немесе шындық деп шырылдаған ұстаздың үнін еститін адам бар ма?
Соңғы кездері Түркістан облысының білім саласында былықтар тым көбейіп кетті. Мектеп директорлары парамен ұсталғаны былай тұрсын, білім бөлімінің басшылары да құрыққа іліне бастады. Ұстаздың басшымен соттасуына ел үйренді, мұғалім мен мұғалім мектепте жаға жыртысып, сабақ өтудің орнынан бірін-бірі сотқа сүйрелеп жүр. Содан балалар білімсіз, қатыгез болды дейміз. Көргені мынадай болып жатса, біз оқушылардан қандай саналы азамат болуын күтеміз? Мұндай кезде білім сапасы қандай болмақ?
Бірақ бұған бей-жай қарамай, білім саласына шын жанашырлық танытып жүргендер де бар. Өкінішке қарай, олар басшылыққа шындықты айтамын деп қудалауға түскендер қатарын толықтыруда. Олардың ашынғаннан ащы дауыстары шыққанымен оны өздерінен басқа ешкім естімейді. Сондай жандардың бірі Қарлығаш бізге хабарласты. Бірақ мектебін, өзінің тегін көрсетпеуімізді сұрады. «Мен жазғаннан ұжымдағылар өздерін таниды, мен ешкімнің жұмыстан шыққанын, табыс көзінен айрылғанын қаламаймын. Тек сәл де болса ойланса екен, ұят, ар намыс дегенді сезінсе екен деймін. Өз басым сабағымды өтіп, тыныш-ақ жүрмін. Алайда, соңғы кезде екіге бөлінген «майданда» өз таңдауымды жэасамағанынм үшін маған да шүйліге бастауда. «Бізді қолда не ана жақтың адамы деп санаймыз сені» дегенді ашық айтады» деген Қарлығаштың хатын газет бетінде жариялағанды дұрыс көрдік. Біздік өзін танығандар, ұялар, тәубеге келер деген ой ғана.
«Көптен бері бұны жазуға жүрексініп жүрдім… Шынымен де мұншалықты әділдіктің жоғына сенбеген едім. Күннен-күнге мектебімізде болып жатқан жағдайларды көзім көріп, құлағым естігендіктен әділдіктің жоғына жүз пайыз көзім жетті. Мектеп – білім ордасы дейміз, бірақ қателеседі екенбіз, мектеп – нағыз жемқорлықтың ортасына айналып бара жатыр. Осыдан төрт жыл бұрын мектебімізде ұзақ уақыт директор болған абыройлы да ардақты басшы ағайымызды құрметпен зейнетке шығарып салдық. Басшымыз өте керемет болды, ол кісінің тарапына бір де бір жаман сөз айтуға аузым бармайды, адалдығына өмір бойына басымды иіп өткім келеді. Сол кісі кеткен соң, мектебімізге жас жігіт директор боп тағайындалды. Келген басшы жастығы ма білмеймін, аса бір мектепке жанашырлық таныта алған жоқ. Сондықтан болар басшы ұзақ отырмады, парамен ұсталып істі болды. Содан мектебіміздің берекесі кете бастады. Директордың уақытша міндетін атқарушы болып оқу ісі жөніндегі орынбасары бір жылдай отырды. Осы аралықта директор болған апайымыз биліктің дәмін сезді білем, өзінің диктатурасын орната бастады. Біраз мұғалімді жұмысқа қабылдады, қарсы шыққандарды бүкіл командасымен қудалауға көшті. Командасы деп отырғаным, қасындағы бір-екі орынбасаы. Мектепті жеке меншігіндей ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстады. Бізде ұжым өте тәртіпті, өз ісіне адал ұстаздардан құралған. Бұлардың іс-әрекетін қоштай қоймаса да, дауыс шығарып, қарсы келе қоймады. Бірен-саран қарсы келген ұстаздарды өздерінің «қара тізіміне» қойып, барынша қыспаққа алды. Бұл апай директордың міндетін атқарған кезде аудан тарапынан бір-екі ескерту алып, қызметтен кетуге мәжбүр болды. Енді екінші орынбасар ханым директордың міндетін атқарушы лауазымына отырды. Бұл ханымның істеген істерін сөзбен айтып жеткізе алмайтын шығармын. Кез-келген сәтте бетіңе күліп тұрып, артыңнан пышақ ұрып, мектеп ұжымын шаршатты. Осы басшының кезінде мектепте «мертвые души» пайда болды. Басқа мұғалімдерге сағат жазып, өзі қолма-қол сол ақшаны иемденіп отырды. Өзіне тиесілі сағатты де мүлдем өтпейтін, себебі бұл кісінің пәні екі топқа бөлініп оқытыландықтан, екінші мұғалім толығымен қосып өтіп жүрді. Өзіне тиесілі сағатты өтпей жүріп, басқа сыныптан да сағатты өзіне жаздырғанына таң қалдық. Бұны бетіне айтып, шындық іздеген мұғалімдерге «осы мектепте көп жыл жұмыс істегенмін, хақым бар шығар» деп айқай шығарды.
Осы аралықта парамен ұсталған басшымыз, айыппұл төлеп, шартты мерзімін алып, мұғалім боп мектепке қайта келді. Бұл жігітті сол кезде ұстатқан, яғни «подставить» еткен адам – өзіміздің мектептің «Х» деген азаматы деп сол кезде қатты өсек гуледі ауылда. Ұстатыпты деген азамат мектепте мұғалім. Мінеки, осы парамен ұсталып, қайта оралған бұрынғы басшымыз келген кезден бастап, мектеп таза кек алу ордасына айналды.
Ендігі қызыққа қараңыз, былтырғы жылдың қазан айынан бастап, мектебімізге конкурстан өтіп жаңа директор келді. Келген жаңа директор мектеп ісіне жақсы-ақ кірісті, мектептегі ай сайынғы ақша жинау мәселесін тоқтатты. Мектеп ішіндегі ескіріп, тозығы жеткен баннерлерді толығымен ауыстырды. Мұғалімдер бөлмесін жасап берді. Не керек біраз жаңарту жұмыстарын атқарды және алдыңғы басшы ханымның «мертвые душиін» әшкерелеп, құзырлы органдарға беріп, ақшаны бюджетке қайтартты. Жаңа басшы мектептегі тәртіпті қатал қадағалап, біршама мектеп ахуалы жақсы жолға түсіп келе жатыр еді. Өзінің білімді, білікті басшы екенін жақсы көрсетті. Алайда мектепте жасақталған «ескі топ» бұл кісінің жұмыс істеуіне мұрша берер емес. Тек аяғынан шалып, үстінен арыз жазып, мектеп ұжымын тіптен шаршатты. Мұғалімдер осындай тексерулерден шаршады.
Менің ешқайда арыз жазып, шағымданғым келмейді. Ешкімді жалақыдан айырып, жұмыстан шығартқым жоқ. Тек сол адамдардың ар-ұятын оятқым келеді. Алла дейміз, құдай көріп тұр дейміз, бірақ сәл де болса, істеген істеріңізге қараңыздаршы, өздеріңіздің өр-көкіректіктеріңізді сыпырып тастап, шындыққа көздеріңізді ашып, «мен, мен» дей бермей, көпшіліктің де үніне құлақ асыңыздаршы.
Келген жаңа басшыға неге мүмкіндік бермей, жұмыс істетпей жатсыздар? Мектеп тек сол бір кішігірім топтың жеке меншігі ме? Жаңа басшымен жұмыс істейміз деп, жаңашыл іс-шараларын көріп, көңілі толған ұстаздардың қалауы қайда қалады? Ұжымның бар кінәсі сол ескі басшылардың бұрынғы іс-әрекетерін кешіріп, бірнеше жыл бірге жұмыс істегенбіз ғой деп, бұлардың да бала-шағасы бар, сатпайық, кешірейік дегені ме? Ата-бабамыз айтқан «абыройдан айырмасын» деген аталы сөзі қайда қалды? Ешқандай ақшаға сатып алуға келмейтін АБЫРОЙ деген дүниеден айырылмайық…
Мектебімнің атын да, затын да айтқым келмейді, Менің мақсатым, кейбір әріптестеріме кішкентай болса да ой салу».
Ия өкінішке қарай мұндай жағдай көптеген мектептерде бар шындық. Біреулер өздерінің мұндай әрекетін рушылыдықпен жапқысы келеді, екіншілері басқа әдісті қолданады. Сайып келгенде бәрінің ойлайтыны рудың да, жүздің емес, қарабастың қамы. Тек соған біреулердің жалған сезімге беріліп жүргені қынжылтады.
Ә.НАУАЙЫ.