Әлеумет

Шымкентте шипажайға жолдама алу үшін…

«собезге» барудың қажеті жоқ

Зейнеткерлер мен денсаулығына байланысты мүгедектігі бар азаматтар үшін елімізде әлеуметтік қолдау санатында жылына бір рет шипажайларға барып, ем-дом қабылдауға мүмкіндік берілген. Бұл мүмкіндікке ие болу үшін арадагерлер жергілікті жердегі әлеуметтік қамсыздандыру бөлімдеріне барып, өтініш жазып қалдырады.

Десе де енді Шымкент қаласында зейнеткерлер шипажайларға бару үшін әлеуметтік қорғау басқармасына барып, әуре-сарсаңға түспейтін болды. Зейнет жасындағы азаматтар кезекке тұру үшін қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына арнайы баратын еді. Тізім де басқармада сақталатын. Жаңа жылдан бастап мұнда жаңа қызмет іске қосылды. Қариялар енді санаторлы-курорттық ем қабылдауға geo-shym.kz  порталы арқылы өтініш бере алады. Осылайша кезекке онлайн тұрып, кезегінің келуін бақылап отырады. Өтінімді жеке электронды сандық қолтаңба кілтін пайдаланып, тіркелу қажет.

Сала мамандарының айтуынша, қазіргі таңда кезекте тұрған 22 мыңнан астам азаматтың мәліметі базаға енгізілген. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасындағы мамандардың айтуынша, жыл сайын шипажайларда ем қабылдауға 13 мыңға жуық зейнеткерден өтініш түседі. Кезегіне қарай оларға шипажайға жолдама беріліп келген. Былтырдан бастап шипажайларда қызмет алу күндері 6 күннен 10 күнге ұзартылды. Енді зейнеткерлер осынша күнге демалу үшін жолдаманы geo-shym.kz порталына үйде отырып-ақ тіркелу арқылы ала алады.

Айта кетейік, Шымкентте қазір 89 926 зейнеткер тұрады. Оның ішінде 2 Ұлы Отан соғысының ардагері мен 1 950 тыл еңбеккері бар. Зейнет жасындағы азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында Шымкент қаласы бойынша үш «Белсенді ұзақ өмір орталығы» қызмет көрсетуде. Өткен жылы қарттардың игілігі үшін сыйымдылығы 70 адамды құрайтын «Ізетті зейнеткер» атауымен шипажай ашылған. Демалушылар үшін ғимаратта арнайы электромагнитті терапия бөлмесі, дәрілік шөп тұнбалары ұсынылатын фито бар, сумен емдеу орталықтары – бассейн мен фитобочка (шөп буына булау), кітапхана, мәжіліс залы, заманауи құрылғылармен қамтамасыз етілген ем-шара бөлмелері қарастырылған.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *