Керек кеңес
Ертеректе ауылда әйелдер қандай тамақ әзірлесе де тоң май пайдаланатын. Малдың іш майын қуырып, майын бөлек, шыжығын бөлек сүзіп алатын. Әжелеріміз, шешелеріміз тоң майдан томпиған, сап-сары бауырсақ, шелпек, қиықша, жұқа нан пісіретін. Шыжығында тастамайтын, ыстық таба нанның ішіне, не картоп қуырса астына салатын. Кейін «ойбай, ол зиян» деп сұйық майға көшті. Тоң майға қуырылған бауырсақ ұзақ сақтауға жарамды. Салқын жерде тұрса болды. Ал қазіргі кезде сұйық майға қуырылған бауырсақ пен шелпектің майы шылқылдап кетеді. Оның үстіне қазір тазартылған (рафинированный) сұйық майдың зияны жайлы мамандар жиі айтып жүр.
Кезінде тоң майдан да, тортасынан айырған майды да пайдаланды. Одан кейін барлығы сұйық майға көшті. Ал енді қазір ГХИ май, жылқының майы пайдалы екен деп жатыр. Сатып алсаң, бағасы – удай. Енді не істеуге болады?
Тоң май әзірлеудің еш қиындығы жоқ. Малдың майын ұсақтап турап немесе еттартқыштан өткізіп, үлкен ыдысқа салып шыжғырады, қуырылып майы шыққан кезде шыжығын сүзіп аласың. Майды ыдысқа салып, тоңазытқышта қатырып тастаңыз. Ас әзірлегенде 3-4 ас қасық салып, кез келген тағамды жасай беріңіз. Бауырсақ, шелпек пісіруге де жақсы. Ешқандай иісі де, дәмі де жоқ. Майды өзіне сіңіріп, шылқылдап кетпейді.
Баяғыда шешем марқұм қыс мезгілінде көп бауырсақ пісіріп, қағаз қаптарға салып қоятын. Сосын керек кезде тегешке салып, оны пештің үстінде қайнап жатқан шәйнектің қақпағын ашып, соның үстіне қояды. Сол кезде тоңазып тұрған бауырсақ жұмсарып, жаңа піскендей болатын.
Тоң майдың адам ағзасына пайдасы зор, ол нағыз энергия көзі, құрамында А, D, Е, К дәрумендері бар. Тоң май жоғары температураға төзімді, сондықтан пайдалы.
Бұрынғылар білген ғой, ал біз ақылдымыз деп өзіміздікінен безіп жүрдік. Айтпақшы, сорпаның бетіне шыққан жылқының майын бауырсақ илегенде қосып жіберсеңіз, бауырсағыңыз ерекше үлпілдеп, дәмді болады.
Тұрар Шәкен,
«Қара шаңырақ» ұлттық тәрбие беру орталығының жетекшісі.