Шымкент

Фосфоршылар сарайы қайта салынады

Жаңа ғимараттың архитектуралық сәулеті бұрынғы күйін сақтайтын болады. Яғни тарихи келбетін сақтаған жаңа нысан бой көтермек. «Бәрі де тұрғындардың қолайлы, жайлы ортада өмір сүруі үшін жасалуы қажет» деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау барысында Шымкент қаласының әкімдігі осындай оң өзгерістерге ұйытқы болып жүр.

Кезінде жеке меншікке өтіп кеткен мәдениет ордасы ұзақ жылдар бойы қараусыз қалған-ды. Материалдары талан-тараж болып, ғимарат конструкциясына орасан зақым келген. 2023 жылдың қараша айында коммуналдық меншікке өткеннен кейін сарапшылар сарайдың жай-күйін зерделей келе, «нысанды қалпына келтіру мүмкін емес» деген ұйғарымға келді. Негізі 1975 жылы қаланған Мәдениет сарайының ғимаратын бұзудан басқа амал жоқ.

Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы мен Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері бірігіп, тұрғындарға  «Фосфоршылар сарайының» ғимаратына қатысты қабылданған шешім бойынша ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ескі ғимараттың орнына нысанның тарихи келбеті сақталып, заманауи мәдениет сарайы салынады. Құрылыс жұмыстарымен «Сәби» қайырымдылық қоры айналысады. Жұмыс алдағы күзде басталмақ. Қордың тапсырысы бойынша мәдениет сарайының дизайн-жобасы әзірленді.

Ғимарат көркем ромб пішінде, ою-өрнектермен көмкеріліп, тарихи, заманауи нақыштардың эстетикалық үйлесімімен бой көтереді. Мәдениет сарайында өнер, кәсіп дағдыларына бағытталған үйірмелер ашылатын болады. 

Қалаға сән беретін көрікті тағы бір нысан осылайша бой көтермек. Онда тұрғындарға пайдалы қызмет көрсету үшін нысанның сыртқы аумағы абаттандырылып, жасыл желек отырғызылады. Жобада субұрқақтар мен аллеялар, балалар және спорт алаңдары қарастырылған.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *