Қазақ қызының басқа ұлт өкіліне, тіпті нәсіліне де қарамай тұрмысқа шыға салуының түпкі себебі неде жатыр? Әрине, «жақсы жігіт жоқ» деген сөз қыз баласына айтуға оңай болғанымен, жігіттер қауымының жүрегіне салмақ түсіретіні анық.
Шындығында шетелдікпен тағдыр жарастырған қазақ қыздарының басым көбінің түпкі ниеті «қызылды-жасылды өмірге» қызығуда жатқан сияқты. Шекарасыз интернеттің заманы, түрлі ақпарат оқиды, кинолар көреді. Ақшасы молдың әлемді аралап, шалқып жүргеніне қызығады. Негізі қыз бала шетелдікке тұрмысқа шығар алдын «мұным қалай болады, келешекте өзге елдің баласын өсіремін-ау, туған еліме титімдей де болса пайдам тимейтін болды ғой» дегенді ой елегінен өткізуі керек қой бірінші кезекте. Меніңше, шетелдікке тиетін қазақ қыздарының көбінде отбасылық тәрбие, қазақи құндылықтар дұрыс қалыптаспаған деп ойлаймын.
Бүгінде кім не істесе де «жеке таңдауы» дейтін болдық. Басқа ұлтқа тұрмысқа шығу да қыздың өз таңдауы болып қалды. Мұндай «кеңшіліктен» кейін әлі оң-солын толық танып үлгермеген қыз шетелдікке тимегенде не істейді? Бізде көп нәрсе жасырылады. Шетелдіктерге қанша қазақ қызы кеткені ашық айтылмайды. Жалған некеге тұрып, Қазақстан азаматтығын алғандар жайын да жөнді білмейміз. Соңғы кездері қытайлық азаматтарға ақша үшін «суррогат-ана» болып сатылып жүргендер туралы да айтылады. Осының бәрі ойлы адамды ел ертеңі үшін уайымдатады.
Әрине, қазақтан басқаның бәрі жаман деуден аулақпыз. Қыз көңілін жаулап алған өзге ел жігіті де жаман болмас. Бірақ әркімнің өз ұстанымы, діні, ділі, әдет-ғұрып, салт-дәстүрі бар емес пе? Қазақ жиенді еркелеткенімен бәрібір өзге рудың «шотын шабатынын» меңзеп, «ел болмайды» деп те айтқан ғой. Кінәлап тұрған жоқ, жеккөріп те тұрған жоқ, тек бөтен болатынын ғана айтып тұр. Ал алыс шетелге кеткен қыздан туған бала бізге қандай жиен болады?
Меніңше, тәрбиені үйден, балабақшадан бастап, мектепте жалғастыру керек. Сондықтан мектепте ел алдындағы жауапкершілікке, адалдыққа үйрететін, ар, ұят, намыс, аманат, обал, сауап деген сияқты құндылықтарды қыздың да, ұлдың да бойына сіңіретін арнайы пән ендіру керек. Қазақтың тарихын, тілі кесіліп, ұлт ретінде жойылып кете жаздаған кезеңдерін, мұның қандай қасірет екенін ұғындыратын, ата-бабаларымыздың елді, жерді, тілді не үшін, кім үшін қорғағанын түсіндіретін пән керек. Оның оқулықтарын ғалымдарымыз жан-жақты зерттеп-зерделеп жазуы тиіс.
Д.НҰРПЕЙІС.
