Мәселе

 Бір мектепте 4-ақ мұғалім кітап оқиды екен


Білім министріне датым бар! Бүгінде жалпы білім беретін мемлекеттік мектептің қай-қайсысына барып, басылымға жазылу барысын сұрай қалсаңыз  мұғалімдер орнынан өре түрегеліп, «Мұғалім мәртебесі туралы» Заңды алға тартады. «Заң талаптары бойынша бізді, мұғалімдерді газет-журналдарға ешкімнің күштеп жаздыруға құқысы жоқ!» – дейді бәрі келісіп алғандай. Иә, рас, ешкімнің ешкімді күштеуге құқы жоқ. Алайда, таяқтың екі ұшы бар емес пе?

Шыны керек, мұғалімдердің мәртебесін айқындайтын заңның қабылдануына журналистер қауымы бір кісідей атсалысты. Мәселені үкімет деңгейіне дейін көтеріп, қашан қабылданғанша тыным таппады. Ондағы мақсат, әрине, ұрпағымызға сауатты білім беруде мұғалімдердің кәсіби жұмысына ешкімнің кедергі келтірмеуі болатын. Ұстаздардың рухани, мәдени, материалдық жағдайының жоғары деңгейде болуы аса маңызды екенін ескердік. Алайда, осы заң арқылы мұғалімдердің жалақысы көтерілгенімен, руханияты мен мәдениетінің жоғарылауына аса әсері болмай жатқаны байқалады.

Біздің пайымдауымызша, еліміздегі зиялы қауымның көш басында ұстаздар тұруы тиіс. Қазіргі мұғалімдер жоғары білім алғанын дәлелдейтін дипломдардан кенде емес. Тіпті, қос-қостан бар. Одан бөлек білімін жетілдіретін түрлі курстарды тәмамдап тастаған. Алайда, бұл өзінен озар шәкірт шыңдап шығу үшін жеткіліксіз. Жан-жақты білімді бала тәрбиелеу үшін олар өзі оқытатын пәндерге тыңғылықты дайындалумен қатар, күн сайын өзінің көркем-әдеби әлемін кеңейтіп, рухани деңгейі мен саяси сауаттарын ұдайы көтерумен шұғылдануы тиіс. Сондай ұстаздардан тәлім алған шәкірт қана елін сүйетін, жерін қорғайтын, салт-дәстүрін қастерлейтін, ата-ана мен бауырларына жанашыр тұлға болып қалыптасады. Әлемде алғашқы саяси революция толқындарын тудырып, тұңғыш болып республика құрған француз халқында «Өзін зиялымын деп есептейтін әр француз азаматы орта есеппен жылына он бес роман, ал күн сайын кемінде бір саяси газет оқып отыруы керек!» деген заңға жазылмаған халықтық қағидаты бар. Ал біздегі көзқарас қандай? Үйдегі жеке кітапханасында (бар болса) мектеп оқулықтарынан басқа бір де бір әдеби-көркем кітабы жоқ мұғалім қай оқушысына: «Оқы, оқы және оқы!» деп айта алады? Аптасына бес рет ел аралайтын «Егеменді Қазақстан» ұлттық газетін, аптасына үш рет оқырманға жол тартатын Түркістан облыстық «Оңтүстік Қазақстан» қоғамдық-саяси газетін, аптасына бір рет жарық көретін аудандық газеттерді бір шолып шықпайтын ұстаз өзін қалай «Зиялы педагогпын, Қазақ Елінің зиялы-авангарды мүшесімін!» – деп айта алады?

Бүгінде 73 жасқа қадам басқан мен де мектеп оқушысы болғанмын. Ол уақытта мұғалім түгілі мектеп оқушылары да бастауыш сыныптардан бастап газет-журналдар жаздыртып алып, оқитын. Мен бала кезімнен «Балдырған» журналына, «Қазақстан пионері» газетіне, ал жоғары сыныптарға барғанда қазіргі «Жас Алаш» газеттерін бір санын жібермей оқыдым. 7-сыныпта оқып жүргенімде «Оңтүстік Қазақстан» газетінде «Пионерлік серт!» деген өлеңім жарық көрді. Міне, бала кезден сол газеттің тұрақты оқырманымын.

Бәлкім қазір газет шығып, ол үйге жетемін дегенше соңғы жаңалықтарды әлеуметтік желілерден жылдам оқып аламын дейтін шығар көпшілік мұғалімдер. Дегенмен, бүгінде газетте жаңалықтардан гөрі сараптамалық, талдау мақалаларға, тәрбиелік маңызы орасан дүниелерге басымдық беріледі. Жарайды, газет-журнал емес, кітап оқу үрдісіне үңіліп көрейікші. Жуырда 100-ден аса мұғалім еңбек ететін мектептің төл кітапханасында төрт-ақ мұғалімнің тұрақты оқырман екенінің куәсі болып, таңқалдым. Міне, бүгінгі мектептердегі көрініс. Осы жағдайларды зерттей келе Түркістан облысының әкімі мен Білім министрінің атына ашық хат даярлауға мәжбүр болдым. Онда Білім министрінің өзінің жеке еңбек ақысына қанша газет-журнал жаздыртып, қанша көркем әдебиет оқитынын сұрадым. Осы сауалды енді Жетісай ауданының бас педагогы — аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысына да қойғанды жөн көрдім. Егер газет оқитын болса осы сауалыма жауап береді ғой деген сенімдемін.

Құдайға шүкір дейік, қазір мектеп мұғалімдері ең кемі 250-350 мың теңге жалақы алады. Ал жоғарысы миллион теңгеге дейін барады. Біреудің қалтасындағы ақшаны санау мәдениетке жатпайды, дегенмен, осынша жалақы ала отырып, басылымдарды жаздыртып алып оқымаса, онда мұғалімдер миллионер болса да газет оқымайды деуге болады. Өйткені, олардың басым бөлігінде газет-журнал, көркем әдебиет оқып, рухани білімін байыту ниеті байқалмайды. Ниет болмаған жерде амал да іске аспайды. Мен қазір 92 мың теңге көлемінде зейнетақы алсам да басылымға жазылудан шет қалмаймын. 

Иә, қоғам шындығы осы. Ұстаздарымыз ұлағатты болмайынша болашақтың баянды болмасы анық.

Боранбай Құдияр-тегі,

Қазақстан Журналистер және Әлем Халықтары

Жазушылар Одағының мүшесі, Жетісай ауданы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *