Басты жаңалықтар Құқық

Шардарада полицияға шағымдансаңыз

дәлелді өзіңіз іздейсіз…

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың 1 қыркүйегінде «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа жасаған Жолдауында құқық қорғау саласының жұмысына қатысты былай деген болатын: «…ойран салатындар жазаға тартылмаса, олар одан бетер басынып кетеді. Ал жапа шеккендер мүлдем қорғаусыз қалады. Мұндай әрекеттер үшін жазаны күшейтетін кез келді деп санаймын. Зардап шеккен жандар елдің сөзінен немесе біреудің қысым жасауынан қорықпауы қажет. Сондықтан, полиция қызметкерлері олармен өте мұқият жұмыс жүргізіп, тиісті шаралар қолдануы керек».

Жер-жерлерде Жолдауға қолдау білдіріп, онда айтылған міндеттерді мұқият орындауға барша сала мамандары білек сыбана кірісіп жатқанда Шардара ауданы полицейлері бұл тапсырмаға немқұрайлы қарап отырған секілді. Салдарынан кінәлілер кішіреюдің орнына шікірейетінді шығарды дейді шағымданушылар.

Ғ.Бектөреев

Газетіміздің өткен аптадағы санында жарияланған «Полиция ұрыны жасырып отыр ма?» атты мақалада Шардара ауданының тұрғындары Қанатәлі Бегалиев пен Ғайбола Бектөреевтің наразылықтары назарға ұсынылған. Еске салар болсақ, інісінің жол апатына түсіп, зардап шегуіне байланысты арызданып барған Ғ.Бектөреевке аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары: «Ол жерде қандай көліктер соқтығысқанын білмейміз, сен білсең сол көліктердің мемлекеттік нөмері қандай екенін тауып кел» деп, өз жұмысын шағымданушының иығына іліп, айды аспанға бір-ақ шығарыпты. «Сонда полицияның жұмысын біз атқарсақ, кінәліні өзіміз іздеп тапсақ тәртіп сақшылары не үшін керек?», — дейді шағым иесі. 

Хош, сонымен кінәліні өзі іздеуге, із кесуге кіріскен Ғайбола Бектөреев апта басында қайта хабарласып, соңғы жаңалығын төмендегіше жеткізді. «Шардаралық полицейлердің саусақ қимылдатқысы келмегенін сезгендіктен, құқық бұзушылар жайлы дерек іздеуге өзім кірістім. Ауыл тұрғындарымен хабарласып, 2-қаңтарда бір жігіттің учаскелік инспекторға көше бойындағы бағана құлап, электр сымдарының жол үстінде жатқанын хабарлағаны жайлы мәлімет естідім. Полиция қызметкері оған бұл жайында тиісті органдарға хабар беретініне, кешке қайта хабарласатынына сендірген. Сол күні кешке інім жол апатына ұшырады. Сұрастырып жүріп, бағанаға соқтығысқан көліктерді көрген куәгерлерді таптым. Тіпті суретке түсіріп алғандар да бар екен. «ВАЗ-2107» мен «Тойота» 55 көліктері соқтығысып, екеуі де жолдың шетіне шығып кеткен. Бағананы құлатқан, кейін сол бағана ізім-ғайым жоқ болып кетті.Жол апатына кінәліні полицейлер таба алмаған соң, дұрысы іздегісі келмеген соң із кесуге өзім түсіп, ақыры таптым. Қолыма түскен суретте көліктердің мемлекеттік номерлері көрініп тұр. Осы дәлелді полицейлердің қолына тапсырдым. Шайнап берген асты бала да жұтады ғой, ендеше керек дерек-дәйекті қолына ұстатқаннан кейін полиция қызметкерлері әрекетке көшіп, электр бағананың қайда жоғалғанын, жол апатына кім кінәлі екенін анықтайды деген үміттемін. Енді жалған сөйлеуге Шардараның полицейлері ұялатын шығар».

Иә, мемлекет басшысы құқық қорғау саласының жұмысын жандандыру, полицияның ашықтығы жайында жиі сөз етеді. Бірақ олар Президенттің айтқанындай, қалағанындай, тапсырғанындай қызмет етіп жүр ме? Бұл жағын бірден кесіп-пішіп, біржақты айта алмаймыз. Әзірге Шардарада полицияның жұмысын арызданып келуші қарапайым тұрғындардың өздері атқарып жүргенін байқауға болады. Бұл кінәлі мен күдіктілердің жазаланбауына себеп болып, оның соңы қоғамға қауіп төндіруге ұласуы әбден мүмкін. Бұған ауданның бас полицейі Шерәлі Әбдіраманов не дер екен? Бәлкім оның айтар уәжі мүлдем басқа болар? Ендеше, мархабат, айтарыңызды тыңдауға әзірміз.

Ұлықбек ҮМБЕТ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *