Құрақ құрау – қазақ халқының ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан сәндік-қолданбалы өнерінің бірегей үлгісі. Ол тұрмыстық қажеттіліктен туындағанымен, уақыт өте келе ұлттық мәдениеттің, көркемдік талғамның және рухани құндылықтардың жарқын көрінісіне айналды. Әрбір құрақтың өрнегі мен түс үйлесімі халқымыздың дүниетанымын, табиғатпен үндестігін және өмір философиясын бейнелейді. Сондықтан құрақ өнері – тек қолөнер ғана емес, ұлттық кодты сақтап, мәдени мұраны дәріптейтін ерекше өнер.
Бүгінде құрақ өнері жаңа белеске көтеріліп, халықаралық деңгейде танылып келеді. Осы бағытта Шымкент қаласы мен Түркістан облысының «Аламан құрақ» жобасы бойынша көшбасшысы Ақмарал Таңатарқызының еңбегін ерекше атап өткен жөн. Оның ұйымдастырушылық қабілеті мен ұлттық өнерге деген жанашырлығының арқасында өңірдің көптеген қолөнер шеберлері республикалық және халықаралық жобаларға қатысып, қазақтың құрақ өнерін әлемдік деңгейде насихаттауда зор үлес қосып келеді.
«Аламан құрақ» жобасы алғаш рет 2023 жылы Астана қаласында 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай ұйымдастырылды. Жобаның негізгі мақсаты – құрақ құрау өнерін болашақ ұрпаққа аманат ету, оны әлемге танытып, ұлттық брендке айналдыру. Сонымен қатар, үйде отырған қарапайым аналар мен қыз-келіншектердің шығармашылық әлеуетін ашып, оларды қоғамдық белсенділікке тарту арқылы ұлттық құндылықтарды дәріптеу.
Қысқа уақыт ішінде бұл жоба кең ауқымға ие болып, еліміздің барлық өңірлерін біріктірген мәдени қозғалысқа айналып, туризмнің дамуына үлес қосып келеді. 2023 жылы еліміздің 17 облысынан 200 шебер қатысып, алғашқы рет халықаралық деңгейдегі рекордқа қол жеткізсе, 2024 жылы Астана қаласында өткен «V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары» аясында 450 шебердің қатысуымен бұл жетістікті қайта жаңартты.
Ал 2025 жылы Алматы қаласындағы «Медеу» мұз айдынында өткен ауқымды шарада Түркістан облысы мен Шымкент қаласынан келген 101 шебер алдыңғы саптан көрініп, өңірдің мерейін үстем етті. Дәл осы шарада алғаш рет «GLOBAL BEST OF RECORDS» әлемдік рекордтар кітабына әрбір шебердің есімі енгізілді. Ал, Шымкент қаласы мен Түркістан облысының «Аламан құрақ» жобасы бойынша көшбасшысы Ақмарал Таңатарқызы Ахметова әлемдік рекорд иегері атанып, күміс медаль және (GBR-дің) әлемдік сертификатымен марапатталды. (Күміс медальдің тіркеу нөмірі GBR-2025-069-0339 және берілген уақыты 27.01.2026 жыл екенін көрсетіп қоюды жөн көрдік). Бұл – халқымыздың құрақ өнерін халықаралық деңгейде мойындалғанының айқын дәлелі.
2026 жылы Өскемен қаласында өткен кезекті «Аламан құрақ» жобасында әлемдік рекорд қайта жаңартылды. Жобаның ерекшілігі – бір күннің ішінде бірден екі әлемдік рекордтың тіркелуі болды. 17 облыстан жиналған 789 шебер «Барқытбел» көрпешесі мен «Жылқы жастығын» бір қолдан шыққандай етіп, үйлесіммен жайып, ұлттық өнер жоғары деңгейде көрініс алды. Бұл жолы Шымкент қаласы мен Түркістан облысынан 87 шебер қатысып, өнердің абыройын асқақтатты. Жақында екі мәрте әлемдік рекорд орнатқан шеберлер GBR-дің «GLOBAL BEST OF RECORDS» III дәрежелі қола орденімен марапатталып, GBR халықаралық марапаттар тізіміне енді.
Сонымен қатар, Ақмарал Таңатарқызы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары С.Құранбек, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Е.Алтаев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Н.Сақтағанов мырзалардан Алғыс хаттармен марапатталып, GBR-дің хрустальды статуэткасын иемденді.
Қорыта айтқанда, құрақ құрау өнері — халқымыздың тарихи жады мен рухани болмысын айшықтайтын баға жетпес мәдени мұра. Бүгінде бұл өнер тұрмыстық қолданыс шеңберінен шығып, ұлттық бірегейлікті әлемге танытатын мәдени құндылыққа айналды. «Аламан құрақ» жобасы және оған атсалысқан шеберлердің ерен еңбегі халқымыздың құрақ өнерін халықаралық деңгейде дәріптеуге жол ашты.
Ұлттық өнерді ұлықтап, оны келер ұрпаққа аманат ету – әрбір азаматтың ортақ міндеті. Себебі, құрақтың әрбір өрнегінде халқымыздың тарихы, тағлымы және мәңгілік рухы сақталған.
Таңсұлу ЕГЕНБЕРДИЕВА,
Шымкент қаласы
әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының әдіскері.
