Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес елімізде сәуірдің 8-інен бастап мамырдың 11-іне дейін «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы өтеді. Бұл жолы жалан ұранға жол жоқ. Әрбір тұрғын өз ауласы мен айнала төңірегіне жанашырлықпен қарап, көркейтуге, көріктендіруге үлес қосуы қажет.
Осыны тұрғындарға насихаттау мақсатында кешегі аптада Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков өзі бастап қала әкімдігіне қарасты басқарма, ұйым қызметкерлерімен бірге республикалық акцияның «Таза өлке» бағыты бойынша қала көшелерін тазартуға шықты. Шым шаһардағы аудан тұрғындарын, қоғамдық мекеме, кәсіпкерлік нысан қызметкерлерін, ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметкерлерін өз аула аумақтарын тазартуға шақырған акция барысында біршама шаруа атқарылып, олқылықтар реттелді.
Қала әкімі әл-Фараби ауданы аумағындағы аулалардың тазалық шараларына қатысты. Республикалық акцияға атсалысқан белсенді жастар мен еріктілер, жергілікті азаматтар «Ордабасы» алаңы мен «Тәуелсіздік» саябағының аумағын, «Қошқар ата» өзенінің жағалауын, алаңдағы жол үсті көпірін, «Жер Ана» монументі маңын тазартты. Сондай-ақ, жасыл желекті күтіп-баптау, аялдамаларды жуу, шөп ору, абаттандыру шаралары әлі де жалғасатыны хабарланды.
Қыстан қысылып шыққан ел көктем келісімен үй ішін, ауласын тазалап, кір-қонын жуатыны бесенеден белгілі. Ортақ үйіміз – Шымкенттің де кір-қоны жуылып, аула, көшелері сәнденгені жарасымды. Өз үйінің ауласын қалай ұстаса әрбір шымкенттік қала көшелерінің де сондай таза болуына мүдделі болғаны жөн. Қала басшысы осыны тұрғындарға жіті түсіндіру, насихаттау керектігін сала мамандарына ерекше тапсырды.
Айта кету керек, Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бес аптаға созылады. Әр аптаның өзіндік тақырыбы мен нақты мақсаты бар.
«Таза өлке» – бірінші аптасында елді мекендердің тұрғындары, қоғам қайраткерлері, ұйымдардың қызметкерлері өз аумағындағы аулаларды тазалады. Екінші апта – «Киелі мекенде» тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағын абаттандыруға күш салынады. Үшінші аптаның аты – «Жасыл аймақ». Бұл жолы көшет отырғызу, ағаштарды әктеу жұмыстары жүргізіледі. Ал «Өнегелі ұрпақ» деп аталатын төртінші аптадажалғызілікті, қол күшін қажет ететін ардагерлердің аулалары мен қарттар үйінің аумағын тазалау, абаттандыру көзделуде. Республикалық акцияның бесінші күні – «Мөлдір бұлақ». Бұл аптада еріктілер мен туған өлкенің нағыз патриоттары ретінде кәсіпорын, ұйым, мемлекеттік орган, басқарма мамандары өзендер мен көлдерді қоқыстан тазартуы керек.
Қала әкімі Ғабит Әбдімәжитұлы Шымкентке деген жанашырлықты, ауызбіршілік пен ынтымақты көрсететін тазалық шараларының маңыздылығына тоқталып, барша тұрғындарды жоғарыда атап өткен бес апта бойына белсенді болуға, тазалық жұмыстарына ерікті түрде қатысуға шақырды. «Өткен «Таза өлке» апталығында 4 жарым мыңнан астам шымкенттік өз үлесін қосып, қала бойынша тазалық жұмыстарына 56 арнайы техника жұмылдырылды. 10,6 шақырым аяқ жол тазаланып, 5500 дана ағаш әктеліп, қырқу жұмыстары жүргізілді. 85 текше метр қоқыс шығарылып, 4365 метр ирригациялық жүйелер, 18 658 шаршы метрді құрайтын көше бойы тазаланды» дейді сала мамандары. Бұл жұмыстарда әсіресе, Шымкент қаласындағы 5 аудан әкімдіктерінің коммуналдық қызметкерлерінің еңбегі елеулі. Онсыз да күн сайын көшелерді тазартып, абаттандыру жұмысын жүргізетін бұл азаматтар акция аясында өздеріне көмекке келген қаланың қарапайым тұрғындарына ризашылықтарын білдіріп жатты.
Жоспарланған жұмыс шеңберінде қаладағы аялдамалар мен аяқжолдар жуылып, жол жиектері қоқыстан толық тазартылды. Жерасты және жерүсті өткелдері мен халық көп қатынайтын көшелер де сумен жуылып, тазаланды. Тазалық жұмыстарын оңтайландыру мақсатында қала аумағы секторларға бөлініп, жұмыс жүйе бойынша жүргізілуде. Бұл шараға әр ауданнан 150-ден аса қызметкер мен 15-ке жуық техника жұмылдырылған.