Қоғам Мәселе Шымкент

Шымкентте шарбақ ұрлап, қоқыс шашқан кім?

     

Шымкент жыл сайын көркейіп, ажары ашылып келеді. Дегенмен, көңіл қынжылтатын жайлар да болып тұрады. Мысалы, бүгінде Қырғы базардың бұрынғы Неке сарайы тұрған бетіндегі аяқжолмен өткен адам осындай бір келеңсіз көрініске куә болады. Қаланың қақ ортасындағы жол жақтауына орнатылған темір торлы шарбақтың бір бөлігін әлдекімдер кесіп әкетіпті. Оған да біраз уақыт болып қалған сияқты. Шарбақ астына үш қатар етіп қаланған кесектерді де көтеріп кетіпті.

Бұл шарбақтың арғы жағы бес-алты метрге дейін терең, яғни адам абайсызда құлап кетпес үшін орнатылған. Бүтінді бүлдіру кімге керек болды екен? Әлде құныққан біреулер бұл темірден де пайда табуды кәсіп етіп жүр ме? Қазір көше-көшенің барлығында бақылау камералары бар, полиция неге мұнымен айналыспайды? Әкімдік те ортақ мүліктің сақталуына мүдделі емес пе еді? Жергілікті тұрғындардың да бұл келеңсіздікті байқамағаны, байқаса да немқұрайдылық танытқаны түсініксіз. Енді ортақ қазынадан қайта қаражат шығарып, оны жөндеу керек. Қалпына келтірмесе, жаяу жүргіншілердің, тіпті, көліктің де құлап кету қаупі бар. Әлде бастапқы қалпына келтіру үшін міндетті түрде бір адам майып болуы керек пе?!

«Әп-әдемі етіп жасап қойған шарбақты кесіп әкеткеніне таңқалып тұрмын, — деді осында бізге кезіккен қала тұрғыны Мақсат Шәлімбетов. – Мынаны тапа-тал түсте немесе түнде келіп кескен адам жүрек жұтқан біреу шығар. Көлік тынымсыз қозғалатын, адамдар жиі өтетін жер ғой. Темірді арамен немесе дәнекерлеуші құралмен ғана кесуге болады. Бүгінде тәп-тәуір дүниені қиратып жатқанды көрген адамдар да тоқтау айтып, қой демейді. Қала жыл сайын жаңартылып жатқанда бір шетін қиратудан арланбайтын осындай адамдар қайдан шығады екен? Ана жерге біреулер қоқыс тастап кетіпті. Ұстап алып, сазайын тартқызу керек қой мұндайлардың!».

Расында да аяқжолдың бір тұсында қоқыс үйіліп жатыр, тіпті, қойдың қырқылған жүнін де тастап кетіпті. Оны тазалықшылар ертелі-кеш әйтеуір бір жинап алатын шығар, бірақ азаматтардың тазалық мәдениетін үйреніп, оны жүзеге асырмайынша жағдайдың түзелуі қиын. Ендеше қала тұрғындарының бойында осындай келеңсіздіктерге төзбеушілік әдет қалыптасуы керек-ақ. Әркім өзінен бастасын, өз іс-әрекетіне баға берсін, ортақ игіліктегі нәрсені шашпасын, ластамасын, бүлдірмесін. Бүлдіріп жатқандарды көргендер оларды ұялтып, тоқтау салсын. Ал құқық қорғау орындары ондайларды анықтап, жазаласын. Бүгінде Шымкентке алыс-жақын өңірлерден, шет мемлекеттерден келетін қонақтар, туристер көп. Солар мынадай мәдениетсіздікті, тәртіпсіздікті, жаны ашымастықты көрсе, ұят емес пе?

Ешкім де өз үйін аңғал-саңғал етіп шашып, айналасын қоқысқа толтырмайды. Ортақ үйіміз – Шымкент шаһарының да таза әрі жинақы болуы бәрімізге керек. Сондықтан жан-жағымызға қарап, кемшіліктерді түзей жүрейікші.

Х. АСАН

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *