Uncategorized

Жасыл желек жамылған қала

  Өз атына сай қала атану үшін Шымкентте саябақтарды, жасыл желекті аумақтардың көлемін кеңейту мәселесінде нақты жобалар қолға алынып отыр.

Ағаш егу

Кешегі аптада халықаралық Жер күніне орай ASA жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен оқыту семинары өтті. Оған 40-қа жуық жас қатысты. Бұл экологиялық мереке қоршаған ортаны қорғауға, жер шарын жасылдандыруға және табиғатқа ұқыпты қарауды насихаттауға арналған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Париж келісімінің мақсаттарына қол жеткізу жолдары және Қазақстанның көміртегі бейтараптылығы» атты  халықаралық конференцияда сөйлеген сөзінде күнделікті тұрмыста көмірқышқыл газын сіңіруде орман өсіру маңызды рөл атқаратынын атап өткен-ді. Қазақстанда орман аз. Орман қорының ауданы 30 миллион гектар немесе бұл ел аумағының 11 пайызы болады. «Көгалдандыруда ауқымды бағдарлама жасалып, жұмыстар қарқынды жүргізілуде. 2025 жылға дейін екі миллиард ағаш отырғызылады. Бұл бастама үлкен халықаралық резонансқа ие ұлттық ауқымдағы жобаға айналды. Бұл міндет — өте өзекті, сондықтан оны көзбояушылықсыз жүзеге асыру керек», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осынау міндеттерді жүзеге асыруда белсенділік танытып отырған шымкенттіктер қоршаған ортаның тазалығы, экологиялық мәселелер мен оның алдын алудың жолдарын сөз еткен семинарда ой бөлісті. Халықаралық жер күні барлық елде жергілікті, ұлттық және халықаралық деңгейдегі ормандармен байланысты ағаш отырғызу науқандарын ұйымдастыруға бағытталған іс-шаралармен өтіп отырады. Ал экологиялық оқыту семинарының елімізде бастау алған «Жасыл аймақ» апталығымен сәйкес келуі де қатысушылар үшін зор жауапкершілікті сезіну болды. Семинарға қатысушылар қаладағы дендробаққа барып, 50-ге жуық көшет екті.

Халықаралық Жер күні 2009 жылдың 22 сәуірінен бастап, БҰҰ Бас Ассамблеясының 63-інші сессиясында бекітілген күннен бері атап өтіледі.

ASA жастар қоғамдық бірлестігінің төрайымы Данара Саранованың айтуы бойынша Шымкентте басталған семинар басқа қалаларда да жалғасын таппақ.

                  Көркейту

Шымкентте үш субұрқақ қайта жаңғыртылады. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Ордабасы алаңында және Түркістан, Тәшенов көшелерінің қиылысындағы «Көл» субұрқақтарын жаңарту бойынша сала мамандарына кешенді жұмыстар жүргізуді тапсырды. Жаңғырту аясында Әл-Фараби ауданында орналасқан жасанды су айдынын қалпына келтіру жоспарлануда. Қазір оның айналасын абаттандыру жұмыстары басталды. Сонымен қатар, су қоймасының аумағында субұрқақ іске қосылады. Жобада орындықтар, заманауи жарықтандыру шамдары мен көгалдандыру қарастырылған. Ордабасы алаңында жаңартылған субұрқақтар жақын күндері іске қосылады. Қайта құру барысында жақын маңдағы аумақты жабдықтау жоспарлануда. Бұл шаралар өз кезегінде мәдени нысандарға халықтың көптеп келуіне мүмкіндік береді.

Заманауи талапқа сай жаңартылған демалыс орындары қала тұрғындары мен қонақтары үшін тартымды әрі бос уақытты тиімді өткізуге арналған жайлы орын болады. Жобалар бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында іске асырылады.

Қайта құру

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков жақында Спорт шағын ауданынан дендросаябаққа дейінгі аралықтағы балалар теміржолының қазіргі жағдайымен танысты. Бұған дейін тұрғындар бұл нысанның жылдар бойы тоқтап қалу мәселесін қала әкіміне бірнеше рет айтқан болатын. Ескере кететіні, бүгінде рельсті темір жол желісін қайта құру қыруар қаражатты қажет етеді. Себебі, қазір нарықта тар жолдарға арналған локомотивтер мен вагондар жасалмайды.

Сала мамандарының сараптауы бойынша мұндай композицияның тапсырысы көп уақытты алады, ал құны тым қымбатқа түседі. Теміржолдың біраз бөлігі тұрғын үйлерге жақын орналасқаны да мәселені шешуді қиындатады. Жолдың екі жағынан тиісті қауіпсіздік арақашықтық сақталмағандықтан, бұл аумақтар адам өміріне қауіп төндіруі әбден мүмкін. Жағдайды жан-жақты зерделеп, Арғынбеков-Бәйдібек би жол айрығын салу кезінде темір жолдың бір бөлігі бұзылғанын ескерген қала басшысы жауаптыларға жаңа жаяу жүргіншілер жолын салудың тұжырымдамасын дайындауды тапсырды.                                                                                                                                                                                               

Жоба аясында жүгіру және велосипед жолының шақырымы ұзарып, ағаштар отырғызылады, көгалдар төселеді, бірнеше воркаут алаңдары салынады. Азаматтардың белсенді демалуына бағытталған бұл жоба да бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жүзеге асырылады.

