Әлеумет Басты жаңалықтар

Хиджама жасауға болады ма?


ҚР 2020 жылғы 7 шілдедегі «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің 132 бабына сәйкес Қазақстан Республикасында дәстүрлі медицина, емшілік қызметті жүзеге асыру үшін медициналық қызметке лицензияның болуы қажет.
Лицензиялауға жататын медициналық қызметтер «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көрсетілген. Бұл заңда медициналық қызметтің, қолдануға рұқсат етілген дәстүрлі медицина түрлерінің тізімі көрсетілген: гомеопатия, гирудотерапия, қолмен немесе мануалды емдеу, инемен емдеу, рефлексотерапия, су джок-терапия, фитотерапия және табиғи жолмен емдеу «кіші» түрлері.
Тізімде хиджама жасау жоқ. Сондықтан, қазіргі таңда хиджама жасау заңсыз әрекет болып табылады. Қызметтің бұл түрі лицензиялауға жатпайды, рұқсат беру қазақстандық заңнамаларда көзделмеген, санитариялық-эпидемиологиялық ережелер де қарастырылмаған.
Хиджама терінің тұтастығын бұзумен байланысты манипуляцияларға негізделген дәстүрлі емес, емдеу әдісіне жатады. Көптеген медицина мамандары хиджаманы денсаулыққа қауіпті болуы мүмкін инвазивті араласу деп санайды.
Хиджама әдісімен емдеу рұқсат етілген елдерде, әсіресе араб елдерінде арнайы білімі бар медициналық қызметкерлер айналысады. Ол қызметкерлердің (СПИД) ЖИТС, туберкулез және қан арқылы жұғатын, «В», «С» вирустық гепатиттері жоқ екенін растайтын медициналық сертификаттары болуы қажет.
Бұл процедура лицензияланған, медициналық қызметкерлері барлық процедуралық жұмыстарды жаза алатын, ақпараттық жүйелері бар клиникаларда жузеге асырылады және пациенттердің барлық медициналық деректері тіркеледі.
Біздің мемлекетте әдетте хиджама процедурасын арнайы білімі жоқ адамдар, халық емшілері, үй жағдайда жасайды. Бұл қанмен байланысты іс-әрекет болғандықтан, хиджама жасаған және жасатқан адамның денсаулығына өте қауіпті.
Хиджама жасату барысында асептика, антисептика ережелері сақталмайды, қолданылатын пластик немесе шыны банкілер стерилизациядан өткізілмейді, жәй ғана спиртпен сүртіледі. Спирт вирустар мен бактерияларды жоймайды.
Қолданылатын лезвиялар, банкілер бір реттік болуы қажет. Сонымен қатар, бөлінген қанды қалай залалсыздандырылатыны да белгісіз.
Инвазивті араласу кезінде санитариялық ережелерде қарастырылған белгілі ережелерді сақтау қажет. Хиджама жасау барысында орындалатын ережелер біздің мемлекеттің заңнамаларында қарастырылмаған.
Интернет желісінде қаламызда хиджама жасайтын тұлғалар көп, алайда бұл іс-шаралар заңсыз екенін білген жөн!

С. Махатова, Шымкент қаласы СЭБД бөлім басшысы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *