Әлеумет

«ТАМА-ТАСТАНБЕК» – ТАЗА СУДАН ТАРЫҚТЫРМАЙТЫН ЖОБА

Шардаралықтар былтырғы ауыз су тапшылығын ұмыта қойған жоқ. Аудан басшылығы осы қиындықтың қайталанбасы үшін бар мүмкіндіктерін салып бағуда. Осы мақсатта «Тама-Тастанбек» су құбырын тарту ісі сәтті жүзеге асырылуда. Жоба толық біткен жағдайда Шардара қаласы мен оған іргелес жатқан елдімекендердің ауыз су мәселесі толықтай шешімін табады. Аудан әкімі Арман Қарсыбаев осы жобаның жұмыс барысымен танысты.

Жоба аясында «Тама» құдығынан Шардара қаласындағы су таратушы хаузға дейін 40,4 шақырым магистральды су құбыры тартылған. Сонымен қатар, «Тама» аумағында 2 дана 500 текше метрлік және №14 бекетте 2 дана 5000 текше метрлік су резервуарларының құрылысы толық аяқталған. Бас су торабында 14 ұңғыма қазылып, су айдағыш насостар орнатылған. Сондай-ақ, екі насос станциясының ғимараттары салынып, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, магистральды су құбыры жүйесіне қосылған. Қазіргі таңда магистральды құбырлар, құдықшалар, ысырмалар (задвижка) мен су резервуарларын гидравликалық сынақтан өткізу жұмыстары жүргізілуде.

Аудан басшысы одан әрі Шардара қаласындағы су таратушы хаузға барып, онда атқарылып жатқан жөндеу жұмыстарымен танысты. Нысанда жалпы сыйымдылығы 7000 текше метр болатын 4 резервуарды күрделі жөндеу, су құбырларын жаңарту, 13 дана магистральды ысырмаларды (задвижкаларды) ауыстыру, заманауи гипохлорит қондырғысын орнату, оператор ғимаратын салу және технологиялық процестерді автоматтандыру жұмыстары қолға алынған. Жауапты мамандардың мәліметінше, құрылыс-монтаж жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде және нысанды биылғы тамыз айында пайдалануға беру көзделіп отыр.

Нысандарды аралау барысында Арман Романұлы атқарылып жатқан жұмыстардың сапасына ерекше назар аударып, құрылыс мерзімдерін сақтауды, барлық жұмыстарды белгіленген талаптарға сай орындауды және тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруды тапсырды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *