Басты жаңалықтар Мәселе

Шаруа қашанғы шөлдейді?

                       

                Құрғақшылық салдарынан қаншама егіс қурап қалды

Биылғы көктем жаңбырсыз болды, жаз аптап ыстық. Қыста қар да жұқа жауды. Салдарынан су көздері тартылып, өзен суының деңгейі төмендеп, қуаңшылық байқалуда. Сырдария суының да күрт азаюы Мақтаарал, Жетісай, Шардара, Отырар аудандары шаруаларының мазасын қашырды.

Су тапшылығын болдырмау үшін облыс басшылары диқандарға суды аз қажет ететін егіс түрін егіп, тамшылап, жаңбырлатып суғару технологиясын қолдануды насихаттауда. Бірақ, бұл дәл қазір шаруаларға қолай болмай тұр. Олар ұзақ жылдар бойы үйренген кәсіп түрін ауыстырғысы келмейді. Өйткені, қолда бар техниканың дені сол егіс түрлеріне лайықталған. Ал жаңбырлатып немесе тамшылатып суғару – артық шығынды талап ететін қымбат әдіс.

Осы мәселелерді айта келген отырарлық Жүсіп есімді азамат Алтынбеков каналының бойында орналасқан Шәуілдір, Отырар, Қарғалы, Қоғам ауылының диқандары судан тапшылық көріп отырғанына алаңдаушылық білдірді. «Тосыннан келген төтенше жағдай болса түсінер едік, алайда, бұл жылда қайталанатын белгілі жағдай ғой. Солай болса да жергілікті билік ешқандай әрекетке бармайды. Жар құлағы жастыққа тимеуі тиіс ауыл әкімінің жаз мезгілінде дәл осы ағын судан басқа маңызды шаруасы да жоқ қой. Басшылардың салғырттығы салдарынан диқандар жыл сайын егісін қуратып алады. Биыл да осы көрініс қайталануда», – деп ашынған тұрғынның сөзінен кейін «Қазсушар» ШЖҚ РМК Отырар аудандық бөлімшесінің басшысы Сәбит Үркімбаевқа мәселені төтесінен қойдық. «Су тапшылығын болдырмау үшін қолданыстағы екі насосқа қосымша ретінде 2 кубтық тағы бір насос қойып жатырмыз. Жұмысшылардың қауіпсіздігі үшін жұмыс барысында істеп тұрған екі насосты өшіруге тура келді. Осы сәтте диқандардың судан тапшылық көргені рас. Ордабасы ауданы Қараспан ауылындағы қоймадан бізге секундына 4,5 куб су жіберілуі керек болса, ол айтарлықтай азайған. Салдарынан бізге келуі тиіс 140 млн куб судың орнына бар болғаны 30 млн куб тіршілік нәрін алғанбыз. Үшінші насостың қосылуымен мәселе де шешімін табады», – деді С.Үркімбаев.

Әрине, мәселенің оң шешімін тапқаны жақсы. Алайда, суды көбейтеміз деп жүргенде шаруаның қуратып алған егісінің өтемін кім төлейді? Дәл осы шаруаны ерте көктемнен қолға алып, шіліңгір шілдеде шаруа егісі су ішіп жатуы керек емес пе? Шаруаны шырылдатып, егісті қуратып барып қимылдау кімге опа? Бұл жаныашымастық па, әлде салғырттық па? Бәлкім әкімдерге іскерлік жетіспей жатқан болар? Қалай болғанда да шаруаның сумен жеткілікті қамтылуына жауапты азаматтар маңызды мәселеге бейжай қарауға болмайды.

Бүгінде Отырар ауданында туындаған мәселеге қатысты ауыл тұрғындарының да айтары бар. «Жалпы, су бұдан 3-4 жыл бұрынғыдан көп азайып кетті, ал егін көлемі көбейді, – дейді бұрынғы әкім, бүгінде зейнеткер Есенбай Шынтыреков. – Біз етек жақта орналасқандықтан болар, мүлде су келмей қалды. Жоғарғы жақта қытайлар мақта егіп жатыр, «судың көбі соларға беріліп жатыр» деген ел аузындағы сөздің жаны бар. Менің 10 гектардан аса жоңышқалық жерім бар, наурызда бір рет жартылай ғана су ішті. Содан бері қаталап, өнім ала алмай отырмын. Енді малдың қыстық азығын қалай дайындайтынымызды білмеймін. Біздің округте 1,5 мың гектар егістік жер бар, судың жоқтығынан бәрі бос жатыр ғой. 200 гектардай жерге егін еккендер су тапшылығынан егісін қуратып отыр. Мұны жасырудың қажеті жоқ».

Тап осындай пікірді ауыл тұрғыны Темірхан Пасатов та қайталады. «Әкімдіктегілер суды аз қажет етеді, бір ақ рет су ішеді, бидай егіңдер деген соң соларды тыңдап, 7 адам 3 гектардан жерді жалға алып, бидай ектік. Жер иесінің өзі 10 гектарға екті. Жалпы біздің округтің өзінде 130 гектардай жерге бидай егілді. Содан каналға жақын 25 гектардай жердің иесі өнім алды, басқалары тақырға отырды. Жоңышқа да басында бір рет су ішті, қазір олар да не істерлерін білмей отыр. Жерді жалға алғаннан бастап, егіс егіп, оны баптаймыз деп қаншама қаражат жұмсадық, енді ол шығынды кім өтейді?».

Рас, биыл су тапшылығы қатты сезіліп отырғанын ешкім жоққа шығармайды. Бірақ, тұрғындардың айтқаны рас болса, жергілікті шаруаны шырылдатып, шет елден келгендерге жағдай жасау қаншалықты ақылға қонымды? Өнім алмаса қытайлықтар еліне қайтады, ал жерілікті халық қайда барады, босқынға айнала ма?

Р.S. Бет қатталып жатқанда Қарғалы ауылдық округі әкімінің жер маманы Бекжан Кенжегұлов хабарласты. «Алтынбеков каналынан 1124 гектарға су берілу керек еді, сол толық болмай тұр ғой. Салдарынан 260 гектар жүгерінің 1,5 гектары су іше алмай отыр. 72 гектар бидай қурап кетті. 680 гектар алқапқа егілген жоңышқа да бір ақ рет су ішті. Су негізінен жүгеріге берілуде. Бүгінге дейін 32 гектар бақша өнімдері жиналды, 80 гектардай басқа дақылдар бар. Бүгінде 1 ғана насос қосылған, судың аздығынан қалғандары бос тұр. Біздегі мәлімет осы», – деді жер маманы.

Шаруалардың мәселесін жеңілдету үшін су үнемдеу технологиясын жан-жақты насихаттап, осы мақсатта қыруар қаражат бөлінгенімен, нәтиже көңіл қуантарлықтай емес екен. Оған шаруалардың бүгінгі шырылы дәлел бола алады.  

Балқы БАЗАР.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *