Иә, көркейту, көріктендіру ісі Шымкентте қоңыр күзде де жалғасын таба береді. Күні шуақты қалада әсем гүлзар салу, саялы бақ орнату ісіне кедергі аз. Есесіне, елдің игілігі үшін пайдалануға берілген саябақтарды аралауға асық тұрғындар қарасы қалың.
Кешегі аптада ашылған С.Жандосов және Жібек жолы көшелерінің қиылысындағы жаңа гүлзарға да айнала төңіректегі тұрғындар көп жиналды. Серуендеу орнында ескі субұрқақ пен көпір күрделі жөндеуден өтіп, канал аумағы толық қоршалыпты. Елді сүйсінткен тірліктің бірі де осы болды. Сондай-ақ заманауи үлгідегі 8 дана орындық, 5 дана қоқыс жәшігі, әткеншектері бар 4 бастырма, 1 үстел теннисі, 4 вазон мен 6 декоративті тас орнатылған гүлзар ішінде серуендеуге барлық жағдай жасалған.
Көктемде қаланың көркін аша түсер шынар, гуджу тал көшеттері және көпжылдық гүлдер отырғызылып жатыр. Осылайша 819 шаршы метр аумақ көгалдандырылмақ. Қала тұрғындарының қолайлылығы үшін тегін автотұрақ салынып, 764 шаршы метр аяқжол төселген. Бұл аумақта жалпы 15 көпқабатты тұрғын үй, 2700 ден аса тұрғын бар екен. Дәл осындай саялы гүлзар әл-Фараби ауданы бойынша Есіл және Камал көшелерінің арасынан да ашылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, тұрғындардың емін-еркін жүріп тұруы үшін саялы бақтарды көбейту, Ұлт саулығын жақсартуға негіз болар көріктендіру ісінде шымкенттік шенеуніктер қарқынды жұмыс атқаруда. Есіл және Камал көшелерінің қиылысынан ашылған саябақта 200 ш.м құрайтын аумақтан заманауи баскетбол алаңшасы, балалар ойын және спорт алаңшалары, 3 әткеншек, 2 теннис үстелі, 1 шахмат үстелі орнатылыпты. Саябаққа ауызсу бұрқағы, тегін автотұрақ, орындық, қоқыс жәшігі, пергола, жарықшам бағаналары және декоративті тастар қойылып, сәндік ағаштар отырғызылған. Осы аумақтағы 10-нан астам көпқабатты үй мен 500-ден астам жеке тұрғын үй тұрғындары үшін бұл саяжол қолайлы орынға айналары сөзсіз.
Салауатты өмір салтын құруға құмбыл Диваев көшесінің тұрғындары үшін де кешегі аптада қуанышты жағдай орын алды. Аумағы 0,31 гектарды құрайтын гүлзар бұл көшеден де бой көтерді. Құрылыс барысында 1031 шаршы метрге мәрмәрдан жасалған аяқжол төселіп, 1014 шаршы метр аумақ көгалдандырылыпты. Тұрғындар мен қонақтардың қолайлығы үшін 2 велотұрақ, ауызсу бұрқағы және ерекше фотоаймақ та қарастырылған. Бұдан бөлек, 3 300 адам тұратын 20 көпқабат үй айналасында салынған гүлзарда балаларға арналған әткеншек, шахмат үстелі, теннис үстелі, мәрмәр орындықтар, қоқыс жәшігі, вазон, жарықшам бағаналары, пергола және декоративті тастар орнатылған.
Жергілікті азаматтар жаңа демалыс аймағының салынғанына қуанып, гүлзардың ашылуына арнайы келген қала әкімі Ғабит Сыздықбековке ризашылығын білдірді.