Сәбит Елбергенұлы – Созақ ауданының тумасы. Ауылшаруашылығы интситутын бітіріп, әр жылдары аудандағы шаруашылықтарда бас экономист, аудандық білім, денсаулық сақтау бөлімдерінде экономист, бас бухгалтер қызметтерін абыроймен атқарғанын жерлестері жақсы біледі. «Қазпошта» АҚ мекемесінің аудандық бөлімін де басқарған азамат мамандығы басқа болса да сөз өнеріне, әдебиетке етене жақын жан. Көркем әдебиетке деген құмарлық, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына тәнті болу сүйіспеншілігі Сәбит Елбергенұлын поэзияға жетелеп келгендей. Ол өз өлеңдерінің эпиграфына үнемі мұзбалақ ақынның өлеңдерін жол сілтеуші етіп алады.
Теріскей төсі таланттарға кеңде емес. Әнші, күйші, ақын-жазушы, кинорежиссерлерді тудырған Созақ даласында Сәбит Елбергенұлындай мамандығы экономист болса да руханияттың өз өкілі бола білгендер аз емес.
Шығармалары сыршыл, лирикаға толы ол өз өлеңдеріне әдеби псевдониммен «Сәбит Ел» деп қолтаңба қалдырып жүр. Бүгін біз өз оқырмандарымызға сол Сәит Ел ақынды – Сәбит Елбергенұлын таныстыра отырып, бір топ өлеңдерін ұсынуды жөн санадық.
ӨЗІМ ТУРАЛЫ
Бізге жұмбақ тағдырың…Өзіңе аян,
Даңқыңды жер-жаһанға еттің баян!
«Қыз бен гүл, бал-шарапты» жырлап өткен,
Арманың еш, жоқ шығар, Омар Хаям?!
Қиялын қалықтатқан дара шыңға,
Боз-дәурен, «боздап» өтіп барасың ба.
Жастығым, қалды-ау шіркін, қолын бұлғап,
Ақ сағым-көк тұманның арасында?!
Ат қайда, «шаппай желген» сабылдыртып,
Қыз қайда, тұратұғын жаныңда «үркіп»
Кез қайда, құшатұғын хас сұлуды,
Тар төсекте, тынысын тарылдыртып…
…Бүгінде базары мол, айдындаймын,
«Алған-қол, берген-серттен», айрылмаймын.
Үстімнен өрген өсек жүз түйеге,
Жүк боларын білсем де, қайғырмаймын.
«Тұлпарым тар қапасқа таңылды», деп,
Қанша рет жанар жасқа, малынды кеп.
Сөз түсінбес тобырдың ортасында,
Кеткені-ай, жүрек кірлеп- жаным жүдеп…
Заманға сай өзгеріп, құбылмадым,
Кімге керек өртеніп, суынғаным.
Ақан-сері, Біржан-сал заманында,
Әттең-ай, неге ғана туылмадым?!
Шырқалып бітпесе әлі айтар әнім
Тағат қылып, қалайша жай табамын.
«Пәршеленген» жүректің жайы мынау,
25, қалай сені қайтарамын?!
…Жасыл бақтың сезбеппіз тоналғанын
Тоналғанын…ЕЛУ кеп қол алғанын.
Сұлу құшып, гүл иіскеп, шарап та іштім,
Бірақ та, Омар Хаям бола алмадым…
ЕҢЛІКГҮЛ – 1
Тау жаңғырар, егер шындап күрсінсем,
Мені мұнша мазалардай кімсің сен?
Ей, қазақтың ерке қызы Нәзираш,
Неге маған тыным бермей жүрсің сен?
Көкірегімде дүлей күшпен жанғанда от,
Сезіміме ерік бермей қалғам жоқ.
Еркін інім егілгендей ән қылып,
«Ақ бұлттардан жасап» сені алғам жоқ.
Жандар қайда, ақиқатын айтар кіл,
Кімге керек жасық өлең, жалтаң жыр,
Ақ бұлттарға үйір болма, аяулым,
Ақ бұлттардың арасында сайтан жүр.
Қызық кейде бұл адамның болмысы
Тағдырына келмейді екен көнгісі.
Қара бұлттан аулақ жүрші, қарағым,
Қара бұлт — ол қайғының белгісі.
Сәл де болса сабыр етсең не етеді,
Өз дұшпаның өз басыңа жетеді.
Ала бұлттан бақытыңды іздеме,
Ала бұлттар — алаяқтар мекені.
Дайын екен, жаным, тарту — таралғың,
Табиғаттың тұнығынан нәр алдың.
Сен мен үшін ақ бұлтта емес, басқа емес,
Кемпірқосақ шуағынан жаралдың.
Жыр арнасам қос жанарым шоқтана,
Ойламашы, жұбату сөз деп қана.
Белгілі ғой, Кемпірқосақ — һас сұлу,
Жауыннан соң көрінеді тек қана.
Күдер үзіп мұңға толы көп күннен,
Арман үшін шын тәуекел еттім мен.
Сені жиі көріп тұру үшін де,
Елден безіп, тауды кезіп кеттім мен.
Шіркін сезім, жылатқан да күлдірген,
Мұншама азап тартқызарын кім білген?!
Арасында өркеш — өркеш таулардың
Тағат таппай, жауын күтіп жүрмін мен.
Арасында бұжыр — бұжыр көк тастың,
Ызаменен шоқ шайнадым, от бастым.
Сенің үшін қара бұлтпен қастастым,
Сенің үшін найзағаймен достастым.
Дегеніне көнбеймін мен тағдырдың,
Көкірегімде өлмес ән боп, жаңғырдың.
Ақ бұлттарды үгіп жаңбыр жаудырдым,
Қара бұлтты сығып жаңбыр жаудырдым.
Бөгеттерді басып өтіп көлденең,
Бір сен үшін арпалыстым желменен.
Құла байтал көз алдында көлбеңдеп,
Кісінеген, боз айғырмын мен деген …
Жардан құлап үзсем егер жұлынды,
Өзім ғана сұраймын өз құнымды.
Шың басында, Күннің туған сіңлісі,
Еңлік — гүлге шақтым барып мұңымды.
Жүрекке кеп қадалғандай жебе мың,
Мына мені нендей күйге бөледің.
Еңлік — гүлін сенің өршіл кеудеңе
Өз қолыммен қадасам ба деп едім …
…Аққу құстың көгілдірі секілдім,
Дей алмаспын, берген сертке өкіндім.
Сені ылғи көріп жүру үшін де,
Сол таулардан қайтпауға мен бекіндім.
…Келсе төніп, мұнар-мұнар-мұнар күн,
Көк Тәңірден жанға медет сұрармын.
Сенен хабар күтіп іштей тынармын,
Сені көрмей өлмейтұғын шығармын.
Қол жетпейтін, қияда өскен шынарсың,
От-Тәңірден сен де медет сұрарсың.
Ұмай-Ана аруағына сыйынып,
Іздеп мені, бәлкім, жолға шығарсың.
«Шықты …»деген, шеті тисе хабардың,
Лапылдармын, лаулап от боп жанармын.
Шың басында… Сенің өршіл кеудеңе,
Еңлік — гүлін өз қолыммен қадармын …
Тау теңселіп, Күн күркірер күрсінсем,
Мені мұнша күйзелтердей кімсің сен?
…Беу, Нәзираш, беліңді шарт буынып,
Жолға шықпай қалай шыдап жүрсің сен?!
ЕҢЛІКГҮЛ –2
(Немесе Еңлікгүлмен қоштасу…)
Тауларым танып естен қайғыруда
Қарашы, жүректі өртер жәйді мына.
«Қонды» деген, бір суыт жетті хабар,
«Аққұсың, жат біреудің айдынына!»
Үкілеген үмітім құлады нық,
Ақиқатқа айналды бұла күдік.
«Айдын көлде таранған аққуымды»,
Кетті екен қандай ғана Қыран іліп?!
…Сүйсініп-ақ айтардай ертегі ғып,
Тұр еді аспан, жұлдызбен көмкеріліп.
Кеткендей ме, Ай мен Күн жерге құлап,
Тау шытынап, қара жер төңкеріліп.
Ақиқатқа жақын деп, баға алғашқы,
Бұлттарға тән пікірім тағы алмасты.
Көз алдымды тұмшалап жүргізбейді,
Қара бұлт-шашын жайған қара албасты.
Шіркін сезім ақылға бет бұрса еді,
Арнасынан асып тұр кектің селі.
Кемпірдің белі құсап бүкірейген,
Кемпірқосақ, жек көріп кеттім сені.
Құлпырған гүл-бәйшешек белестегі,
Көзіме жын-шайтан боп елестеді.
Құдай-ау кеше ғана мұның бәрі,
Таңғажайып, дүние емес пе еді?!
…Керме қас, алтын кірпік, ай қабақтым,
Жан емес секілді едің, тайғанақ тым.
Бір сен деп, тау-тас кезіп мен жүргенде,
Бай тауып алады деп, ойламаппын…
Аққұсым, қондырмаған қолыма әлі,
Енді тек қиялымда жолығады.
Сенің түпсіз тұңғиық жанарыңның,
Тұнығына енді КІМ шомылады?!
Жүрсе де жүрек сыздап, жан қайғы жеп,
Қу көңлім, өзін өзі алдайды кеп.
Сенің қыпша беліңді қаусатардай,
Әр түн сайын қаусырар қандай білек?!
Көкірегі «күй-сандық» сыр мол ма екен,
Жаныңды жаулады ма жырмен бөтен.
Құлпынайдай ерніңді ақжем қылып,
Күнде сөлін соратын, кім болды екен?!
Кеттің-дағы өзге бір жанды ұнатып,
Көкірегімде көк беріш қалды қатып.
Аяулымды, аяусыз «қарпиды» ма,
Сүмбіл шашын төсектен салбыратып?!
…Көктем кеп құлпырғанда төскей белім,
Сен едің жұпар шашып ескен желім.
Жазығы жоқ, жазғырып Еңлігімді
Кесілгір тілім неге көстеңдедің?!
Мына өмір айналардай шын елеске,
Жанымды салдым неге кіл егеске.
Көктемде бір дүркіреп-күзде солар,
ҚЫЗ дегенің көп ГҮЛдің бірі емес пе ?!
…Өзгеден әні бөлек, сәні басым,
Ардағым, жаны жүдеп арымасын.
Елігім ен далада еркін жүрген,
Еңіреп тағдырына налымасын.
Тіршіліктің бар мәні ұғысуда,
Кердеңнің кетері анық түбі суға.
Жанарыңнан төгілген мөлдір тамшы,
Тамбасын жуып жатқан ыдысыңа.
Жүргенде бұлт бүркеніп боз басыма,
Шарам қайсы, шерлі әнді созбасыма.
Арман үшін жаралған ақ Періштем,
Өксімесін, тұншығып көз жасына.
Еңлік-гүлім, есімнен бір кетпеген,
Алған жарың қарасын құрметпенен.
Кептердей күй кешпегей, аязды күн,
Терезенің алдында дірдектеген…
…Тылсым едің, тұнық ең шіркін қандай,
Сен жымыйсаң, дүние құлпырғандай.
Меншігі боп біреудің кетті деуге
Құрғыр тілім түбінен қырқылғандай.
Тәкаппар ең, өр едің, ой-хай қандай?!
Тұмар-ханым, рухы байқалғандай.
Төлеген мен Бекежан тіріліп кеп,
Сөз салса, меселдерін қайтарғандай.
Қараған жан өзіңе құмарланып,
Кетуші еді көз алды тұманданып.
«Дүрия көйлек үстіңде», беу Нәзираш,
Жүруші ең бұлаң қағып- сылаң қағып.
Жайдарлым, жібек мінез, мақпал қылық,
Кім бар дейсің жайымды жатқан біліп.
Өзге түгіл, Өзіме қимас қалқам,
Алдыңнан ата берсін ақ таң күліп!
…Берекелі жан едің жаймашуақ,
«Қылығыңнан тұрғам жоқ сауға сұрап»
Тоқтатайын десем де болмай қойды-ау,
Бір шумаққа-бір шумақ «жармасып» ап!..
Сел болып тулағанда, сезім нөпір,
Шыдас бермей қирады төзім-көпір.
Қайткенде де Нәзираш, саған арнап,
Енді өлең жазбасыма өзім кепіл.
Бауырын балқытардай тастың берік,
Кеудемде атой салды тасқын-желік.
Дедім-дағы, соңғы жыр-ақырғы өлең,
Қызыл атқа қамшыны бастым келіп…
Салмаса да ғажайып дастанды еске,
Бұл да бір дәурен шығар бастан кешкен.
Еліктің лағындай Еңлік-гүлім,
Еттің-ау, жан дүниемді астаң-кестең.
Дәрмен жоқ өлең жазып, жыр құрауға,
Көңілім күзгі бақтай тұнжырауда.
Назы бөлек Нәзираш-нәзік гүлім,
Жанымды салып өттің қыл бұрауға.
Қос өзендей келіп ед қатар аққым,
Сахараның шөлі боп қаталаттың.
Күйзелу…Сағынысу…Табысулар…
Ежелден заңы еді ғой, Махаббаттың.
Саған заңға бағынбау, бір заңдылық,
Періште, әлде…Пері ме ең, тұрған күліп.
Бір ғаламат сезімге бөледің-ау,
Жіберердей, жанымды құрбан қылып.
Аққудай әуелеткен аспанға әнін,
Сенбісің кеткен ұшып бастан бағым.
Деуші еді тамшы қаны дертке шипа,
Ал мені дертті қылған қасқалдағым.
Аққулар көлбей ұшса белеңменен,
Ілесіп кетердей боп елеңдеген,
Сен үшін ҒАСЫР ЖЫРЫН жазсам деп ем,
Шектелдім, шуағы кем өлеңменен.
Басыма зауал келіп ес танар шын,
Күн тусын, жадымдасың есте барсың.
Аяулым екеумізге ортақ белгі,
Кемпірқосақ, көргенде еске аларсың!
Еңлігім, ақ Баяным, ай Жібегім,
Құртқам едің, Ақжүніс, Ләйлім едің.
Қапелімде жұттым да қайғы лебін,
Сертшіл көңлім, сертінен тайды менің…
Күніне жүз тебіреніп, толқырдай мың,
Шама жоқ, сабыр ет те, серпіл қайғым!
Көк ала үйрек түбі бір, қош дері анық,
Кеудесін жарып ұшқан Кемпірбайдың…
…Қарағанмен елжіреп бұлақ күліп,
Аққулардың зарынан құлақ тұнып.
Талай күн сырлас болған-мұңдас болған
ЕҢЛІК-ГҮЛмен қоштастым, жылап тұрып!
Көктемді кеттім, жек көріп…
«Қош енді, қош бол, күрең күз…»
Мұқағали.
Қош енді, қош бол, арман-қыз,
Біз енді, бөтен жандармыз.
Қайтқан құстардың легінен,
Адасып біздер қалғанбыз.
Тербеген ғажап күй сынды,
Жырыңа-жүрек сүйсінді.
Баяғы күндер болмасын,
Қу жаным менің түйсінді…
…Аққулар көкте зарлайды,
Қарауға дәтің бармайды.
Қасқырдай ұлып, қара күз,
Қаралы әуен арнайды.
Қызғалдақ-семді, гүл-өлді,
Жұбатар жанды кім енді.
Көп үміт күткен күрең-күз,
«Күрең мұң, маған жіберді».
Тұр жасын төгіп, төкпе бұлт,
Тұрғам жоқ оған кектеніп.
Кездескен едік көктемде,
Көктемді кеттім, жек көріп…
Алапат бір ой, тұр ма кеп,
(Түсінем, керек жырға-әдеп)
Десе де, Сенсіз өмірдің,
Атасына енді, мың нәлет…
Қазақтың, АҚЫН қызы-АРУ қызы—Сезім Мергенбайға!
Асқақтатқан ақ туын ардың кілең,
Жаны-нәзік, сөзі-мір, жанның бірі ең.
Абайсыз, артық-ауыс сөз айтам деп,
Мен сені өкпелетіп алдым білем!.
Ерек туған жансың ғой сірә да сен,
Үніңнен төгілгендей, бір ән әсем.
Сенен үміт күтпесем-қатты айтпас ем,
Және жақсы көрмесем-сынамас ем..
Қас қандай, жанар қандай, бұрым қандай,
Жырларыңа тәнтімін шырын-балдай.
Сен өкпелеп қалды ма, деген ойдан,
Бір өксік, көмекейге тығылғандай.
Назданып, кірпігіңді түре күлсең,
Пәршеледің талайдың жүрегін сен.
Қыздарды өкпелетіп ғұмыр кешу,
Мен үшін қылмыспен тең, біле білсең!.
Кенеттен өлең-безіп, ән-жырақтап,
Санамды сұрғылт ойлар алды қаптап.
Қыз алдында ақталған қиын екен,
Отырмын сөз таба алмай, сандырақтап.
Өзімді-өзім жазғырдым, шатынадым,
Тау секілді ем, төбеге татымадым..
«Бәсі бөлек басқадан…», деп жүргенде,
Бұртиып, не істеп жүрсің ақымағым?!.
Емес ең ғой мұншалық шамшыл адам,
«Қаһарыңа» қалайша жан шыдаған.
Ернімнің ұшыменен құрғатсам ғой,
Көз жасыңды, кеудеңе тамшылаған..
Көрсетті деп талайға тосын үлгі,
Қастерлеп жүргем жоқ па, есіміңді?!
Шын ақын болу керек мейірімді,
Мейірімді, және де…кешірімді…
СҮЙКІМДІМ…
Бал сезімге тоймайтұғын- сүйкімдім,
Тым әріден ойлайтұғын- сүйкімдім.
Жүрегің-тас, көзің — соқыр болмаса,
Ғашық қылмай қоймайтұғын -сүйкімдім.
Емінуім емес бекер- сүйкімдім,
Айдың нұрын… көмескі етер -сүйкімдім.
Назды биі шың басында шарһ ұрған,
Жез киікті елестетер- сүйкімдім.
Алтын балық қақтағандай- сүйкімдім,
Бұйырарсың жатқа қандай- сүйкімдім.
Бала күнгі бейкүнә-бал қылығын,
Жанарына сақтағандай- сүйкімдім,
Жаңа ғана келін болып үлбіреп,
Ақ босаға аттағандай- сүйкімдім,
Сұлу қыздың түсіп кетіп сырғасы,
Сәл иіліп… таппағандай- сүйкімдім,
Серт беріскен сүйгенінің «көзі» деп,
Көзіне жас… қаптағандай- сүйкімдім,
Өмір бойы басқа кітап оқымай,
«Ғашық-нәме» жаттағандай- сүйкімдім,
Жұтып қойсаң «қылтанағы» кетер деп,
Алаңдамас, ақмаралдай сүйкімдім,
Қос жанарын тіктеп бір сәт қараса,
Тәкаппарды таптағандай- сүйкімдім,
Ақылы бар тоқсан қызға татырлық,
Түзу сөзге тоқтағандай- сүйкімдім,
…Күй кештім-ау, жүргендейін «Алқа-көл,
Шұбырынды …Ақтабанда-ай»-сүйкімдім…
Шешен тілден бал аққандай- сүйкімдім,
Елді өзіне қаратқандай- сүйкімдім,
Оқығанда жүректі өртер жырларын,
«Қара көзден-қан аққандай», -сүйкімдім,
Көз ұшында қос жанары жәудіреп,
Елік жосып баратқандай- сүйкімдім,
Қарай қалсаң, қарып түсер көзіңді,
Алтынға-алтын, жалатқандай сүйкімдім,
Ару қыздың сүйгеніне еркелеп,
Түймелерін…санатқандай- сүйкімдім,
Түні бойы Менімен сыр бөлісіп,
Жаңа, жаңа…таң атқандай- сүйкімдім,
Сәбит «сері» сергелдеңмен өтсін деп,
Азап үшін жаратқандай- сүйкімдім..
…Өлең жазып жоқты-барды терген боп,
Жалған сезім жетегіне ергем жоқ.
Мен білетін періште де өзіңсің,
Себебі шын Періштені көргем жоқ…
Бұл күндері уайым бөлек, «зар» бөтен,
Шалқар дүние боп кеткендей тар мекен.
Сүйкімдім мен-шын Періште арасын,
Ажыратып берер пенде бар ма екен?!
ТЫРНАЛАР
Жасанып жатқан шақта, Қыз-Көктемім,
Келді тағы тырналар тізбектеліп.
Сәнімен қайшылаған қанатына,
Құпия, сыр жасырып-жыр бөктеріп.
Тырнаның үніне елтіп, тыраулаған,
Ғамзатов, Мақатаев, жыр арнаған.
Көкіректі тырнаған шер-дауыстан,
Болар бәлкім, бір тылсым сыр аңдаған.
Әруақтанып Музаның атыменен,
Алапат бір жыр арнар-ақын емен.
Аттарыңды аспанға айшықтаған,
Туды қанша жүрекке, жақын өлең?!
Тырнасыз-ақ, жүрегім- тырмаланған,
Қалды алыста балғын кез-қуған арман.
Сәттер қалды…Сезімді-сырға малған,
Көгершіндей-қанаты жұлмаланған…
…Тырналарым, сәл мойын бұрыңдаршы,
«Тәртіппен», тізбектеліп- тұрыңдаршы!
Теңіздей шамырқанып, буырқанған,
Менің-дағы жанымды-ұғыңдаршы,
Төлеген тауса алмаған САҒЫНЫШ боп,
Мөлдіреп жанарымда-тұныңдаршы,
Бір-ақ түнде айналып, Періштеге,
АРАЙЛЫ ақ таңым боп-шығыңдаршы!..
«Берші!» деп, «бар тілегін» ЖАРАТҚАНҒА,
Мен үшін бір мінажат…қылыңдаршы,
ТЫРНАЛАР!
КӨКТЕМ КЕЛДІ
«Келші қарғам, шашыңнан иіскейін…»
МҰҚАҒАЛИ.
Көктем келді тағы да, көктем келді,
Гүл-бәйшешек қаптайды бөктерге енді.
Ақын біткен тамсанып, тебіреніп,
Жырға қосар өзен-су, көк белдерді.
Табиғаттың қабағын келген бағып,
Ақын деген шынында-шерменде анық.
…Бір төңкеріп жанарын өте шықты,
Бір һас сұлу жанымнан «кердең» қағып.
Бізде жас боп, теңіздей шайқалғанбыз,
Талайлардың меселін қайтарғанбыз.
Тым құрса, сәл кідірмей ғайып болды-ау,
Ботадай ойнақтаған, аһһ «сайтан» қыз.
Десек те, албырттықтың жөні осы екен,
Алпысың да, тұрлаусыз… белес екен.
Қыздардың, жүректі бір тулатып ап,
Қайрылмай кететіні, о несі екен?!
Көрдім-дағы көңілім мұң күреді,
Жарқ еткен жанарыңнан, Күн күледі.
Екі-ақ ауыз тілдессек оңашада,
Қимай қалып жүрер мең, кім біледі?!
Қос бұрым жоқ жотаңда бұлғақтаған,
Және де әппақ жүзіңді, Күн қақпаған.
Шашыңнан жердің емес- шампунь исі,
Тұрса аңқып соның өзі қымбат маған.
Шіркін жастық болса да елес бүгін,
Қарттық жайлы келмейді көп естігім.
Қалай ғана ұқтырсам сол аруға,
64-тің…94 еместігін…….
Кетті түсіп сертімнің бәсі неге,
Тағдыр, тарлық қылмасын-несібеңе!
Ойнақтаған қалпыңмен отқа түспей,
Аман-сау, жолыққайсың Бас Иеңе!
…Жер бусанып, құс сайрап, көкте дүрмек,
Сілкінтсе ғой жанымды өктем үн кеп.
Тұңғыш рет ойландым оңашада,
Қалды екен енді қанша, Көктемім деп…
КӨК КӨЙЛЕК…
«Сүйгісі келе берер сүйген ерін,
Сүй жаным, сүйкімді бір күйге енемін.
Жүрегіміз жақыннан бірге соқсын,
Ағытшы бешпетіңнің түймелерін…»
МҰҚАҒАЛИ.
Гүл ішінде сүйкімдісі — қызғалдақ,
Жігітке сын, өлең жазу қызға арнап.
Еске түсіп мазамды алды қайтейін,
Біз екеуміз аралаған гүлзар-бақ…
Махаббатсыз мәнді ме өмір сүргенің,
Пасық емес-ғашықтармен біргемін.
Көк гүлдерді елестетер көзіңе,
Көк көйлегің, көз алдымда тұр менің.
Не дауа бар сезім атты тасқынға,
Мұншама есі кетпес сірә мастың да.
Сезімге еріп көк көйлегің сол түні,
Сусып жатты аяғыңның астында…
Бір уыс боп, бүктетілген елігім,
Әлсіз ғана дірілдеді ерінің.
Мына маған кезіктірді, сені кім,
Самарқанның көк тасы боп ерідім.
Жаным, сонша қорқатындай нағылды,
Жанарыңнан жас моншақтап ағылды.
Аласұрдың қолыңа алып жаныңды,
Ыстық ағын…қарығанда тәніңді…
Уақыт ұқсас тұрағы жоқ сынапқа,
Мұңға бөлеп жүрсің қазір жырақта.
Үрей толы «көзің» қалды-көзімде,
Талықсыған үнің қалды-құлақта.
Жүрегімді аяласа мөлдір мұң,
Сен келер деп көкжиекке телмірдім.
Көкірегімде «ізі» қалды кеудеңнің,
Ерінімде-«табы» қалды ерніңнің.
Жырым едің, кең дала боп көсілген,
Әнім едің, Ақжайық боп есілген.
Күндер қайда, сыр айтысып шешілген
Түндер қайда, «тоят» алған төсіңнен?!
Бұл күндері сана — сұрғылт, ой — ала.
(Бал арасы — балға сірә тоя ма?!)
Кіндігіңнен жоғарғы жақ- ӨЛЕҢ де,
Кіндігіңнен төмен қарай- ПОЭМА…
Сезімімді өрнектедім жырменен,
Махаббатсыз-мысық та өмір сүрмеген.
Сезім жайлы мұндай өлең, «біл» дер ем,
Есениннің, түсіне де кірмеген.
Көңілімді қытықтаса сайтан — ән
Суретіңе қарап қана жай табам.
Шындап тұрып қоштасып ек екеуміз
Шыныменен табыспадық қайтадан.
…Өң бе, түс пе, бір сәт естен жаңылдым,
Жаным сенсіз өлең — қайғы, әнім — мұң.
Жүрегіңнің дүрсілін мен сағындым,
Көк көйлектің сусылын мен сағындым…