Еліміздегі үшінші мегаполистің агросекторын дамытуда қолға алынып отырған іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру қарқын алған. Соның ішінде экологиялық таза ауылшаруашылық өнімдерін өндіруге көп көңіл бөлінген. Сапалы, әрі химиялық қоспасыз экоөнімге деген сұраныс ішкі және сыртқы нарықта арта түскен.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел тұрғындарына арнаған Жолдауында «Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі. Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет. Бұл – стратегиялық міндет. Қазір тек бидай мен мал сатып отыратын заман емес. Үкімет агроөнеркәсіп саласын субсидиялаудың ұзақ мерзімге арналған жаңа тәсілдерін әзірлеуге тиіс» делінген. Бұл орайда агроөнеркәсіптік сектордың мүмкіндігін бар қуатында пайдалану маңызды. Түрлі ауылшаруашылық өнімдері қойылған көрмелерден тәжірибе жинау да мол септігін тигізбек. Мұндай іс-шараларда ауылшаруашылық өнімін шикізат түрінде емес, өңдеу саласының жетістігі ретінде, мысалы ет өнімдері, жеміс-жидектерді қайта өңдеу ісінің өнімін паш еткізген тиімді. Соның бір дәлелі болса керек, 15-19 наурыз аралығында Катар мемлекеті Доха қаласында өткен халықаралық «Агротех Катар 2023» көрмесінде Шымкенттен шығатын өнімдерге деген шетелдік инвесторлардың қызығушылығы жоғары болды.
Көрмеге Шымкент қаласындағы 10 кәсіпорынның – «Дони ЛТД», «Оңтүстік Агро ЛТД», «Эм-Нур», «Алан и Компания», «Kemel Dan», «Барыс 2007», «Otan Agro» серіктестіктері мен «Beeprom» агроөнеркәсіп кешенінің өнімдері қойылды. Шымкенттік кәсіпорындар өз өнімдерін көрсетіп қана қоймай, шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасып қайтты. Халықаралық көрмеде Шымкенттен апарылған қатті ірімшік, сары май, ұн, қайта өңделген жемістер мен көкөністер, ұннан жасалған макарон, кеспе, жайма, құлпынай және тағы басқа өнімдеріне қызыққан инвесторлар аз болмады.
Айта кету керек, халықаралық шараға әлемнің 52 елінен делегациялар шақырылған. Шымкент тауарларына арнайы бөлінген павильонда ет, сүт, ұн өнімдерімен қатар, сусындар, консервілер, көкөністер мен жеміс-жидектер саудаланды.
– Шетелдіктер, әсіресе, бал, джем, сыр өнімдеріне қызығушылық танытып, жаппай сатып алды. Шымкенттік делегация шет мемлекеттермен әріптестік байланысты нығайтуға, қаланың экспорттық әлеуетін арттыруға, инвестиция тарту, бірлескен жобаларды жүзеге асыру мақсатында мегаполистің агро саласындағы мүмкіндіктерін таныстыруға басымдық берді, — дейді Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Әбунасыр Жанбатыров.
Бірлескен жобаларды жүзеге асыру мен Катар мемлекетінің экспорт-импорт тауарлары бойынша бірқатар мәселелерді талқыға салған екі жақты келісім барысында шымкенттік өнімдерді экспортқа шығару да сөз болды. Араб Әмірліктері елінде әсіресе Шымкенттен тасымалданатын адал ет өнімдеріне деген қызығушылық артып отыр. Мамандар бұл орайда мегаполистің шаруаларына мол мүмкіндік туып тұр дейді. Салаға қатысты өзге де мәселелер жан-жақты талқыланған халықаралық көрмеден шымкенттік мамандар көп жаңалық алып келгені анық.