Кешегі аптада Сайрам ауданына жаңа әкім тағайындалды. Ендігі жерде ауданды Арман Сәбитов басқаратынын айтып, аудан халқына жаңа әкімді таныстырған облыс басшысы Дархан Сатыбалды ауданда қордаланған бірқатар мәселелерді де атап айтып, келеңсіздіктерді жойып, тәртіп орнатуды тапсырды.
Тапсырманы орындауға бірден кіріскені болар жаңа әкім сенбі күні аудан аумағында жалпыхалықтық сенбілік ұйымдастырды. Әсіресе, аудан орталығы Ақсукенттің жүдеу көркіне қатысты тиісті сала мамандары мен ауыл әкіміне бірқатар сын айтып, ескерту жасады. Күл-қоқысы көрінген жерде үйіліп, көгалы қурап, тал-терегі сарғайып кеткен көше бойы мен дендросаябақты аралап көрген жаңа әкім абаттандыруға көңіл бөлуді тапсырды.
Орталық дендросаябақ аумағындағы Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне арналған ескерткіштің маңайы, Неке сарайы, спорт алаңы, бәрі де қараусыз қалған. Шөп өсіп, қураған ағаш бұталары, сыры көшкен ғимараттар көзге оғаш көрінеді. Мұнда тұрғындар келіп демалуына жағдай жоқ. Саясы азайған, арнайы орындықтары қираған дендросаябақтан күй кеткен. Сол сияқты «Мәртөбе» алаңы көптен қараусыз қалғаны байқалады. Абылайхан ескерткішінің маңындағы су бұрқағы мен жол соқпақтың плиталары көшіп, қираған тұсы көп.
— Аудан орталығы тазалығымен, көркімен өзге ауылдарға үлгі болуы керек емес пе?! Қоғамдық тәртіп сақталуы керек. Жасыл шыршалар мен қара ағаштар жайқалып, түрлі гүлдерге толып, айналасы көгеріп тұрғаны көпшілік демалатын орынға көрік береді. Бірақ, бүгінгі көрініс олай болмай тұр. Осы аумақты күтіп-ұстауға тиісті қаржы қаралғандықтан, жауапты мекеме міндетіне алып, жұмыс жүргізуі тиіс. Алайда, демалыс орнын күтіп-ұстаудың орнына, қараусыз тұрғаны, ал ауыл әкімшілігінің күнделікті бақылау жасамайтыны байқалды. «Мәртөбе» алаңының көрінісі де сын көтермейді. Субұрқақтары мүлдем іске қосылмаса, орнын басқаша пайдаланып, көгалдандыруға болады. Дүңгіршектер мен балаларға арналған ойын алаңдары бойынша тиісті шара қабылдаңыздар. Ауылдық округі әкімінің ең бірінші кезектегі жұмысы бұл тазалық екені есіңізде болсын. Тапсырмаларға жауапкершілікпен қарап, қысқа мерзімде қалпына келтіруді талап етемін, — деді аудан әкімі Арман Сәбитов.
Абаттандыру және көріктендіру-көгалдандыру жұмыстары бойынша аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Б.Бейсембаев және Ақсукент ауылдық округінің әкімі Ә.Бөрібековтерге нақты тапсырма жүктелді. Ақсукент-2 ауылындағы көпқабатты үйлердің маңында орналасқан қоқыс алаңына алаңдаған тұрғындардың арыз-шағымы да аз емес. Аудан басшысы осының бәрін тілге тиек ете отырып, тұрғын үйлердің қасбеттерін жөндеу және тазалық мәселелерін тез арада қалыпқа келтіруді тапсырды.
Айта кету керек, сайрамдықтар диқаншылыққа бейім халық. Жер емген азаматтар көп. Солай бола тұра, ауыл-аймақта, көше бойында жайқалған гүл, жасыл желек, саялы ағаштарды көру қиын. Неге? Мәселенің бір парасы судың тапшылығы болса, екінші бір парасы ауыл әкімдерінің салғырттығы, тұрғындарды ұйымдастыра білу, тірлікті ұйыстыра білу қабілетінің жоқтығында болып тұрған сияқты.
Сенбілік ауданның барлық ауылдық округінде өтті. Аудан әкімінің орынбасарлары өздеріне бекітілген ауылдық округтеріндегі тазалық жұмыстарын қадағалады. Ал, бұл тапсырмадан шығатын нәтижені уақыт көрсететін болады.