144 көше жөнделеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Халық қатысатын бюджет» жобасына терең мән берілген. Аймақ басшыларына бюджет қаржысын тиімді пайдаланып, 10 пайызын тұрғындардың өтініші бойынша нақты жобаларға жұмсау керектігі тапсырылған. Бұл орайда әрине басты назар тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығына қатысты жобаларды жүзеге асыру маңыздылығы артуда.

Шымкентте осыған орай жол инфрақұрылымын дамыту мақсатында жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Қала әкімдігі мегаполис жолдарын заман талабына сай ету үшін бар күш-жігерін жұмылдыруда. Жол-көлік инфрақұрылымын кешенді дамыту жолдардың сапасын арттырып, апатты жағдайлардың азаюына және көшелердегі кептелістерді айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді.

Қонаев даңғылының жалғасы 7 кезеңнен тұрады. Қазіргі уақытта жұмыстар аяқталып, 1, 3 және 4-кезеңдері пайдалануға берілді. 2 және 5-кезеңдерін жүзеге асыру бойынша құрылыс жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар, Өтегенов көшесі ұзартылып, 1,2 кезектері бойынша жұмыстар жүргізілуде. Биылғы жылы Қонаев даңғылын жаңғырту бойынша 2-кезеңін, ал Өтегенов көшесі бойынша 1,2-кезеңін аяқтау жоспарланып отыр. Бұл ретте қала әкімдігі қалаішілік жолға ғана емес, тұрғындар үшін де, көршілес аудан, қала тұрғындары үшін де маңызды айналма жолдарға ден қоюда. А-2 айналма жолын қайта жөндеу жұмыстары мегаполис басшысының тікелей бақылауында. Бұл бағыттағы жұмыстар 8 кезеңнен тұрады, оның 1, 2 және 3-і аяқталып, жыл соңына дейін пайдалануға берілді, 4, 7 және 8-кезеңдерін аяқтап, пайдалануға беру жоспарлануда. Ал 5 және 6 кезеңдері келесі жылы қолданысқа беріледі.

Сонымен қатар, Бәйдібек би даңғылындағы көлік қозғалысын оңтайландыру және кептелістерді азайту үшін биыл Ы.Алтынсарин көшесін қайта жөндеу жұмыстарын бастау жоспарлануда. Қалада Юсупов, Тамшыбұлақ, Жаңа қоныс, Ізенді көшелерінде де күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Қалаішілік көшелерді орташа жөндеуден өткізу мақсатында биыл ұзындығы 92,6 шақырымды құрайтын 144 көше жөнделеді. Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының жұмыс жоспарына сәйкес қауіпсіз жол қозғалысын ұйымдастыру мақсатында магистральді және орамішілік көшелерде шұңқырларды жамау жұмыстарын жүргізу, сол арқылы 420 000 шаршы метр аумақты қалпына келтіру жоспарлануда.

Айта кетейік, жөндеу жұмыстары кезінде қаланың 10 көшесінде жол бөлігінің қызмет ету мерзімін ұзарту үшін қайта өңдеу технологиясы қолданылады. Негізгі 8 көшеге микросерфейсинг технологиясы енгізіледі. Бұл әдіс жұмысты күн суығанда да жүргізуге мүмкіндік береді, жол құрылысы маусымын ұзартады. Сонымен қатар, қаланың орталық көшелеріне «қалқымалы» қақпақтар орнатылады. Бұл кәріз қақпақтарының істен шығуына және көлік жүктемесіне байланысты олардың бұзылуына жол бермейді.

Аталған жобаларды жүзеге асырумен қатар Шымкентте жолды күтіп ұстау, жаңғыртуға бағытталған бірқатар жұмыстар атқарылуда. Жалпы қолданыстағы автомобиль жолдары мен тротуарларға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде, сондай-ақ қозғалысты ұйымдастырудың техникалық құралдары: жол белгілері, бағдаршамдар орнатылуда. Қала аумағында бүгінде 1886 аялдама бар. Оның ішінде ескі үлгідегісі – 838, 500-і жаңа аялдама. Биыл қоғамдық көлік аялдамаларын жаңарту жұмыстары жалғасады.

Осылайша жыл соңына дейін қосымша 4 мың жол белгісі, 39 бағдаршам орнатылып, 10 мектеп жанынан трапеция тәрізді жаяу жүргіншілер өткелдері орнатылады деп жоспарлануда. Қала көшелерінің қауіпті учаскелеріне, мектептер мен балабақшалардың маңына 1500 метр жасанды жол кедергілері орнатылады. Жол қиылыстары мен көлік өткізу қабілетін арттыру мақсатында жыл соңына дейін 190 бағдаршам нысанында интеллектуалды көлік жүйесін енгізу жоспарлануда. Жоспар бойынша 2026 жылға қарай қаладағы барлық бағдаршамдар толық интеллектуалды көлік жүйесі ITS-ке қосылады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *