Бүгінде әлеуметтік желінің қуаты артқаны сондай, түн ортасында қарапайым адамдарды ғана емес, министрлер мен басқарма басшыларын да түн ұйқыларынан оятатын болыпты. Сарыағаштағы Майлықожа атындағы мектепте орын алған оқиғаға қатысты Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Түркістан облыстық білім басқармасының басшысы Ғалымжан Жұмашевке «Не болып жатыр?» деп сұрап, әлеуметтік желінің сілтемесін жіберсе керек. Ол кісі өз кезегінде түннің бір уағында аудандық білім бөлімінің басшысы Дәулет Ахатовты ұйқыдан оятқанын айтты. Әлеуметтік желіде жарияланған бұл оқиғаға қатысты біздің редакцияға да хабарласқандар болды. Сенбілік деп оқушының екінші қабаттағы терезені сүртуі, еден мен партаны бояу жұмыстары біреулерге ұнамағаны анық. Басты дау – осы сенбіліктен шыққан болып тұр ғой.
Бізге жеткен мәлімет бойынша, дүйсенбі күні таңертең мектепке келген оқушылар арасында бояудың иісіне елтігендер анықталып, жедел жәрдем шақыртылады, артынша барлық оқушы үш күнге қашықтан оқытуға үйлеріне қайтарылады. Аудан прокурорының білім саласындағы кураторы мен білім бөлімінің басшысы тез арада мектепке келіп, мәселенің мән-жайын анықтау үшін акт залға ұстаздар мен ата-аналардың қатысуында жиналыс өткізеді. Оған аздап кешігіп болса да біз де қатысып, ел-жұрттың ұсыныс-пікірін тыңдап, оқиға барысын анықтау мақсатында бірнеше адаммен тілдестік. Кімнің не уәж айтқанына сәл кейінірек тоқталармыз, қазіргі айтпағымыз басқа. Жиынға қатысу барысында байқағанымыз, мектепке жаңа басшының келуі ұжымның ғана емес, бір топ ауыл тұрғындарының да алаңдаушылығын тудырыпты. «Неге өз баламыз болмайды?» деген талапқа қарағанда олар өз адамдарының тағайындалғанын қалайтын секілді. Тіпті аудандық білім бөлімінің басшысы Дәулет Ақатовқа да жазған талап арызында «…ұжым толығымен Сопибекова Оразгүл Аблумаликованың директор болуына мүлдем қарсы, басшыны өз ұжымымыздан тағайындауды талап етеміз. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Муратов Азим Тургунович мырзаны тағайындауыңызды ұсынамыз», – деп көрсетіпті.
Әрине, әркімнің талап қоюға құқы бар, бірақ, әр нәрсе заң шеңберінде болуы тиіс. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, директорды бөлім басшысы тағайындай алмайды. Ол үшін конкурс жарияланады, ал оған біліктілігі талапқа сай келетін, республиканың қай өңірінен болсын кез-келген азамат қатыса алады және ол жайында алдын ала ешкім білмейді. Әлгі жиында облыстық білім басқармасының басшысы Ғалымжан Жұмашев та осыны баса айтты. Ұжым ұсынып отырған Азим Муратов болса конкурсқа қатыспаған екен. Дәлірегі, құжат тапсырып үлгере алмай қалғанға ұқсайды. Бұған, енді, ешкімді кінәлауға болмайды. Ал қазіргі директор О.Сопибекованың кандидатурасын басқармадағы бірнеше адамнан құралған арнайы комиссия лайықты деп тапқан. «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекші, өз адамдарының директорлыққа өтпей қалғанына наразы болған топ енді шағымдануды (бәлкім шабуыл) бастайды. Әйтпесе тізгінді қолға алған төрт-ақ күннің ішінде кімге жақпай қалуы мүмкін?
Құрғақ шөпке тиген жалындай тез өршіген дауға қатысты әркім әртүрлі пікірде. «Осы дауды жалпақ жұртқа мұншалықты жария қылмай, бірінші кезекте өз ішімізде, яғни кәсіподақ қарауы керек еді, — дейді директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Зәкира Омарова. — Директор бізге дөрекі сөйледі дейді, соны неге кәсіподақ арқылы шешуге болмасқа? Екінші реніштері – «тазалықты қатты талап етті» болып тұр. Директор айтпаса да тазалықты әркім өзінен бастауы керек қой. Тазалық бар жерде саулық бар, тазалық жоқ жерде саулық қайдан болсын? Қабырғалардағы шеге салған шұрық тесік те жамалды.
Өзім куә болған әңгімелерден түсінгенім, ұжымға қолайлы адамның директор бола алмай қалуы дауға негізгі себеп болған секілді. Бір жылда төрт директор ауысып, тәртіпті босаңсытып алғандаймыз. Жаңа басшы нақты талаптар қоя бастаған еді көпшілігіне ұнай қоймады. Бәлкім, ұжымның көңіліне қарап, үндемей жүре бергенде мұндай дау туындамас та ма еді? Бірақ, ондай кезде сапа жоғалатыны анық. Директор парталарды көрсетіп, мынау не деп сын айтқаны рас, бірақ сырлау керек деген тапсырма болған жоқ. Енді «директордың тапсырмасы» болып отыр. Шыны керек, кейбір мұғалімдер күнделікті өтер сабағының тақырыбын жазбай-ақ баға қоя берген. Соны да ескерту ретінде айтты. Екі топқа бөліп оқытылуы тиіс сыныптар бірге оқытылады. Бұл да дұрыс емес. Сынып жетіспеген жағдайда ол мәселені аудандық білім бөліміне жеткізу қажет. Жаңа басшы осы секілді кемшіліктерді көріп, түзету жөнінде талаптар қоя бастады. Мәселен, жұмысқа кіріскен төрт күннің ішінде кемшіліктерге қатысты ауданға 22 сұраныс берді. Директор тарапынан мұндай белсенділік бұған дейін болмаған. Бұл кісі жақсы бастамамен келіп еді, соны бағалай алмай отырмыз».
Жергілікті тұрғын, қоғам қайраткері Ергеш Исахов та ауылдастарының әрекетін сынға алды. «Айналайын ауылдастар, айта берсек әңгіме көп. Неге өзіміздің адам болмайды дейсіздер, осы кезге дейін кілең өз адамдарымыз мектеп басқарды емес пе? Қане не өзгерді? Қандай нәтижелі жұмыстар атқарды? Енді жұмыс істеймін деген адамды «бөтен» деп отырсыздар. Өзімізде де айып бар. Анау менің қарындасым, мынау менің туысқаным, ауылдасым деп сапалы жұмысты талап ете алмай жүрдік. Бізге өз адамымыздың жұмыс істегені керек пе, әлде тәртіп орнатып, балаларымызға сапалы білім беруді жолға қоятын басшы керек па? Сырттан келсе де сапаға жұмыс істейтін, тәртіп орната алатын басшыға қолдау білдіруіміз керек. Бос айқау-шумен мәселе шешілмейді. Директор заңсыз әрекетке барды ма, оны тексеретін орган бар. Әр заңсыздықтың өз жауапкершілігі бар. Балаларымызға сапалы білім береміз десек, айқайды көбейтпей, комиссия түзейік, анық-қанығын солар анықтар. Әркім өз жұмысын істесін, мұғалім балаларға ие болсын, саналы шәкірт тәрбиелесін. Ауыл арасындағы мәселені алаулатып-жалаулатпай алдымен ауыл арасында шешіп алған жөн. Ауылдың ақсақалдары, биі, әкімі бар емес пе?» – деп қариялық сөзін айтқан ақсақалды қолдағандар аз болмады.
Ауылдың бетке ұстар ақсақалы Қалқожа Мұзапаровтың да айтары бар екен: «Ауылдың жағдайын жақсы білемін. Өткенде осы мәселе бойынша ауыл ақсақалдары жиналып, білім бөліміне бардық. Халықтың мәселесі көтерілген, 100-150 адам қол қойған арыз тапсырдық. Онда Әзім деген баланы директор қою туралы талап жазылған еді. Кеш хабар берілген бе, әйтеуір Әзім конкурсқа түсе алмай қалыпты. Ал жаңа директор құжаттарын қанттай етіп тапсырып, конкурстан өтіп келген. Білім бөлімінің басшысына осынша адамның мұң-мұқтажы, ұсынысы алдыңыздағы қағазда жазылған дедім. Ол мәселені шешемін деген болатын. Сөйтіп жүргенде жаңа директор келді. Жаңа мектепке келсем оқушылар көшеде жүр. Не болғанын сұрағанымда сыныптарды сырлаған красканың иісі әлі кетпегінін айтты. Балалар уланып, содан сабақ тоқтаған. Біз басшыларға осыған кінәлі адамды тауып, жауапқа тарт деп талап қойып отырмыз».
Кездесуде көп әңгіме айтылды. Мектепте тәртіп пен тазалық мәселесі расында қожырап, бақылаусыз қалғаны байқалды. Балалар арасында шетел асып кеткендер де бар екен. Тіпті, айлап сабаққа келмейтін оқушылардың бары таңқалдырды. Жаңа басшының бар айыбы – шеттен келгендігі болып отырған сияқты. «Тазалықты талап еткен басшыға кінә артқанды алғаш көруім. Менің балам қыркүйектен бастап әлі сабаққа бармады, бір мұғалімнің іздеп келгенін көрмедім. Жаңа дирекордың келуімен баламды іздеушілер пайда болды. Оның кінәсі балаларды сабаққа шақырып, оқысын дегені ма?» – деген Рахима Боранбаеваның сөзінен кейін мектепте күрмеуі көп мәселелердің бар екені белгілі болды.
З.Омарова айтқандай, директордың мәселесі бірінші кезекте кәсіподақта қаралғаны дұрыс. Содан соң жиналыс десе де оңайлықпен жинала қоймайтын кейбір ата-аналардың таңертеңнен кешке дейін мектеп ауласында жүруі көңілге кірбің ұялатады. «Өзіміз, өзіміз» деп қайталай бергендеріне қарап, трайбализмнің белгілері жоқ па деген де күдік келеді екен. Әйтпесе конкурсқа түспеген адамды тағайындау туралы талап қою қаншалықты ақылға қонымды, заңға сай келеді?
Кешке жақын мектепке облыстық білім басқармасының басшысы Ғалымжан Жұмашев те келді. Ұстаздар мен ата-аналардың пікірін тыңдаған облыстың бас ұстазы бұл мәселеге қатысты прокуратура тарапынан тексеру басталғанын, өздерінің де қарап отырмай, зерделеу жұмыстарын жүргізетіндігін жеткізді.
Қысқасы, бұл мәселеге әзірге нүкте қойылған жоқ. Бірақ мәселе көпшілікке ой салғаны анық. Ұжымды рулас емес, іскер басшының басқарғаны жөн. Трайбализм қоғамды ірітетін, адамдардың арасына іріткі салатын дерт. Қазаққа ру бөліп алып билеу үшін емес, қан тазалығы үшін қажет.
Ұлықбек Үмбет.