сарапшылар осылай деп те жатыр.

Еуроодақтың әрекеті қандай?

  Сонымен, АҚШ ендігі жерде Украинаға көмектен ақырындап бас тартатын сыңай танытқандай болды. АҚШ жағының «егер Украина сирек кездесетін металдарға қатысты келісімге қол қоймаса, оған әскери және қаржылай көмек беру мәселесінде қиындықтар туындайды» деген сөзі осыған меңзейді. Егер келісімге қол жеткізілмесе, онда Украина қолданысындағы «Старлинк» жерсеріктік ғаламтор желісінің жұмысы тоқтатылады деген де сөздер айтылды. Мұндай жағдайда интернет арқылы басқарылатын жүйелердің жұмысы тоқтайды, оның әскери салаға да тигізер зияны аз болмайды.

Дегенмен арада бірер күн өткенде АҚШ пен Украина арасы қайта жылына бастағандай болды. АҚШ-тың Қаржы министрі сирек кездесетін металдарға қатысты келісімнің екі ел үшін де пайдалы болатынын айтты. Яғни аталған арнайы қорға АҚШ түбегейлі қадағалау жүргізгенімен одан түсетін қаржының басым бөлігі Украина экономикасын жаңғыртып, дамытуға бағытталатыны жөнінде айтылып жатыр. Украина жағы келісімнің нақтыланған нұсқасына қол қояр болса, АҚШ оған алдағы уақытта берілетін қаржылай көмек мәселесін шешуге кіріспек көрінеді.

Бүгінде «егер Ресей соғысты тоқтатуға көнсе, онда оған АҚШ тарапынан салынған санкциялар алынып тасталады, Еуроодақ та санкцияларды тоқтатуға мәжбүр болады» деген әңгімелер де шығып жатыр. Соған қарағанда, енді Украинаны қолдауда басты салмақ Еуроодақ елдеріне ауатын сияқты. Дегенмен бүгінде бұл одақтың да өз ішіндегі ауызбіршілігі аса байқалмайды. Белсенді әрекеттегі Ұлыбритания, Германия, Францияның бастамаларын бәрі бірдей қолдай кетуі екіталай сияқты. Өйткені одақ құрамындағы елдердің экономикалық жағдайлары, әскери қуаты әрқалай, сондықтан ортақ істе ауызбіршілік жоқ. Мысалы, Ұлыбританияның Украинада соғыс тоқтатылған жағдайда оған алдағы қауіпсіздігіне кепіл бола алатын бітімгершілік күштерін кіргізу керек деген бастамасын құлшына қолдай кеткендер көптеп бой көрсете қойған жоқ. Германия ғана ондай жағдайда әскер бере алатынын айтты, Швейцария шектеулі уақытқа 200-дей сарбаз беруіміз мүмкін деді. Ал Польша бізді Украинаны бөліске салуға қатысуда деп кінәлайды, сондықтан мұндай іске қатыса алмауымыз мүмкін деді. Италия өзінің мұндай бастаманы қолдамайтынын ашық білдірді, басқалары үнсіз қалды.

Бүгінде Украинадағы бетпе-бет ұрыс қимылдары жүріп жатқан территория аумағы бірнеше жүздеген шақырымды құрайды. Соғыс біткен жағдайда оны бақылап отыру үшін де бірнеше жүз мың адамнан тұратын бітімгершілік күштері қажет болмақ. Ал Ұлыбританияның да, Еуроодақтағы басқа елдердің де мұндай күш жинақтауға және оны қаржыландырып-жабдықтауға мүмкіндігі аз. Бүгінде кей сарапшылар АҚШ-тың тікелей қолдауынсыз мұндай жоспардың жүзеге асуы неғайбыл дегенді айтып отыр.

Украина мен Еуроодақ соғысты тоқтатуға байланысты келісімге өздерінің қатысуы қажет екенін айтуда. Әсіресе Украинасыз шешім жасау дұрыс болмайды. Осы орайда Францияның ЕО елдерінің АҚШ – Ресей келіссөздеріне қатысты ортақ пікір білдіру бастамасы да елеулі нәтиже бере қойған жоқ. Соған қарағанда, Еуроодақты Украинаға бұдан әрі қарай беретін көмегі мәселесі қатты ойландыра бастаған сияқты. Ол Украинаға көмекті күшейтетінін мәлімдеді. Бірақ оның жәрдемі қашанға дейін жетеді? Ал Ресейдің өзіне салынған санкцияларға қарамастан беті қайтар түрі жоқ. Еуроодақтың ресурстары аз, ол көп жағдайда сыртқа тәуелді, сондықтан Украинаға беретін көмегі шектелуі де мүмкін сияқты. Кей саясаткерлер мен сарапшылардың бұған қатысты пікірлері осындай.

Қысқасы, АҚШ-тың Ресеймен жақындасуға бет бұрғаны Еуроодаққа қиын тиіп тұр. Өйткені Еуроодақ көп жағдайда саяси, экономикалық және әскери жағынан АҚШ-тың қолдауына мұқтаж. Қандай нәтижемен болса да соғыс аяқталған соң Украина жеріне бітімгершілік күштерін енгізу керек деген сөздің өзі бұл соғыстағы Украина жеңісіне сенімнен гөрі күмәнді көбірек сездіретіндей.

             Ресей нені көздейді?

    Ресейде Д.Трамптың алғашқы әрекеттерінен кейін Украинаны тізе бүктіруге деген үміт күшейе түскен сияқты. АҚШ тарапының «Украина енді өз шекарасын 2014 жылғы қалпына қайта келтіре алмайды» деп айтуы да оның өзіне сенімін арттырып отыр деуге болады. Жұрттың көбі мұны Ресейдің мықтылығын мойындау деп қабылдай бастағандай.

Ресейдің соғыс барысында Украинаның Донецк, Луганск, Херсон, Запорожье облыстарын аннексиялап, өзіне қосып алғаны белгілі. Қырым түбегін басып алғанына биыл 11 жыл толғалы отыр. Соғыс аяқталған күнде де ол аталған өңірлерді Украинаға қайтаратынға ұқсамайды. Қара теңіздің солтүстік аумағына, Молдавиядан бөлініп кеткен ресейшіл Днестр бойы халықтық республикасына дейінгі жерлерге өз бақылауын орнатпақ. Ол Украинаның бейтарап ел болып қалуын, НАТО әскери блогына кірмеуі керегін де алға тартатын болса керек. АҚШ-пен ынтымақтастық қатынасты жандандыруды алға тарта отырып, Украинаға қатысты әу бастан ұстанған саясатын күшейте түсетін сияқты.

Ресей, сондай-ақ, соңғы кездері НАТО мен АҚШ және Еуроодақ пен АҚШ арасындағы келіспеушіліктердің ушығуынан да үмітті. Бүгінде кей саясаткерлер айтып жүргендей, алдағы уақытта АҚШ НАТО құрамынан шығып, оған қоса Еуроодаққа экономикалық және әскери саладағы көмегін тоқтатар болса, онда Ресейдің жүгі жеңілдей түспек. Егер бұлай болған жағдайда НАТО да, АҚШ та, Еуроодақ та әлсірейді. Ресейдің «осылай бола қалса кәнеки» деп армандап жүргені де рас. Дегенмен Батыс саясаткерлері жағдайдың бұлай бет алуына жол бере қоймайтын шығар.

…Қысқасы, кейінгі кездердегі мүдделер қақтығысы тез арада өзгеріп, мың құбылып жатқан геосаяси жағдайлар өзінен әлдеқайда қуатты жауға беріспей шайқасып жатқан Украинаның ахуалын аса қиын күйге келтіріп тұр. Экономикалық шығын, жұмсалған қаржы шаш-етектен. Соғыс барысында жүздеген мың жауынгерінен, бейбіт тұрғындарынан айырылған, көптеген қалалары мен елді мекендері, кәсіпорындары мен басқа да нысандары қирандыға айналған ел Ресей агрессиясына барынша қарсылық көрсетіп бағуда.

Ал соғыс шынында да енді көп ұзамай аяқталатынға ұқсайды. Оның қандай сипатта, қандай нәтижелермен аяқталатынын алдағы уақытта көретін болармыз.

   О. ТҰРАР.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *