Басты жаңалықтар Құқық

Сарыағаштың бас ұстазы сотталды

          

         Білім бөлімінің 11 қызметкеріне сот үкімі шықты

Түркістан облысында бірнеше ауданның білім бөліміндегі сыбайлас жемқорлыққа қатысты тергеу амалдары жүріп жатқаны белгілі. Миллиардтар жымқырды деп күдікке ілінгендер арасында бөлім басшылары мен есепшілерінің бірі қамауда отырса, екіншілері қолхатпен жүргенінен көпшілік хабардар. Тергеу амалдарының жылға жуық созылуы бұл істе күмәнді жәйттердің көп екенін сездірген еді.

2 сәуір күні Сарыағаш аудандық сотында аудандық білім бөлімінің басшы құрамындағыларға қатысты сот процесі аяқталып, Үкім оқылды. Сот аудандық білім бөлімін бүгінге дейін басқарып келген Дәулет Акатовқа 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Білім бөлімінің бұрынғы басшысы, бүгінде жасаған қылмысы үшін жазасын өтіп жатқан Бауыржан Майриховке, бөлімнің бас есепшісі Жасұлан Тұрымбетов пен оның орынбасары Ержан Асыловқа 7 жыл, бөлімнің тағы бір бұрынғы қызметкері Нұрман Үсіпбековке 2 жыл бас бостандығынан айыру жазасы белгіленді. Жалпы білім бөлімінің 11 қызметкеріне қатысты сот үкімі оқылды. Әзірге үкім күшіне енген жоқ. Алда әлі апелляциялық шағым қаралуы мүмкін.

Сарыағаштағы шулы іске қатысты бірінші сатылы сот өз түйінін жасады. Ендігі жерде Жетісай, Мақтаарал, Шардара, Келес және Бәйдібек аудандары білім бөлімі басшы құрамдарының тағдыры сот талқысына түсуі тиіс. Қалай болғанда да балалардың білімі үшін бөлінетін мемлекеттің қаржысын талан-таражға салып, балаларымыздың болашағын «ұрлаған» жандар жазасыз қалмауы тиіс.

Ұ. ҮМБЕТ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *