Әлеумет

Жұқпалы кеселге кезігіп жүрмеңіз…

Жаз – жаппай саяхаттау мерзімі. Шетел асып, ел көрген, жер таныған жақсы, алайда, қауіпті де ұмытпау керек. Соның бірі – жұқпалы аурулар..

АҚШ-та 12 мың адам іш ауруынан зардап шегуде

Кешегі аптада АҚШ-та «циклоспориаз» деп аталатын аурудан екі адам бақилық болды. Бұл дертті елдің оннан аса штатында 12 мың адам жұқтырғаны туралы айтылуда.

Циклоспориаз – негізінен климаты ыстық, сондай-ақ санитарлық жағдайы төмен елдерде кездесетін ішек ауруы. Ол көбіне ластанған ауыз судан, дұрыс жуылмаған көкөніс пен жеміс-жидектен, асқа, салатқа қосылатын дәмдік шөптерден жұғады. Оны жұқтырған жанның іші түйіліп ауырады, желденеді, диарея әлекке салады, жүрегі айнып, тамаққа тәбеті қашады. Аш ішектің жұмысы бұзылып, ішілген ас құрамындағы қажетті заттардың ағзаға сорылуы нашарлайды. Минералдар іштің өтуі арқылы да азаяды, адам әбден әлсірейді.

Бір қаупі – кей адамда ол көпке дейін еш симптомсыз өтуі де мүмкін, осылай «үндемей» асқынса тіпті де ауыр әсер етеді. Дер кезінде емдеу шараларын жүргізбесе жағдайы мүшкілге айналады. Қауіпті арттыра түсетін тағы бір жай – адамның оны алғашында аса елемеуі, «айығып кетермін» деп уақыт өткізіп алуы, өз бетінше емделуі, медициналық жәрдемге жүгінуді кешіктіруі. Циклоспориазды нақты анықтау үшін зертханалық жұмыстар жүргізілуі тиіс, бұл да уақыт алады.

АҚШ-та бұл аурудың таралуына Мексикадан жеткізілген салат жапырағы себепкер деген тұжырым жасалды. «Айсберг салаты» деп аталатын бұл бақша өнімі кәдімгі орамжапыраққа ұқсайды. Кейде оны «Бейжің орамжапырағы» деп те атайды. Жапырақтары сөлді, қытырлақ келеді. Оны адамдар ағзаға пайдалы деп сүйсініп жейді.

Бүгінде АҚШ-та «Айсберг салатын» сатпау, оны барлық сауда нүктелерінен алып тастау жөнінде ескертілуде. Шетелден жеткізіліп, таралып кеткен салат партиясының ішінде циклоспориаз қоздырғыштарымен зақымданғандары болуы әбден мүмкін. Өйткені ол салаттың жапырақтары ірі әрі қатпарлы болады, ешқандай да ыстықпен өңдеусіз, шикі күйінде тұтынылады. Жапырақ қатпарларына ауру қоздырғышы түссе, ол бірер шайғаннан кете қоймайды. Ауру қоздырғышы жапыраққа оны ору, жинау, сақтау, орау, тасымалдау кезінде ғана емес, оған дейін де, лас су, органикалық тыңайтқыштар арқылы түсуі мүмкін.

Бұған дейін де ақпарат құралдарынан, әлеуметтік желілерден кей елдерде, круиздік лайнерлерде таралған норовирус, хантавирус, Денге безгегі, Зика жұқпасы сияқты аурулар жөнінде естігенбіз. Ал сол жерлерден бізге түрлі мақсатпен адамдардың келетіні бар, өзімізден де Оңтүстік-шығыс Азия, Африка, Еуропа, Америка жақтарға саяхаттап келіп жүргендер жетерлік. Солардың кейбірі жұқпалы ауру жұқтырып, оны елге әкеліп жатқан жоқ па екен деген де уайым келеді көңілге.

Кей елдерде ғасырлар бойы адам қонысында тіршілік етіп келе жатқан қансорғыш жәндіктер болады. Сондай жәндіктердің ұрығы адамдардың денесі, киімі, заттары арқылы да келуі мүмкін ғой. Бүрге, қандала сияқты жойылуы қиын қансорғыш жәндік ұрықтары келіп жатқан болса ше?.. Қолайлы жағдай туса, олар жанданып, көбейеді, жаңа ортаға тез бейімделеді емес пе?

Бетін аулақ етсін дейік, сондай кейбір шетелдік ауру жұқпалары, зиянды жәндік тұқымдары қандай да бір жолмен біздің елге келіп қалса, жедел таралып жатса, оған тойтарыс беруге біздің медицина мен залалсыздандыру қызметі қаншалықты дайын?

«Сақтықта қорлық жоқ» деген, бұл бағытта да қауіпсіздік жағын ойлап қойған дұрыс-ау. Елімізге жатжерлік проблемалар жоламаса екен, әйтеуір.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *