Өмірдің өзі

Өмір жолы

 

Біздің ауылдың сіздің ауылдан еш айырмашылығы жоқ. Күнделікті өмір сүру дағдысы, күйбең тірлігі, қаңқу сөзі, орынды пікірі, орынсыз әзілі, қонақжайлығы, тіпті байлары мен кедейлеріне дейін ұқсас…

Айдар кластасымның үйінің іргесіндегі бір аяқ қуыс жол есіме түссе,  ойыма балалық шағым оралады. Сол бір аяқ жолға пәлен жыл болды. Әлі күнге дейін бар. Ауылдың арғы бетіне өту үшін бүкіл ауыл тұрғындары осы жолмен жүреді. Ешкім бұл жолды жабу туралы ойларына алған емес. Мына шетінде уақтысында Теріскей өңіріне танымал Өтжан бидің үйі, қарама қарсы бетте «ұлағатты ұстаз» атанған Шайқали ақсақалдың үйі, төменгі қабатында еңбек ардагерлері болған Ерсұлтан мен Қаппар көкеміздің үйлері тұр. Бәрі де өмірден озып кетті. Мүмкін біреулер кезінде «ары-бері адам көп жүреді. Ішінде ұры-қарысы да болуы кәдік, неге жолды жауып тастамайсыңдар?» деп «ақылдарын» айтқан да шығар. Елдің іші ғой. Бірақ бұл кісілердің барлығы көпті көрген, елге танымал, қазақы салт-дәстүр, әдеп-ғұрыпты білетін, басқасын айтпағанда құдайдан қорқатын кісілер болғандықтан шығар, ондай іске бара алмас еді. Бұл әңгімені кейбір азаматпын дейтін, бір-ақ әлі ондай дәрежелі деңгейге жетпеген адамдарға қатысты айтып отырмын.

Жұрттың көп жүретін жолын жабу үлкен күнә. Әдепті, салтты білмейтін, құдайдан қорықпайтындарға бұл қалыпты жағдай болуы мүмкін. Ені бір метр жер ертең өзін жалмайтынын білмейтіндер қарпып алып қалғысы, қоршап тастағысы, адамдардан алғыс емес қарғыс алғысы келіп тұратындар бар. Бәрін нарық заманға жауып, дүниенің пенделік жолына түсіп, адамдықты аяқ асты ету олар үшін сөз емес. Кешегі Ұлы Отан соғысында 872 күнге созылған Ленинград қоршауында ленинградтықтарға Ладога көлінің үстімен КСРО халқы азық-түлік, киім-кешек, оқ-дәрі жеткізіп тұрғанын сіздер де білесіздер. Сол жолды ленинградтықтар «Өмір жолы» деп атаған екен. Ауыл ішіндегі бір аяқ жолдар ауыл тұрғындары үшін «өмір жолы». Ол жолмен балалары бала бақша мен мектепке барады, азық-түлік үшін дүкенге барады, науқас жандар ауруханаға барады. Тіпті болмағанда ауыл адамдары қыстың аязды, жаздың аптапты күндері діттеген жерлеріне осы жақын жолмен жүреді. Ал қазір кейбір пысықайлар сондай төте жолдарды жауып тастап жатыр.

Көптің тілегі көл, батасы бақ! Кішкентай балалар таң азанымен дірдектеп көшенің басынан айналып бара жатқанын көргенде жаның ашиды.

Кейде ойлаймын сол пысықайлардың дәулеті болғанымен, әулеті, ағайыны жоқ-ау деп. Әулеті болса әйтеуір ішінен ақыл-есі бар бір туысқаны, әке-шешесі, бауыры, балалары «Бұл істегенің дұрыс емес!» деп айтуы керек еді. Аудан орталығындағы Ы.Алтынсарин атындағы жалпы орта мектебін тікелей Абай көшесімен байланыстыратын сондай қуыс, бір аяқ жол бар. Оған да пәлен жыл болды. Сол қуысқа аудандық мәслихаттың депутаты Бақдәулет деген бауырымыз жарық орнатып, табан жолын тегістеп беріпті. Оның игілікті ісіне «Атасына мың рахмет!» деген елдің алғысы шексіз.

Ауылдың маңайы жаппай қоршалып, қараша халықтың бес-он тұяқ малы жайылымға жете алмай, шаң-топырақтың ортасында қалды. Сіздің ауылда да, біздің ауылда да дүниенің жерін қоршап, өзінен басқаларды адам құрлы көрмей, қос жанары тұманданғандар күн санап көбейіп келеді. Жайқалып тұрған жоңышқалығы, бал дарытқан бау-бақшасы, енді-енді піскелі тұрған егіні болса мақұл. Төрт түліктің өрісін төрт бұрыштап қоршап алып, жұрттың наласына қалып жатыр.

«Оян қазақ!.. Жер кетті, дін нашарлап, хал арам, боп» деген бір ауыз өлең қалдырған Міржақыптар неткен әулие дерсің!

Мақсат Қарғабаев,

Созақ ауданы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *