Басты жаңалықтар Мәдениет және өнер

ОҢТҮСТІКПЕН МАҚТАНУДЫ, ШЫМҚАЛАНЫ ЖАҚСЫ КӨРУДІ ҮЙРЕТІП КЕТТІ

Ол халқымыздың жоғары моральдық деңгейін, имандылығын сақтау жолында қалам тербеп, қоғамда ата дәстүрден бұра тартқан қылықтарды әшкереледі. Жекелеген шымкеттікке тән кемшіліктерді де көре білді, сынап жазды, айтты да. Тұрмыста үйреншікті болып кеткен мінез-құлыққа, адамның ішкі мәдениетіне көңіл бөлетін. Мысалы, түрлі жиынға, іс-шараға, тіпті шақырылған жердің баршасына кешіккенді жаны сүймейтін. Сонда ол жерлестеріне мақтап отырып ескерту жасайтын, кейде ұрсып отырып, мақтайтын. Сол арқылы тәртіпті сақтауға да, әдептілікті үйренуге де үгіттеді. Ойлап қарасаң, ол өнеге көрсету арқылы ірілікке, әдептілікке шақырыпты.

Өткенде Шымкентте қоғамдық маңызы бар бір іс-шара өткізу керек болды. Жан-жақтан, Астанадан, Алматыдан зиялы қауым жиналатын жиынды сөзі түзу, сауаты биік кісі жүргізсе деген тілек болды. Ашығын айтқанда, “Махаңдай азамат табылар ма екен? — деп нақты сұрады. Ары-бері ойландық, сұрастырдық, табу мүмкін емес еді. Әрине, сөз тізгінін ұстау (модераторлық) иесіз қалмайтыны белгілі. Бірақ, М.Байғұттың жоқтығы қатты білінді.

Сол тұста біз оның адамшылығы мен мәдениеті, таланты мен өресі, тапқырлығы мен шешендігі осы өңірде белгілі бір өлшемге айналғанын анық сезіндік.

Оған да шүкір!

Шынында, Қазақстанның халық ақыны, марқұм Әселхан Қалыбекованың:

“Таң асырып күнде өзін баптанатын секілді,

Күлкісі мен ниетін ақтаратын секілді.

Мынау әлем, мынау күн Мархабатпен марқайып,

Мархабатсыз дүние бос калатын секілді” деп ағынан жарылғаны бекер емес екен.

Алпыс жасын тойлағанда Қадыр ақын “Екі грамм алтын алу үшін он тонна кеніш қазу керек болса, Махаңның қаншама қазба байлықтың көзін ашып, қаншама сөз маржанын қалың оқырманға тарту еткенін” әрнайы атап көрсеткен болатын.

Қазір әр салада несібесін бірде теріп, бірде теуіп жүргендер  жетерлік. Әсіресе, жазу-сызуға құштар, әуес емес, әуейі болғандар қаптап кетті. Өкінішке қарай, олар руханиятқа үлес қосудан гөрі жеке бас қамын күйттеуші қатарын көбейтіп жүргені жасырын емес. Онысын өздері жасырғанымен ел көріп-біліп отырады.

Талғам өзгерді ме, оқырман талабы еленбей қалды ма екен? Ол жағы беймәлім болған соң сын, сыншы дегеннің аты өшіп қалған тәрізді. Біздіңше, бұл — ғаламдық трансформация, ұлт трансформациясы кезінде, яғни қоғамдық формация өзгеретін тұста дүние жүзі бастан кешетін құбылысқа ұқсайды. Жауапкершілік жүгін жеке тұлғаға, әрбір адамға артады. Ол хат танумен, сауат ашумен, тіпті тіл меңгерумен де шектелмейді. Қалауынша тәрбие алуға, білім жинақтауға, несібе теруге толық құқық беріледі. Ал оны пайдалану өлшемі адамның даму деңгейін айқындайды.

Ойлау жүйесінің жаңа стандарты қалыптасады. Сананы жаңғырту үрдісі осылай басталады. Сол кезде ұлттық әдебиет қорына қайта-қайта үңілетін заман туады деп ойлаймыз. Ментальдық ерекшелікті, моральдық ұстанымды арқау еткен сапалы туындылар баға жетпес құндылыққа айналады.

Қазақ әдебиетінде М. Байғұттың шығармашылығы, жазушылығы ерекше орын алады. Әсіресе, әңгіме жанрына қатысты елеулі ғылыми зерттеулер мен терең талдауларды ерекше атауға болар еді. Кейде оны әлемге әйгілі қаламгерлермен салыстырып, теңеп жатады. Әрине, оның жөні басқа. Қазір оқимын деген кісіге мүмкіндік мол, қалаған шығарманы — түрлі эссені, әңгімені, повесті, романды түпнұсқада немесе аудармада  оқуға болады.

Біздіңше, Мархабат Байғұт ешкімді қайталамайды, өзіне ғана ұқсайды, оның жазу стилі мен сөйлеуі, өзін ұстау мәнері өзіне ғана жарасады. Сондықтан мұндай дара тұлғаларды өзге оразды елдерде дара құбылыс,  өз қолтаңбасы бар көркемсөз шебері деп бағалайды, қабылдайды. Кезінде елді елең еткізген, қазір де оқырманды бей-жай қалдырмайтын бірқатар әңгімелері мен повестері қазіргі озық өнер — қазақ киносына олжа сала алар еді. Ал, классикалық үлгіде жазылған “Тылсым Тәкен” эссесі өзінше бір толғаулы тақырып.  Жазушының жиған-тергені —   дүние есігін ашқаннан бастап соңғы демі біткенге дейінгі оның сезімі, әсері, сыры. Әсіресе, бала кездегі, жастық шақтағы өмірбаян бояусыз, қоспасыз санада жатталып қалады. Махаң жазған дүниелер — соның бір дәлелі сияқты.

Мархабат Байғұт қаламгерлігіне қоса қоғамдық жұмыста, мемлекеттік қызметте нардың жүгін арқалағанын айтуға тиіспіз.

Тәуелсіздіктің алғашқы он жылдығына орай еліміз бойынша Оңтүстік Қазақстан облысында ғана ономастика ісі түгелге дерлік қайта қаралды. Өте шетін мәселені оңтайлы шешуге Мархабат Байғұт белсене атсалысты. Мұны тарих баға беретін іс-әрекет деп санаймыз. 

Ол оңтүстік өңірде әдеби қауымдастықтың алтын көпірі бола білді. Омарбай Малқаров, Нәмет Сүлейменов, Нәсіреддин Серәлиев, Қарауылбек Қазиев, Еркінбек Тұрысов сияқты аға буынның алдын кесіп өтпей, замандастары ~ Нармахан Бегалиев, Ханбибі Есенқарақызы, Есқара Тоқтасын, Әбілда Аймақ, Мұхтар Шерім тағы басқа ақын-жазушылардың мұңын жеткізіп, жоғын жоқтады, жанкүйерлік қамқорлық жасады. Шетелден, орталықтан Шымшаһарға ат басын бұратын шығармашыл тұлғалардың ұлтына, тіліне, дініне қарамай  Махаң өзіне тән меймандостығын танытып, елдің намысы үшін құрақ ұшып, көңіл бөлетін. Бірақ, онысын біреуге айтып немесе жазып ешқашан мақтанбайтын.

Бар ғұмырын адам бойындағы асыл қасиетті әспеттеуге, ең қымбат дүние — елдің еркіндігі мен тәуелсіздігін жырлауға, яғни руханиятқа арнаған жаны нәзік жазушыға 1986-ның Желтоқсан оқиғасы қалай ауыр тисе, 2022 жылғы Қанды қаңтар да оңай тимеген еді. Ел ертеңін ойлап, қатты күйзелгенін де сездік. Мұндай қасиет кез келген жазушыда бола бермейтіні анық.

Ел құрметіне бөленген Мархабат Байғұт оңтүстікпен мақтануды, Шымқаланы шынайы жақсы көруді үйретіп қана емес, аманаттап кетті.

Өмір үзіледі, сөз де үзіледі, тек қарыз бен парыз үзілмейді.

Осының бәрін ескеріп, Махаң қайтыс болған күні мұнақыпта:

“Түркістан облысы мен Шымкент шаһары руханиятында оның һсіңірген еңбегі айтарлықтай, қоғам қайраткерінің алатын орны да ерекше еді. Сондықтан осы өңірлерде жазушылар мен журналистердің тұтас бір дәуірінің дәстүрін, қадір-қасиетін сақтап, дамытуға атсалысқан Мархабат БАЙҒҰТ атындағы Әдебиет үйін (музейін) ашса, марқұмның артында қалдырған әдеби мұрасына құрмет қана емес, жастарды тәрбиелеу ісінде өте маңызды әрі тиімді мәдениет ошағы болатыны сөзсіз” деп жазған едік. Бәрімізге сол күнді тезірек көруге жазсын!

Дархан МЫҢБАЙ, қоғам қайраткері.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *