Шымкент қаласы әкімінің орынбасары — қала әкімдігінің ресми өкілі Сәрсен Құранбек өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында кезекті брифинг өткізді. Ол қаланың тыныс-тіршілігі мен қоғамдық-саяси ахуал жөнінде баяндады.
Қала әкімінің орынбасары әлеуметтік желілерде сөз болған бірқатар келеңсіз пікірлер бойынша түсініктеме берді. Мәселен, осы ай басында қаланың бірқатар аумақтарында электр қуатымен қамтамасыз етуде қолайсыз жайлар орын алған болатын. Оған күн райының күрт ысып кетуіне байланысты электр қуатының біршама аз өндірілуі себеп болған. Соған байланысты «KEGOC» диспетчерінің командасына сәйкес, «Оңтүстік-жарық» ЖШС біраз шектеулер енгізген. Сол себепті қаланың бірқатар аумақтары екі сағатқа жуық уақытқа жарықсыз қалған. Алдағы уақыттарда қаланың кейбір аумақтарында электр қуаты жоспарлы түрде ішінара өшірілуі мүмкін. Өйткені әуе электр желісі мен бағаналар ауыстырылады, жерасты кабельдері жөнделеді.
Жалпы, қаладағы әуе электр желілерінің 50 пайыздан астамы тозған. Соған байланысты «Оңтүстік-жарық» ЖШС тарапынан 2024 жылы түзілген инвестициялық бағдарлама аясында 100, 5 шақырым электр желісі, 36 дана трансформатор жаңғыртылған, 1 дана қосалқы станция салынған. Нәтижесінде электр желілерінің тозу деңгейін 57,3 пайыздан 57 пайызға төмендетуге қол жеткізіліп отыр. Ал 2025 жылы барлығы 9,5 шақырым әуе желісі, 33 дана трансформатор, 4 дана қосалқы станциялар жаңғыртылып, қосымша 3 шақырым электр желісі жүргізіледі. Нәтижесінде электр желілерінің тозу деңгейі 56,4 пайызға дейін төмендейді деп күтілуде.
Билетсіз жолаушыларға — 18 миллион теңге айыппұл
Бүгінде қаладағы қоғамдық көліктердегі бақылау да күшейтіліп отыр. Маусым айынан бері бақылаушылар автобустарда төлем жасамай жүргендерге қатысты «102» нөмірі арқылы полиция қызметкерлерін шақыруда. Соның нәтижесінде 1168 әкімшілік хаттама толтырылған. Тек 1 – 8-шілде аралығында ғана 983 билетсіз жолаушы жауапқа тартылған. Жалпы, биылғы жыл басынан бері осындай оқиғалар бойынша кінәлілерге қатысты 2339 әкімшілік хаттама толтырылып, 18 миллион 393 мың 896 теңге көлемінде айыппұл салынған.
Қала әкімдігі мұндай бақылауды алдағы уақыттарда да жалғастыратын болады. Бақылау-тексерудің 73 қызметкері күн сайын таңғы сағат 6.00-ден кешкі 22.00-ге дейін рейдке шығып, жолаушылардың билеттері мен көлік карталарын, сондай-ақ тегін жүруге құқын растайтын әлеуметтік немесе мектептік көлік карталарын тексереді.
Жаңа 200 автобус әкелінеді
Қазіргі таңда Шымкенттегі 82 бағыт бойынша 984 автобус жолаушылар тасымалымен айналысуда. Соның 845-і салқындатқыш жүйемен жабдықталған. 139 автобуста мұндай жүйе зауытта орнатылмаған. Кейінгі кездері қоғамдық көліктердегі осы салқындатқыш жүйелер туралы да біраз шағымдар айтылып жатыр.
Бұл мәселе негізінен айтқанда кейбір автобустардың отын ретінде сығымдалған газ – метанды пайдалануымен байланысты. Қазір қалада автобустарды газ-метан сығындысымен жабдықтайтын екі станция бар. Бірақ олар газбен жабдықталатын автобустарды толықтай қамтамасыз ете алмай отыр. Сол себепті кей автобустар салқындатқыш жүйелерін бір ауық сөндіріп отыруға мәжбүр. Осыған қатысты қала әкімдігі тарапынан үшінші газ станциясын салу мәселесі қолға алынған. Алдағы тамыз айында іске қосылады.
Қалада техникалық тұрғыдан ескірген, пайдаланылғанына 5 жылдан асып кеткен автобустар бар. «Ankai» маркалы автобустардың саны шамамен 300-ді құрайды. Тасымалдаушы мекемелермен бекітілген келісімге сәйкес, олар өз автопарктерін кезең-кезеңімен жаңартуға міндеттелген. Сол келісімдер негізінде алдағы қыркүйек айына дейін қалаға 200 автобус әкелу жоспарланып отыр.
Жұмыс істейтін жастар қанша пәтер алмақ?
Қала әкімінің орынбасары жұмыс істейтін жастар бағдарламасы аясында пәтер алып жатқандар жөнінде де қысқаша ақпарат ұсынды. Жалпы олардың саны – 844. Негізі 904 болған, соның 87-сі пәтерлерін кері өткізген. Себебі олар баспанаға ие болу кезінде заң бұзушылықтарға жол берген. Тағы 20 пәтер қайтарылу барысында.
Жолдама алуға бармағандардың саны 187 болған. Себебі белгісіз, зерттелуде. Ал барып, жолдама алғандардың саны – 657. Жолдама алғанымен құжаттарын рәсімдеу үшін банкке жүгінбегендердің қатары – 126. Жолдамамен жүгінгендер – 531, несиемен қамтылғандар – 362, оның ішінде қаржы берілгені – 229, мақұлданғаны – 132. 1 жолдама қаралу барысында. Банк несиелік тарихы нашар, төлемге қабілетінің болмауы және басқа да себептер бойынша 78 адамға несие беруден бас тартқан. Ал табысы жеткіліксіздігіне байланысты төлем қабілетін растай алмағандар саны 91 болып тұр.
Терезеден 4 бала құлап кеткен… Брифинг кезінде «Тұран» шағын ауданында орын алған қайғылы жағдай да айтылды. 2023 жылы туған бала үйінде ата-ана қарауынсыз қалып, көпқабатты тұрғын үйдің 6-қабатындағы терезеден құлап кеткен. Жедел жәрдем уақтылы жеткенімен сәбиді құтқарып қалу мүмкін болмаған. Қала әкімдігі, төтенше жағдайлар департаменті ата-аналар мен заңды өкілдерге мұндай қайғылы жағдайларды болдырмас үшін терезеге қауіпсіздік торларын орнату керектігін ескертеді.
Биыл жыл басынан бері Шымкентте 7 жасқа дейінгі балалардың терезеден құлауына қатысты 4 жағдай орын алған. Оның біреуінде ғана бала жарақаттанып, аман қалған. Бүгінде қала әкімдігі демеушілер есебінен әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасыларға, көпбалалы отбасыларға тегін блокиратор орнатып беріп жатыр. Әрине, барлығын бірдей мұндай блокиратормен қамтамасыз ету мүмкін емес, сол себепті ата-аналар кішкентай балаларды қадағалаусыз қалдырмау керек. Түсіндіру жұмыстарына айрықша көңіл бөлген жөн.
Дайындаған Д. ОРАЗ.
