Немесе «Аурыуын жасырған –өледі»
Отырар ауданындағы Көксарай ауылы тұрғындарының денесіне белгісіз бір жара шығуда. Ол жараның көрші елді мекендер, тіпті аудан орталығы – шәуілдірліктерге де жұға бастағаны алаңдатып отыр. Оны біреулер лейшманиоз десе, екіншілері белгісіз жара екенін айтады. Арнайы зертханалық тексеруден өткізген дәрігерлер оны лейшманиоз емес дейді.

Жұқпалы саналатын лейшманиоз негізінен сонау Африка, Үндістан және Таяу Шығыс пен Оңтүстік Мексикада кездеседі екен. Инфекция үндеместен (құм масасы) адамды шаққан кезде жұғатыны анықталған. Жараның кейбір түрі адамның ішкі құрылысына зақым келтіреді.
Міне, осыған ұқсас жараның көбейе бастағанына алаңдаған ауыл тұрғындары редакциямызға хабарласыпты. Мәселенің жай-жапсарын білмек мақсатта күннің жексенбі екеніне қарамастан дереу Көксарайға жеттік. Тұрғындармен сөйлестік, уәждерін тыңдадық. Ауыл тұрғындары Хайрулла Аймұрзаев, Нұржан Қожахметов, Кенжехан Төлепов белгісіз жара ауыл тұрғындарын алаңдатып отырғанын айтса, ауылдық округ әкімінің орынбасары Дархан Қайыпназарұлы жара жаппай жайылмас үшін қандай жұмыстар атқарылып жатқанын баяндады. Айтылған әңгімеден ұққанымыз, белгісіз жара кез келген жастағы адамдарға шыға береді екен. Дәл диагноз қойып, уақтылы емделмесе вирус еттен өтіп, сүйекке жететін сыңайлы. Қанға өтіп кеткен жағдайда адам өліміне ұласуы мүмкін.

Осы мәселені республикалық деңгейде көтеріп жүрген Хайрулла Аймұрзаев өз білгені жайында былай дейді: «Жұрт белгісіз деп айтып жүрген жара жайына алаңдап, аудан, облыс әкіміне дейін шығып, болмаған соң Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға хат жаздым. Бірақ, мәселе шешімін табар емес. Тұрғындар қиналуда. Жара менің жеті жерімнен шықты. Әбден әбіржітті. Жазылуы өте баяу болады екен. Күн суытса құтырып, үлкейе береді. Арнайы зерттеу жүргізіп, жараны таратушы тышқандар деп топшыладық. Дәлірек айтқанда, вирус тышқанды шаққан үндеместен адамға өтеді. Мамандар далада жейтін азықтың азаюынан дала тышқандары ауылға жақындай бастағанын айтады. Ең қиыны – бұған тағайындалатын нақты ем болмай тұр».
Біз дабыл қаққан күннің ертеңіне Отырар ауданы әкімінің орынбасары Айдос Құлмақанұлы орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Жасұлан Байназаров, дерматолог дәрігер Абзал Сәрсенбаев, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Азамат Тілеу, Көксарай ауылдық округінің әкімі Әлімжан Қалмұратұлы, аудан белсенділері Хайрулла Аймұрзаев, Бегімше Ибрагимов пен әкімдіктегі басқа да жауапты мамандардың қатысуымен шұғыл жиын өткізді. Жиын барысында дерматолог дәрігер А.Сәрсенбаев облыстағы мамандар тарапынан бір лейшманиоз ауруының тіркелуінің өзі алаңдауға себеп болса, ауданда осыған ұқсас жара жұқтырғандардың қатары бірнеше оннан асып кеткендігі тіпті дабыл қағарлық ахуал екенін айтты. Ал Х.Аймұрзаев анықтау жұмыстарының барлық ауылдарда бірдей жүргізілмей жатқандығына алаңдаушылық білдірді. «Менің қадағалауыммен бір Көксарайда жара шыққан 72 адамды анықтадық. Басқа ауылдарда бұл көрсеткіш 2-3 адамнан аспайды. Демек, тиісті жұмыс өз дәрежесінде атқарылмайды немесе орталық ауруханада мәлімет дұрыс көрсетілмейді. Жара шыққандардың 28-і ересек болса, 44-і – кішкентай бала. Осыдан расталғаны 8 екен. Сонда қалған 64-інің жарасының не болғаны, оның емі қандай, енді не істеуі керек? Нақты диагноз қойылып, нақты ем болмағандықтан адамдар өз білгендерімен емделуде. Бұл өте қауіпті», – деп ашына сөйледі.

Ұзаққа созылған талқылаудан кейін күресті үндемеске емес, тышқандарға қарсы жұмылдыру керектігі айтылды. Ол үшін облыстан қаржыны дезинфекцияға емес, дератизацияға көбірек бөлуді сұрайтын болды. Сондай-ақ, тышқандарға қарсы жұмысты ауылдық округ әкімдігінен алып, басқа құзырлы органдарға өткізу – кезек күттірмейтін мәселе деген тоқтамға келді. Айдос Құлмақанұлы өз кезегінде ауылдық округ әкімдері мен ауылдық емхана қызметкерлеріне түсіндіру, аурумен күресті, жараны анықтауды ашық жүргізу керектігін тапсырды.
Елді үрейлендірген жара отырарлықтарды ғана емес, облыс басшыларын да алаңдатып, жұмыла жұмыс атқарылуы тиіс. Ол үшін, әрине, жараны жасырып, жауырды жаба тоқудың қажеті жоқ. Керісінше, ашық айтып, қауіптің алдын алған жөн. Әйтпесе, «ауруын жасырған ажалмен жолығады».
Ұлықбек ҮМБЕТ.
