Шымкенттің сауда нүктелерінде көктемгі ағаш көшеттерін сату науқаны аяқталып келеді. Диқандар қалған көшеттерді солтүстік өңірлерге жөнелтуде. Осы орайда бізге «Жабық базарда» көшет саудасымен айналысатын Ерлан есімді азаматпен (суретте) аз-кем әңгімелесудің сәті түсті. Жұртқа пайдасы тиіп қалар деген ниетпен назарларыңызға екеуара әңгімемізді ұсынып отырмыз.
Әңгімеміз тал басында тұрып пісетін өрік пен мейіз көшеттері туралы айтудан басталды. Дәл қазір олардың бағасы 2000 – 3000 теңге аралығында болып тұр. «Бұл кәдімгі абрикос өрік. Ерекшелігі – ерте пісетін өріктен кеш гүлдеп, кеш жеміс салады. Ерте көктемдегі суықтар гүлдеген өрікті үсітіп, өнім бермей қалу қаупін туғызады. Ал бұған ондай қауіп төнбейді. Себебі бұлар кеш гүлдеп, жемісті кеш салады. Суыққа төзімді. Жазғы өрік жемісі жұмсақ, жылтыр болса, мұның жемісінің сырты түкті болып келеді. Ақшыл-сары түстес болып піседі, бірақ төгіліп қалмайды, ағаш басында кеуіп, қашан «курагаға» айналғанша тұра береді.
Киш-миш жүзімдері де сондай. Жемісі ұзынша, қара түсті болады. Бұл да ағаш басында тұрып кеуіп, кәдімгі мейізге айналады. Шілдеден кейін пісе бастайды. Жемісін күзде теріп алады», — деді Ерекең біз бұл көшеттердің ерекшелігі туралы сұрағанымызда.
Бізді бұл көшет түрлерінің ерекше қызықтырған себебі бар. Өйткені қазіргі сауда нүктелерінен алып, жеп жүргеніміздің көбі көрші Орта Азия елдерінен жеткізілетін кепкен жемістер. Бағасы да қымбат. Естуімізше, оларды тез кебуі, құстар мен жәндіктер тиіспеуі үшін күкірт қышқылына ыстайды деседі. Яғни піскен, шала піскен жемістерді жиып, осындай тәсілмен кептіріп, «курага», мейіз жасайтын көрінеді. Ал оның ағзаға қандай да бір зияны тиюі әбден мүмкін ғой.
Сондай-ақ осындай кепкен жеміс өндіру үшін Ресейден миллиондаған теңгеге инфрақызыл сәулемен қыздырып кептіретін арнайы құрылғы сатып алып пайдаланып жүргендер де бар. Бұл, әрине, қымбатқа түседі. Шығынды өтеп алу үшін де біраз еңбектену қажет болады. Ал мынау дегеніңіз – экологиялық таза өнім, ағаш басында тұрып, табиғи жолмен піседі, табиғи жолмен кебеді. Яғни бойында жерден алған, күннен алған нәр толық дерлік сақталады. Көшетін 2000-3000 теңгеге сатып аласыз да, бақшаңызға апарып егіп тастайсыз. Алғашқы кездері жақсылап күтім жасайсыз, есесіне тамырлап, өркен жайып алған соң ол сізге жылдар бойы қажетті кепкен жемісін беріп тұрады. Бала-шағаңызбен рахатыңызға тұтынасыз, артылғанын сатып пұлдауға да болады. Керемет емес пе?!
Бүгінгі күндері сауда нүктелерінен жеміс ағашы көшеттерінің түр-түрін табуға болады. Топырақтың қызып жатқанын пайдаланып, көшеттерін қажетінше егіп алыңыз.
