Алла берген жер асты байлықтары ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп жатыр. Ең сорақысы, мемлекеттің қауіпсіздігі үшін маңызды саналатын нысандар да шетелдіктердің қолына өтуде. Ірі зауыттарды былай қойғанда темір жол вокзалдары, әуежайлар, порттар өзгенің еншісінде кеткен. Петропавлдағы темір жол вокзалы ресейліктерге тиесілі, Алматыдағы әуежай түріктерге сатылды деген ақпарат шарлап жүр. Мұндай мысалдар аз емес.
Сәуір айы басталғалы еліміздің Орталық, Батыс, Солтүстік, Шығыс облыстарының ауыл-қалалары су астында қалды. Мыңдаған адам баспанасыз күйге түсті. Мал-мүлік шығыны да көп. «Бөрі өз жарасын өзі жалап жазады» демекші, халықтың басына түскен қайғы-қасіретті халықтың өзі жеңілдетуге барын салуда. Ірі компаниялар миллиардтап қаржы аударса, бір Димаш Құдайбергеннің өзі құлсарылықтарға миллион доллар көмек берді. Қарапайым жолаушы тасымалдайтын таксилер, «Газель» мен «Альфард» жүргізушілері тасқыннан зардап шеккендерді тегін тасымалдап, азаматтық танытуда. Жүк көлігі барлар да техникаларын апат аймақтарына жөнелтуде. Мұндай ауыр күнді көп болып еңсеріп жатыр.
Бірақ осындай қиын кезеңде халықтың арқасында байлығы артқан «Қазақстан темір жолы», түрлі әуе компаниялары апат аймағындағы тұрғындарға қандай көмек қолын ұсынды? Тым болмаса жан-жақтан көмекке ұмтылған еріктілерді тегін тасымалдады ма? Бұл туралы мәлімет жоқ. Сонда бұлар кімге қызмет етеді?
Ел басына мұнан да ауыр күндер келуі мүмкін, сол кезде олар не істемек? Әлде ахуалдың ауырлығын пайдаланып, билет құнын арттырып, миығынын күліп жүре бермек пе? Бұл жағдай бізге сабақ болуы тиіс. Сол себепті порттар, әужайлар мен вокзаладар, жалпы жердегі, әуедегі, судағы байланыстың бәрі мемлекет меншігіне қайтарылуы тиіс.
Менің ұсынысымды ел болашағын ойлағандардың барлығы қолдайды деген үміттемін және бұл мәселе Парламент қабырғасында көтерілуі керек.
Жексен Балғабай,
Шымкент қаласы.