Оқ тиіп жарақаттанған Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовтың жағдайы қазір бірқалыпты. Қалалық ауруханада түнде оған жедел түрде операция жасалған. Оқ өкпесі мен бауырына тиген деген болжам бар. Қалалық Денсаулық сақтау басқармасының ресми өкілі хабарлағандай операция барысында қан кету тоқтатылып, жарақаттанудан болған зақым қалпына келтірілген. «Өміріне қауіп жоқ. Пациенттің жағдайы тұрақты ауыр деп бағаланады. Ол дәрігерлердің тұрақты бақылауында және барлық қажетті медициналық көмекті алуда» дейді басқарма мамандары.
Айта кетейік, Руслан Берденовке 2025 жылғы 21 сәуір күні кешкі сағат 20:30-да қарулы шабуыл жасалған. Шымкент қаласы әкімдігі ғимаратының іргесінде оқ атылып, қала әкімінің орынбасары жарақаттанған.
«Қылмыс жасаған күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның барлық мән-жайы тергеу барысында анықталады. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді» Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі осылай деп отыр.
Ал әлеуметтік желіде бұл оқиғаны сан-саққа жүгіртіп, түрлендіріп жатқандар аз емес. Бұл қастандықты «тұрмыстық сипатта, жеке себептермен, соның ішінде қызғаныш жағдайынан туындаған» деушілер де аз емес.
Бір анығы Руслан Берденов Парламентте депутат болып отырғанда құмар ойынға тыйым салатын заңның қабылдануына белсене араласқан азамат. Ол Respublica партиясының өкілі. Қазір партиялас әріптестері бұл оқиғаның орын алуына оның қай істе болмасын заң аясында әрекет ететіндігі мен адалдықты талап етуінен орын алуы мүмкін деп отыр.
«Құмар ойындарға тиым салы турады Заңды дайындау барысында құмар ойыннан миллиардтап ақша тауып жүрген букмекерлік конторалардың артында тұрғандар заңды болдыртпау үшін Русланға өте көп ақша ұсынған. Ал ол үзілді-кесілді бас тартқан. Болмаған соң өзіне, таныстарына әртүрлі жолдармен қоқаң-лоқы да жасалған» дейді белгілі теолог Қайрат Жолдыбай.
Руслан Берденов Шымкент қаласы әкімінің орынбасары лауазымына жақында ғана тағайындалды. Өзара достарына «Шымкентте жұмыс істеу оңай емес екен. Құрылыс саласында реттейтін жұмыс көп. Бұл саладағы лайықсыз бір адамды қызметтен шеттетудің өзі әжептеуір әурешілік. Адал жұмыс істеуге кедергі көп екен» дегенге ұқсайды.
Сонымен, Берденовке оқ атқан кім?
Алдын ала таралған ресми мәліметте күдікті ретінде — 1994 жылы туған Жиенбай Ернар Жиенбайұлы ұсталғаны айтылуда. Оның Р.Берденовтың көлік жүргізушісі оқиға орнынан із суытып кетпеуіне мұрындық болған көрінеді. Ернар Жиенбай – Шымкент қаласы әкімдігіне қарасты «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС-нда жұмыс істеген. Әкімдік тарапынан жарияланатын мемлекеттік тапсырыстар аясында жұмыс істеп келген бұл серіктестіктен жақында ғана күдікті қызметтен алынған екен. Ол Берденовке «Сайга-12» аңшы мылтығымен үш рет оқ атқан.
Respublica партиясының тең төрағасы, кәсіпкер Бейбіт Әлібековтің жазуынша күдікті Ернар Жиенбай Руслан Берденовке тікелей қарасты салада қызмет атқарған. «Бұл жерде құрылысқа қатысты кемшіліктерді жою талабына бағынбаудың салдары болуы мүмкін» деген нұсқаны алға тартқан партияластары «тұрмыстық жағдай, әйелін қызғаныпты» деген нұсқалардың тіптен негізсіз екенін де жасырмайды.
Айта кетейік, әлеуметтік желіде Берденовке оқ атқан күдікті «Берденов әйеліне қырындаған көрінеді, қызғаныштың салдарынан оқ атқан» деп шуылдағандар бар.
Руслан Берденовтің партияласы Бейбіт Әлібеков бұл болжамның шындыққа жанаспайтынын айтты.
Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар ісі бөлімінің басшысы Әйгерім Жұмағұлова өзінің Фейсбугтегі парақшасына «Только что в ДВД общалась с супругой задержанного. Женщина приехала для дачи показаний по делу. Она заявила, что с Берденовым лично не знакома.
В таком случае, о каких домогательствах может идти речь?» деп орыс тілінде жазба қалдырды. Ол онда күдіктінің әйелі тергеу амалдарына байланысты полицияға шақырылып, одан түсінік алынғанын «Берденовты танымайтындығын, үй шаруасындағы әйел екенін айтты» дейді.
Ресми органдар әзірге қылмыстың себебін нақты айтқан жоқ.
Ал «Берденовке оқ атқан» деген күдікпен қамауға алынған Ернар Жиенбай жұмыс істеген «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС-і толығымен мемлекетке тиесілі мекеме. Онда шамамен 20-30 адам жұмыс істейді. Шымкенттіктер бұрын мекен жай туралы анықтаманы осы мекемеден алатын еді. Қазір көпқабатты тұрғын үйлердің қас беттерін әрлеумен, аула тазалықтарын сақтаумен, лифтерге қызмет көрсетумен айналысады.
Жиенбай Ернар бұл ЖШС-ға басшы болып 2024 жылы шілденің 1-інде тағайындалған. Бұл кәсіпорын мемлекетке 50 млн салық төлеп келген-ді, ал 2021-2023 жылдар аралығында бюджетке төлеген салық көлемі артқан. Мысалы, 2025 жылы 12 млн теңге төлеген.
Сонымен бірге Шымкенттегі құрылыс саласындағы ең ірі тапсырыстар дәл осы – Тұрғын үй қорын жаңартып, тозығы жеткен үйлерді сүріп, орнына жаңа үй салатын реновация бағдарламасы аясына жұмсалуда.
Кеңестік кезеңде салынған апатты, ескі үйлерді жаңғырту бағдарламасының бірден бір операторы да осы «Тұрғын үй Шымкент» ЖШСі.
Айтпақшы, дәл осы мекемені бсқарған Мұхтар Мұхамеджан 2019 жылы істі болып,8 жылға сотталған-ды. Оған «мемлекеттің 30 млн теңгесін заңсыз иеленген» деген айып тағылған.