Uncategorized Біле жүріңіз

Майтабандар неге көбейіп жатыр?

Кезекті оқу жылы да басталып кетті. Көшелерден, қоғамдық көліктерден балалар жиірек көзге шалынуда. Осы орайда ата-аналарға мынадай бір мәселеге мұқият назар аударуды ұсынған болар едік: бүгінде дене сымбаты ебедейсіз қалыптасқан, майтабан балалар көбейіп келе жатқан сияқты.

Мұндай балақайлардың көбейгенін елдегі ортопедтердің берген статистикасынан да аңғаруға болады. Олардың есебінше, майтабандық белгілері қазіргі балалардың 70 пайыздайынан байқалады екен. Айтуларынша, мұның бірінші себебі аяқ киімге байланысты. Бүгінде бұрынғыдай аяқ киім табанына супинатор салып шығаратын өндірушілер аз. Аяқ киімді елге әркім әр елден жеткізіп жатыр. Ал өндірушілердің көбін аяқ киімнің нақты сапасынан гөрі оның жылтырақ өтімділігі, көбірек пайда әкелгені ғана маңызды. Оның адам денсаулығына қаншалықты зиян тигізуі мүмкін екеніне бас қатыра бермейді. Бұған тұтынушылар тарапынан да қойылатын талап жоқ, бала да, ата-ана да таңдағанда аяқ киімнің табанға қаншалықты жайлы болатынына аса назар аудармайды. Тілі шықпаған кішкентай балалар аяғымды ауыртады деп айта алмайды, ал ересек балалар, жасөспірімдер аяқ киімнің жайлылығынан бұрын сәнділігіне көбірек басымдық береді.

Мұның тағы бір себебі дұрыс тамақтанбаудан сияқты. Қазір жұрттың көбі көшеден тамақтанады, фаст-фудты көп тұтынады. (Қазіргі қаптаған фри, чипсы, пицца, хот-дог, шаурма, донер-кебаб, тағы басқа – жылдам әзірленетін тағамның бәрі фаст-фудқа жатады). Оған қоса сусындардың жүздеген түрі бар, оны да балалар көп тұтынады. Қазіргі балалар үйдің ыстық тамағына, қою шайына қызықпайды, мүмкін болса, сырттан фаст-фудты жеп, газды, тәтті сусынды ішкенді қалайды. Тәуелді болып қалғандар өте көп.

Тағы бір себебі — қазір балаларда қимыл-қозғалыс аз. Ойын қуып, белсенді әрекетте жүргеннен гөрі көбі үйден шықпай телефонға шұқшиып отырғанды, диванда жатқанды жайлы көреді. Сол себепті аяқтың, табанның бұлшық еттері әлсіз болады, дұрыс дамымайды, денесі қисаяды. Табанының, дене сымбатының дұрыс қалыптаспауы жүргенде жайсыздық тудырады, балада түрлі комплекстердің пайда болуына апарады. Ендеше, балаңыздың қимыл-қозғалыс, жүріс-тұрысына, не ішіп, не жеп жүргеніне аса мән беріңіз. Табанның қалыптасуына немқұрайды қарауға болмайды. Майтабандық, омыртқа қисаюы, салмақтың қалыптан артуы, дене сымбатының бұзылуы байқалса, уақыт өткізбей тиісті маманның жәрдеміне жүгінгеніңіз жөн.

Бүгінде жұрт адамның жан-дүние тазалығы, мінез тартымдылығынан гөрі сыртқы келбеті мен сымбатына, киіміне көбірек мән беретінін бәріңіз де білесіздер. Бой-басын түзеп, өзіне мән бере бастаған кезінде «маған неге дұрыстап қарамағансыздар?» деп ренжіп жүрмесі үшін баланың дене сымбаты дұрыс қалыптасуына мұқият болғайсыздар. Көбірек жалаңаяқ жүріп, табанды шынықтырған да дұрыс болмақ.

_______________

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *