Мәселе

МАҚТА МАШАҚАТЫ

Машақаты мың түйеге жүк болса да Түркістан облысында мақта шаруашылығын дамыту қарқын алуда. Тіпті, бұрын жүгері егумен жүйелі түрде айналысқан отырарлықтар да бүгінде мақтаға бет бұрған. Бірақ, шаруа ала жаздайғы есіл еңбегінің рәтін көре алмай отыр.

Себебі, қолдағы өнімді зауытқа өздері тікелей өткізе алмайды. Араға делдал түсіп алған. Шаруадан арзанға алып, зауытқа қымбатқа сатады. Екіортада шаруаның еңбегі өз дәрежесінде ақталмай отыр. Мақтасыз елестете алмайтын Жетісай мен Мақтаарал ауданының шаруалары «бұл іске бақылау жасайтын, делдалсыз табыс табуымызға мүмкіндік беретін адам бар ма?» деп қамығуда.  

Рас, мәселесі көп мақта шаруашылығынан бас тартып, бір кездері мырзашөлдіктерге егістің басқа түрін араластырып егу де ұсынылған-ды. Бірақ жергілікті шаруалардың қолындағы техникасы мақтаға бейімделіп, тәжірибесі де осы егіс түріне тікелей қатысты болғандықтан, аталған ұсынысқа онша қолдау бола қоймады. Ал, мақта машақатының толастайтын түрі жоқ. Тығырықтан шығар жол іздеген бір топ мақташылардың жуырда облыс әкімдігіне арнайылап барғанын білеміз. Бұлардан басқа алаң көңілде жүргендер қос ауданда әлі де аз емес. Солардың бірі Еркін Тұрсынбаев мәселенің мән-жайын төмендегіше түсіндіреді. «Мақта терім аяқталды. Шаруа келесі жылдың қамына кірісуді жоспарлауда. Ол үшін, әрине, қаржы керек. Мақташылардың көпшілігі биылғы терімнің ақысын ала алмай, сарсаңға түсуде. Біз, яғни бір ауылдың мақташылары бар өнімді «өзім өткізіп, ақысын өзім алып беремін» деп уәде еткен бір кісіге жиып-теріп бергенбіз. Менің өзім 18 тонна мақта өткіздім. Бәріміздің атымыздан мақтаны қоймаға сол тапсырды. Бірақ бізге ешқандай құжат бермеді. Енді оның өзін таба алмай жүрміз. Не істерімізді білмей, айналшықтап зауытқа барамыз. Онда есепшіден басқа ешкім жоқ. Бізді ішке кіргізбейді. Мақта өтпей жатыр деп сылтау айтады. Ел құлағы елу ғой, естуімізше, бізден тоннасын 240 мың теңгеден алған мақта қабылдау бекеттері оны Отырар ауданындағы Қытай зауытына 700 мың теңгеден сатып жатқанға ұқсайды. Ол зауыт мақтаны жеке шаруалардан қабылдамайды. Бұл монополистердің істеп отырғаны. Әкімдік келесі жылы осы мәселені оңды шешіп, мақтаны зауытқа тікелей өзіміз өткізуге ықпал жасаса дейміз. Үкімет делдалдардан арылу керек дегенмен олар қайта шырмауық секілді қаптап барады. Біздің қазір ақшамызды күтіп, қол қусырып отыруға уақыт жоқ. Зауытқа тағы барамыз, бермесе облыс әкімдігінің алдына жиналып, өз талабымызды қоюға мәжбүр боламыз».

Шаруалардың осы алаңдаушылығынан құлағдар болған соң біз Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Нұрбол Саттаровпен байланыстық. Ол кісі жағдайдан хабардар екенін, зауыт басшыларымен хабарласқаннан кейін нақты жауабын айтатын болды. Көп ұзамай қайта байланысқан Нұрбол Жақсылықұлы былай деді: «Зауыттың вице-президенті Берік Қыдырәлиевпен хабарластым. Мақта сатылмай жатыр екен. 3 млрд теңге қарызы бар екенін мойындап отыр. Алушылар табылса, қарыздан бірден құтылуға уәде берді. Мен бірінші кезекте ұсақ шаруалармен есептесу керектігін ескерттім. Өйткені, оларда келесі жылдың егісі үшін қажет артық ақшалары жоқ. Бұл жағдай назарда болады».

Күннің ыстық-суығына қарамай, жыл бойы талмай еңбек еткен мақташылар еңбек ақысын ала алмай, әр есікті қағып жүр. Ал мақта қабылдау бекеті мен мақта зауытының иелері айлап шетелде демалады деседі. Егер шынымен мақта өтпесе, құнсыз болса олар шалқып емес, шаруасы шатқаяқтап кетуі керек емес пе? Содан кейін шаруалардың «мақтаны қытайлықтарға қымбатқа сатып жатыр» деген сөздің шындыққа қаншалықты сай келетінін облыс басшылығы неге зерттеп-зерделемейді?

«Елемеген ауру, ескермеген дау жаман» дегенді естен шығарып алмау керек.

Ұлықбек ҰМБЕТ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *