Мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің туғанына – 95 жыл
Қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің атқарған қызметтері, еткен еңбектері турасында замандастарының, шәкірттерінің, мемлекет қайраткерлерінің, қызметтестерінің жазған естеліктерінен оның қазақ өнерінің нағыз жанашыры, халқымыздың ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрінің жаңғыртушысы болғандығын біле аламыз. Сол естеліктерде айтылған мына теңеулер «Киелі адам» (Ш.Мұртаза), «Ұлттың ұстазы» (М.Әлиев), «Рух сардары» (Ә.Кекілбаев), «Тазалықтың, имандылықтың символы» (М.Жолдасбеков), «Тұғыры биік азамат» (Ә.Қайдар), «Әулие қазақтың бірі» (М.Қозыбаев), «Халық мүддесінің жоқшысы» (С.Қирабайұлы), «Қатал бапкер, сындарлы қайраткер» (Ә.Кекілбайұлы), «Дара тұлға» (Қ.Тұрысов), «Халқының асыл перзенті» (К.Смайылов) шын мәнісінде руханият жаршысының бітім-болмысын көрсетеді. Мектептің қабырға газетіне сурет салу мен сыныптастарын «Отырартөбеге» алып барудан басталған қазақ тарихына, мәдениетіне, өнеріне деген қызығушылығы қоғам қайраткерінің өмірдегі басты мұратына айналғандығы даусыз.
«Өз-ағаңның» (Ә.Кекілбайұлы) қазақ руханияты мен мәдениетіне қосқан үлесі ұшан-теңіз. Қазақ мәдениетін сақтау мен дамытудағы ерен еңбегі Торғай өңірінде басталған. Қазақта домбырадан басқа аспап болмаған деген ұғымды теріске шығару үшін адырна, шертер, сазген, қобыз, дабыл, жетіген, сырнай, керней, сыбызғы, дудыға, тоқылдақ секілді ұлттық аспаптарды жинатып, музей ашты. Осының нәтижесінде «Адырна», «Шертер», «Сазген» фольклорлық ансамбльдерін ұйымдастырып, ансамбльдердің репертуарына халық әндерін ендіреді. «Тағдыр тағылымы» кітабында: «Шертер» – қазақтың көне әуез аспаптарынан құралған, кейіннен ұйымдастырылған «Ғасырлар пернесі», «Сазген», «Адырна» халық аспаптары ансамбльдерінің, «Отырар сазы» оркестрінің ізашары болған тұңғыш шығармашыл ұжым еді. Ансамбльдің негізін пошымы мен дыбыс ерекшеліктеріне қарай өзгешеленетін, төкпе күй орындауға бейімделген – адай, шертпе күй тартуға ыңғайлы – семей, іліп-қақпайды нақышына келтіретін торғай домбыралары, көне заманғы шертер, қылқобыз құраған болатын. Оларға жетіген, шаңғауыз, үшкірік, дабыл, даңғыра, асатаяқ қосылып, соңғы кезде ұмытыла бастаған халық әуендерін – «Бозіңгенді», «Ой толқынын», «Желдірмені», «Кеңес күйін» орындағанда, тамылжыған сазды үнімен ансамбль жұртты елітіп әкете беретін еді», — деп еске алады.
Әншілерге халық әндерін орындатуы құрметпен айтылатын еңбектерінің бірі деп білеміз. Қазақтың ақбаяны атанған Мәдина Ералиеваға «Айқаракөз» әнін үйретіп, ұлттық киім тіктіріп, «Сазген» ансамбліне жұмысқа орналастырады. Ол турасында жазушы-сатирик Көпен Әмірбек «Айқаракөз, Мәдина» атты естелігінде: «Ол әнді орындау ойымда жоқ. Бір күні Өзағам «Халықтың жүрегінен туған «Айқаракөзді» орындап көрсең қайтеді?» деді. Күтпеген нәрсем. Ойланбастан «Ой, аға, ол өте күрделі ән. Менің даусыма келмейді!» деп басымды ала қаштым.
«Айқаракөз» сені шыңға шығарады. Орында!» деп нұсқау бергендей сыңай танытты. Тәуекелге бел буып дайындалдым. Сан мәрте репетицияма қатысты. «Мына жерін олай айтпа, былай айт!» деп қоңыр даусымен қосылып әндеткенде, біраз нәрсені білмейтініме ұялдым. Егер Өзбекәлі Жәнібеков болмағанда әнші ретінде бағым жанар ма еді, жанбас па еді. «Бір мен ғана емес, бар қазақтың бағын ашуға барын салған ағамыз көреген ғой» деді Мадина», — деп әңгімелейді.
«Рух сардарының» (Ә.Кекілбаев) келесі бір қайраткерлігі халқымыздың би өнеріне арналған. «Қазақта би болған, би болмаса биші деген сөз қайдан шықты дейсіз», — дейді. «Тағдыр тағылымында»: қазақша билеу – көбіне топтасып ән салумен, өз қызығы өзімен өтіп жататын әртүрлі кәде-жоралғылармен, халық ойындарымен біте қайнасқан, еңбек қимылдарына, еліктеуге, ауызба-ауыз айтылатын әзіл-оспаққа негізделген халық мұрасы. Оған әуел баста арқау болған ежелгі халық билерінің, «бақсы ойынының» бізге жетпегені мәлім. Бірақ ел есінде олардың мазмұны, оқиға желісі, өзіндік баурамы, қимылдау, сермеу тәсілдері қалды. Дұрыс пайдалана білсек, бұл да аз дүние емес. Ал, өзімізге танымал қазақ билерінен халықтың өткендегі өмір салтын, істеген кәсібін, ұшқыр қиялын, жүгіртпек ойын аңғарамыз». Халық билерін қайта жаңғырту үшін «Алтынай» халық би ансамблін құрып, бишілердің киімін өзі қадағалап тіккізеді және би үйрету үшін арнайы педагог-балетмейстер Ольга Всеволодовна Всеволодская-Голушкевичті шақырады.
Қоғам қайраткерінің келесі бір түрен салған еңбегі – ата-бабамыздың отырықшы өмір сүргендігін дәлелдейтін қазақтың тұрғын үйлері жайындағы жұмыстары. «Жолайрықта» кітабында академик Әлкей Марғұланның сөзіне сүйене отырып, қазақтың киіз үйі ағаштан қиыстырылатын немесе балшықтан соғылатын баспаналармен салыстырғанда өзінің о бастағы нұсқаларының негізгі элементтерін бойына сіңірген жылжымалы тұрғын жайдың біршама кейінгі түрі болған деп топшылайды.
Көшпелі өмірге бейімделген «Қос», «Күрке», «Абылайша», «Туырлық үй», «Ақ үй», «Қара үй», «Отау», «Орда» сияқты киіз үйлердің сызбасын жасайды. Ө.Жәнібеков Қазақстан Орталық партия комитетінің сыртқы байланыстар бөлімінің меңгерушісі болып тұрған кезде жылына 15-20 мыңға жуық адам Қазақстанға келіп, сонша адам шет елдерде болып қайтатын. Осы қызметте жүрген кезде де ол көптеген іс тындырды. Соның бірін атап өтетін болсақ, «Медеу» мұз айдыны ауданында қазақтағы жылжымалы және тұрақты үйлердің әртүрлі нұсқаларынан құрастырылған «Қазақ ауылы» туристік кешенін ашқан. Туристерге көрсетілетін объектілердің мазмұнына, тартымды болуына, әсіресе қазақ халқының тарихынан, мәдениеті мен дәстүрлі өнерінен мағлұмат беруді кеңейте түсуге мән берген.
Ө.Жәнібековтің өмірі мен қоғамдық қызметін зерттеген ғалым Б.Адырбек «Рух сардары» кітабында: «Ө.Жәнібек – қазақтың тұрғын үйі тарихын зерттеуші ғалым болып табылады. Ол қазақ тұрғын үйлерінің бейбіт тіршілікте және жаугершілікте пайдаланған сан түрін зерттеген, дәйектей жазған. Қостан, жеркепеден зәулім үйге дейін, арбаның үстіне тігілген үй, жаугершілік қосынан алты қанат ақбоз үйге шейін, қоржын тамнан күні бүгінгі үй үлгілеріне сабақтастыра сан алуан зерттеулер жасаған ғалым»,-дейді.
Өзбекәлі Жәнібеков мемлекеттік қызметтер атқара жүріп, халқымыздың рухани мәдениетін дамытушы, негізін қалаушы, жол көрсететін бағдаршы бола білді. Өз-ағаңның бастамашы болуымен елімізде музей ісінің негізі қаланды. «Музейтанушы» естелігінде тарихшы Баян Адырбек: Музей – қазақ халқының тұрмыс-салтына кейіндеп келіп, кенжелеп енген мәдениет үлгісі. Әрине, қазақтың тұрмысы толы экзотика, өмірі толы музей дерліктей. Қазақтың киіз үйінің өзі – музей! Алайда, негізгі өмір-тіршілігі көшпелі сипатта өрістеген қазақ халқы бүгінгі күн ұғымына сай айтылатын, бүгінгі күн талабына жауап берерлік музей жасамағаны белгілі. Осы жайларды оқып біліп те, күнбе-күндік қызметте бетпе-бет келіп қалып жүріп те айқын сезінген Ө.Жәнібеков қазақтың материалдық заттық игіліктерін белгілі бір шаңыраққа жинақтап, түрлі музейлер жасады. Комсомол музейі, Торғай облыстық өлкетану музейі, С.Мұқановтың мемориалдық музей-үйі, Жамбылдың әдеби-мемориалдық музейі, Жамбыл ауданындағы әдеби кешендер, Абай атындағы академиялық опера және балет театры мен М.Әуезов атындағы академиялық драма театры жанындағы музейлер, ұлттық саз аспаптары музейі, «Отырар» кешенді археологиялық қорық музейлері тікелей Өзбекәлі Жәнібековтің жанашырлық қамқорлығымен (идеясымен) жасақталған болса, Қазақстан бойынша республикалық Орталық музейі, облыстық өлкетану музейлерінің жаңа экспозициясы-тақырыптық-экспозициялық жоспарынан бастап, қайта жасақталуына дейін аталмыш айтулы азаматтың тікелей қамқорлығы арқылы жүзеге асты. Белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков – ірі музейтанушы болатын. Музейтанушы дегеніміз де ол кісінің бұл саладағы сан-салалы еңбегін бағалауға тарлау ұғым секілді. Ол кісі, шындығында, Қазақстанда музей ісінің ірі ұйымдастырушысы бола білген еді», — деп жазады.
Ө.Жәнібеков музей ісін ғана жолға қойған жоқ. Оңтүстіктегі – Арыстанбаб кесене-мешіті, Баба Ата, Ысмайыл Ата, Жүніс әулие күмбездері, Қызылорадада – Ақтас мешіті, кафедральды собор, Айтбай мешіті, Жамбылда – Бабаша хатын, Шамансұр, Қарахан күмбездері, Қалижүністің медресе-мешіті, моншасы, Үшарал мешіті, Маңғыстауда – Ақүйік, Сенек және де басқа күмбездерді, мәдени және тарихи ескерткіштер мен кесенелерді қалпына келтіруді ұйымдастырды және олардың тізімін жасатып, мемлекет қорғауына алдырды. Әсіресе Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесін қалпына келтіру кезіндегі жан аямас еңбегі ел аузында аңыз болып айтылады.
«Халық мүддесінің жоқшысы» (С.Қирабайұлы) этнограф Өзбекәлі Жәнібековтің келесі бір қайраткерлігі ұмытылып бара жатқан ұлттық киімдерімізді түгелдеуі. Ұлттық киімді көненің көзі ғана емес, халқымыздың рухани және мәдени байлығының жетістігі деп санайды. Қазақтың ұлттық киімі ғасырлар бойы қалыптасып, қоршаған ортаға лайықталып, салт-дәстүрімізге сай қарапайым және сәнді етіп тігілетін болған. Ұлттық киімдердің түрлері, әйел және ер адамдар киімі, бас киім, сырт киім түрлерін түгелдеп, «Қазақ киімі» атты екі кітап құрастырады. Шапан, шекпен, күпі сияқты сырт киімдермен қатар, шалбардың түрлеріне де тоқтала келе «Көшпелілердің адамзат өркениетіне қосқан зор үлесі болып саналатын киім түрі – шалбар. Ол жылқыны қолға үйретіп, мініс көлігіне пайдалана бастаумен бірге, біте қайнасып өмірге келген заттық мәдениеттің озық үлгісі» деп жазады. «Шертер», «Сазген» ансамбльдерінің әртістері киетін ұлттық киімдердің эскизін сызды. Келініне арнап өз қолымен қалыңдықтың бас киімі қасаба мен қазақша көйлек тігуі – ұлттық киімдерді сақтау жолында үлгі-өнеге болып қалды. Этнограф-ғалым бас киімдердің түрлері, аң терілері мен маталары, әшекейлері мен үкілері, бағалы тастарының ерекшеліктері мен маңызы туралы толғанады және бас киімді төңкеріп қоймау, жерге тастамау, теріс кимеу секілді ырым-тыйымдардың тәрбиелік мәнін де ашып көрсетеді. Сонымен бірге әр оюдың мағынасы бар болғандықтан, жас ерекшелікке, ер мен әйел киімі, қыстық пен жаздық киім, мата түрі мен түсіне қарай талғаммен жапсыру, зерлеу керектігін, қазақша киім деп оңды-солды ою жапсыруға болмайтындығын да ескертеді.
Қоғам қайраткері қай салада қызмет атқарса да ұлттық мүддені жоғары қойып, салт-дәстүрімізді, қолөнерімізді, ұлттық аспаптарымызды, мәдени құндылықтарымызды жаңғырту, тарату, дамыту мен сақтау ісін асқан көрегенділікпен жүзеге асыра біледі. Біздің ендігі мақсатымыз рух сардарының ұлттық тарихымызды, тілімізді, мәдениетімізді сақтау жолындағы ерен еңбегін жастарға насихаттау болмақ. «Тағдыр тағылымы» кітабында өзі жазғандай «мәдениетті деген қасиетті ұғымға білімпаздығы мен парасаттылығынан басқа, өзгелермен тіл табыса білетін, көршілерімен тату-тәтті тұра алатын адамды жатқызуға болады. Бұған көп нәрсенің қажеті де шамалы. Кішіпейілділік, өзгені құрметтей білу, бөгде пікірмен санаса білу, өз қылығына сын көзбен қарау, басқалардан да сондай қатынасты күту ғана». Ел болашағы жастарымызды осы анықтамаға сай келетін тұлға етіп тәрбиелейтін болсақ, тарихымыз тереңдеп, тіліміз бен діліміз сақталып, еліміздің мәңгілік елге айналары сөзсіз.
Э. Оразбаева,
Ө. Жәнібеков атындағы ОҚПУ,
Ө. Жәнібеков орталығының басшысы,
филология ғылымдарының кандидаты.
