Шымкент қаласы ТЖ департаментінің мамандары 1-маусым Балаларды қорғау күніне орай ауқымды қауіпсіздік іс-шарасын өткізді. Балаларды мерекемен құттықтап қана қоймай, төтеншеліктер оларға қауіпсіздік ережелерін сақтауды, төтенше жағдай орын алғанда қалай әрекет етуді де үйретіп, іс жүзінде көрсетті.
Департамент басшылығы мен жеке құрамының қатысуымен өткен мерекелік бағдарлама балаларға үлкен әсер сыйлады. Шымкент қаласындағы Наурыз алаңына демалуға келген қаланың кішкентай тұрғындары көңіл күйлерін көтеріп қана қоймай, пайдалы кеңес берген төтеншелік аға-апайларына риза болды. Балалар арасында сурет салудан, спорттық ойындардан жарыстар ұйымдастырылды. Жеңімпаздарға басшылық атынан алғыс хат және сыйлық табысталды.
Төтенше жағдайлар департаментінің арнайы техникаларымен таныстыру, олардың атқаратын қызметі туралы мәліметтер балалар үшін ең қызықты сәт болды. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, оларға алғашқы көмек көрсету дағдыларын үйретуге ерекше назар аударылды.
Өрт сөндіру бөлімінің аумағына сала мамандарының балалары ата-анасының жұмысымен танысуға арнайы шақырылды. Олар сурет салып, ән айтып, өлең оқыды. Сонымен қатар, «Спорттық отбасы» отбасылық жарыс ұйымдастырылды. «Бақытты балалық шақ» фото байқауы, «Құтқарушылар балалардың көзімен» сурет салу байқауы өткізіліп, жеңімпаздар анықталып Департамент басшылығы тарапынан марапатталды. Мерекелік іс-шарада «Шымкент-цирк» өнерпаздары өз қойылымдарын ұсынса жедел құтқару жасағының кинологиялық қызметі иттердің іздестіру-құтқару жұмыстарының шеберлігін көрсетті. Соңында балаларға сыйлықтар табысталып, өрт сөндіру бөлімінде ашық есік күні өткізілді.
Тосын жағдайға дайын болу қажет
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Айдын Мейрамбекұлы Кәрімовтың төрағалығымен жуырда Шымкент қаласының төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі Комиссияның жоспарлы отырысы өтті. Оған мәселеге қатысты мүдделі мемлекеттік органдар, сондай-ақ азаматтық қорғау қызметтерінің өкілдері қатысып, күн тәртібіндегі өзекті деген 5 мәселені шешу бойынша бірлесіп әрекет ету іс-шарасы талқыланды.
Яғни, сел, сырғыма жөнінде көшкін қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жазғы шомылу маусымында қаладағы су нысандарында азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары ортаға салынды.
Қала аумағында аса қауіпті жұқпалы аурулардың таралуына жол бермеу мәселелері де күнтәртібіне қойылды. Ал, республикалық «Жер-2024» командалық-штабтық оқу-жаттығуды дайындау және өткізу шарасы бірқатар мәселені пысықтауды қажет етті. Қала әкімінің басқару пункттерін және қала аумағында орналасқан Азаматтық қорғаныстың қорғаныс құрылыстарын дайындыққа келтіру мәселелері де көп болып талқыланды.
Аталған мәселелер бойынша мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырмалар берілді.