Мәселе

Балаңды аясаң, аяма!

Қазақтың осы бір даналығы күн өткен сайын ұмытыла бастағандай ма, қалай? Бүгінгі жас ата-ана үшін бұл тәмсіл тәрбиенің басы болуға тиісті емес пе? Жә, ол жайлы сәл кейінірек…

Кеше Шымкентте «Отбасы – Отанымның тірегі» атты отбасы институтын дамытуды мақсат тұтқан форум өтті. «Мұндай іс-шара Шымкентте алғаш рет ұйымдастырылып отыр» дейді білетіндер. Әр отбасының өз құндылығы бар. Сол құндылықтар ортақ өнегеге айналып, қоғамның көлеңкелі тұстарын азайтып, жақсылықты, мейірім мен қайырымдылықты көбейтуге негіз болуы керек. Форумның ұстанған ұраны да осы. Үлгілі отбасыларды елге көрсетіп, олардың бала тәрбиесіндегі озық үлгілерін өзгеге тәжірибе ретінде ұсыну.

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қатысқан форумға алқалы жиында елді аузына қаратқан абыз ақсақал, өнегілі өмірі бар ұлағатты, зиялы қауым өкілдері көп жиналды.

– Отбасы құндылықтары кез келген қоғам үшін шын мәнінде айрықша мәнге ие. Әрбір отбасының тіршілігі баянды, іргесі берік болып тұрса, бұл мемлекеттің де еңсесінің тік, шаңырағының биік болуына себепші екені белгілі. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «Отбасы институтын ұмытпауымыз керек, бұл дәстүрімізді, ұлттық құндылықтарды және ұрпақтар сабақтастығын сақтау үшін өте маңызды» деген болатын. Форум – отбасы институтына қатысты проблемаларды ашық талқылайтын, аға буынның үлгі-өнегесі мен жастардың тәрбиесіне қатысты құнды пікірлер мен салиқалы ойлар ортаға салынатын қоғамдық диалог алаңына айналады деген үміттеміз.

Осы форум негізінде «Үздік отбасы» премиясын тағайындап, қала тұрғындарының үздік отбасы болуға деген ынтасын арттыруды көздеп отырмыз. Форуммен қатар «Үздік отбасы» премиясын жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастыруды жоспарлаудамыз, — деді қала әкімі.

Орайы келгенде айта кетейік, Шымкент қаласында осыдан үш жыл бұрын «Шымкент жастар лигасы» атты бірегей жоба қолға алынған-ды. Бұл республикада алғаш рет өткен бәйге ретінде өзге өңірлерге үлгі іспетті баяндалып жүр. Аталмыш жобаның сәтті жүзеге асқаны болар, мектеп оқушыларының, мұғалімдер мен ата-аналардың қызу қолдауына ие болуда. Дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан турнир арқылы жастардың бұқаралық спортқа деген қызығушылығы артуда.

– «Шымкент жастар лигасы» мыңдаған балаларымыз салауатты өмір салтын ұстануға бет түзеді. Отбасы форумының аясында жүзеге асатын жобалар да сондай қоғамдық қолдауға ие болып, отбасы құндылықтарына бүкіл қоғамның назарын аударады деген ойдамыз, — дейді қала басшысы Мұрат Әйтенов.

Шымкент қаласында отбасы институтын нығайту бағытында біршама нақты іс-шаралар жүзеге асуда. Соның ішінде ең басты талап – тұрғын үйге мұқтаж отбасыларды баспанамен қамтамасыз етуге ерекше мән беру. «Үйлену – оңай, үй болу –қиын» екені өмір шындығы. Жас жұбайлар арасындағы ұрыс-керіс ең алдымен осы баспананың жоқтығынан туындайтыны да жасырын емес. Бұл орайда мысалы, былтыр Шымкент қаласы бойынша 1 миллион 67 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, пайдалануға берілсе, соның 748 пәтері әлеуметтік әлсіз топқа жататын отбасыларға тиесілі болған. Жалпы пайдалануға берілгені 3 246 пәтердің 857-сі жұмыс істеп жүрген жастарға арендалық баспана ретінде тапсырылды. Ал, 1 641 отбасы «Бақытты отбасы», «Шаңырақ» және «7-20-25» секілді мемлекеттік бағдарламалар бойынша жеңілдетілген шарттармен несиелік пәтерге қол жеткізген.

Жоспар бойынша 2026 жылға дейін бюджет есебінен 2 миллион шаршы метрді құрайтын әлеуметтік тұрғын үй салып, тұрғын үйге мұқтаж отбасылар баспанамен қамтамасыз ету көзделуде екен. Бұл баспанасыз жүрген отбасылар үшін әжептеуір көмек болғалы тұр. Мемлекет әлеуметтік тұрғыда аз қамтамасыз етілген отбасыларға тек жәрдемақы берумен шектелмей, олардың жұмысқа орналасуына немесе өз бизнесін бастауына да жан-жақты қолдау көрсетуде. Отбасының берекесі тұрақты жұмысы, соған сай табысы бар отағасының арқасында кіретіні бар. Былтыр қалада 65 799 адам жұмыспен қамту шараларына қатысыпты. Оның 7 мыңға жуығы уақытша жұмыс орындарына жолдама алған. 18 мың азамат кәсіптік қайта даярлау курстарында оқып шыққан. Ал 40 мыңнан астам азамат тұрақты жұмысқа орналасқан. «Бұл мемлекеттің отбасы институтын нығайту мақсатында атқарып жатқан жұмысының жемісі» дейді қала басшысы.

Әңгімеміздің әуелгі әлқиссасына оралайық. «Жақсы көрген балаңды аямай жұмсай біл» деген ата-баба даналығын ұмытқанымыздан болар бүгінгі қоғамда қарапайым ғана адамгершілік қағидаттары сақталмайтын болып жүр. Ол – үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету. Әлсізге болысу, ата-ананы қадірлеу, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау. Жасыратын несі бар, батыстық тәрибе, «әркімнің өз құқығы бар, әркім өзіне ұнағанын істеуі керек» дегенді «өзімбілермендікке» балаған жастар көп. Оның кесірі уақыт өте келе «келін түсіріп, екі қолымды жылы суға малып отырамын» деген аналардың үмітін үздіріп, «келін – үй қызметшісі емес, ата-енеге қызмет жасауға міндетті емес» дейтін жастар көбейді. Осының салдары болар, Шымкент қаласында 500-ден астам қария балаларының қамқорлығынсыз қалған.

Бұған дейін қамкөңіл осындай қарттарымызға пана болып келген арнайы мекеме Түркістан облысы құрылғанда облыс қарамағында қалған. Ал, шымкенттік жалғызбасты қарттардың баратын жері, басатын тауы жоқ. Қала әкімі бұл проблеманы шешудің жолы Қарттар үйін ашу екенін қынжыла жеткізді. Бала-шағасы қарамай кеткен қарияларды паналатын орын биыл ашылмақ. Әзірге 50 орынды ғимарат салынуда. Әлі де болса көп қарияның ұл-қызы ойланар, әке-шешесін қараусыз қалдырмай, жанашырлық танытар деген үміт бар. Әрине, мемлекет мұндай қарияларды қамқорлықсыз қалдырмайды. Десе де баланың ата-анаға деген қамқорлығы азаюына қоғам болып жауап іздеуге тиістіміз. Бала неге мейірімсіз болды? «Ұлттық салт-дәстүріміз жақсы сақталған, қазақы тәрбиенің ортасы саналатын Шымкентте мұндай жағдайдың орын алып жатқаны өте өкінішті» дейді қала басшысы. Бұл біздің рухани тұрғыда төмендеп, адамгершілік қасиеттерімізден ажырап бара жатқанымыздың салдары. Отбасының беріктігі оның әлеуметтік жағдайымен ғана өлшенбейтіні рас. Олай болса бар мәселе тәрбиеде болып тұр. Бүгін аялап, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүргізіп, бетінен қақпай өсірген ұл-қызымыз ертең «өз күніңді өзің көр» деп ата-анасын қараусыз қалдырмасына кім кепіл?!

Форумда осы мәселелер егже-тегжейлі талқыға салынды. Көпті көрген қариялар өз ақылын айтты. Үлгі болар отбасын басқарып отырған отағалары өз тәжірибелерімен бөлісті. Елдің алдында жүрген азаматтар толғауы тоқсан тарам тақырыптың түйінін тарқатуға атсалысты. Бәрі де «Отбасындағы тәрбиеге байланысты» деген байламға келді. Жақсы болса да жаман болса да адамның азамат болып қалыптасуына отбасындағы тәрбие өзек болары айқын екені айтылды.

Форумға «Мерейлі отбасы» жобасының қатысушылары, аудандардың үздік отбасылары, жаңадан шаңырақ көтерген жастар қатысты. Еркін форматта ұйымдастырылған диалог алаңында отбасы институтына қатысты көп проблема бүкпесіз ортаға салынды.

         ПІКІРЛЕР:

Бекет ТҰРҒАРАЕВ, Қазақстанның Құрметті судьясы:

«Еңбекке бала кезден араластық»

Алыстағы ауылда өстім. 6 жасымда әкем 2 қоян сыйлады. Соны бақтым. Сабақтан келе сала соның жем-шөбін салып, суын құйып дегендей бала болып ойнауға да бос уақытым болмады. Бірер жылда 2 қояным 300-ге жетті. Жазғы демалыс аяқталарда жетілгендерін сатып, үстіме киім, астыма велосипед алдым. Сонымен 6 шақырымдағы мектепке барып-келіп жүрдім. Осылайша еңбекті бала кезден бастадық. Қазір балаларды ерте бастан еңбекке баулу кемшін соғып тұр…

Бачак АЛИЕВ, «Мерейлі отбасы» байқауының 2021 жылғы жеңімпазы:

«2 қызды қазаққа ұзатып, қазақтан 2 келін алдық»

Әкем 1944 жылы Кавказдан Қазақстанға жер аударылды. Қазіргі Сайрам ауданындағы Қызылсай деген станцияға алып келген. Сол кезде жергілікті қазақтардың өздері қоржын тамда тұрса да баспанасын, көрпе-төсегін, нанын бөліп беріп, бауырына басқан. Мен 1948 жылы Қазақстанда туылдым. Сол себепті жаным да, қаным да қазақ. Қазақтармен тонның ішкі бауындай араласып, 2 қызды қазаққа ұзатып, қазақтан 2 келін алдық. Үйде немере-шөберелерім қазақша сөйлейді. Қара шаңырақта 4 келін тату-тәтті тұарды.

Шолпан КӨШІМОВА, көп балалы ана:

«Масыл болмадық»

Ресми статистикада жұмыссыз болсам да әлеуметтік майданда белсендімін. Мемлекеттік «Жас отбасылар» бағдарламасы аясында 2014 жылы баспаналы болдық. Біреуден ілгері, біреуден кеш дегендей ғұмыр кешіп келеміз. Алланың берген 7 баламыз бар. Әр бала өз несібесімен келеді демекші, ешқайсысы да аш-жалаңаш емес. Әрине, мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақы балаларды бағып-қағуда жетпейді. Бала күтімімен көп жыл үйде отырсам да мемлекетке масыл болмастан өз тіршілігімізді жүргіздік. Қол қусырып қарап жатпадық. Бүгінде тірлік етемін деген адамға мемлекеттен берілер жәрдем көп. Соны тиімді пайдалана алуымыз керек.

Ғалымжан ҚАЛЫБАЕВ, әзілкеш, актер:

«Бүгін мектебі үшін қолына сыпырғы ұстамаған бара ертең отаны үшін қолына қару алады ма?»

Біз де ауылда өстік, қозы-лақ бақтық. Сабаққа жалқаулық танытсақ, мұғалімнен таяқ жейміз, оны естіген әке-шешемізден де аяушылық көрмедік. Қатаң тәртіптің арқасында қатарға қосылдық. Қазақта «Балаңды аясаң, аяма» деген сөз бар. Біз осылай өстік, ал қазір бұл сөз іске аспай тұр. Баланы кейде тым еркелетіп жібереміз. Жуырда бір оқиғаның куәсі болдым. Сенбі күні бір мектепке барып қалдық. 20-30 шақты адам сыпырғы ұстап жүр. Кім екенін сұрасам мұғалімдер екен. «Балалар қайда» дедім. Сөйтсем, балаларды сенбілікке шығарар болса жұмыстан босап қалуы мүмкін екен. Сонда балалар шашқан қоқысты мұғалімдер жинауы керек пе? Мына әрекетімізбен балаларды еңбекке қалай баулимыз? Бүгін мектебі үшін қолына сыпырғы ұстамаған бала ертең отаны үшін қолына қару алады ма? Тым ерке өскен, ештеңеге басы ауырмаған бала есейгенде өз отбасының да жауапкершілігін сезінбейтін болады. Мен көп той жүргіземін. Өз тәжірибемде бір жігіттің үш рет үйлену, бір қыздың екі рет ұзату тойын жүргіздім. Бұл қауіпті үрдіс.  

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *