Құқық

Тойымсыздық

Жер қашанғы жемқорларға жем болады екен?

Еліміздің негізгі кәсібі – аграрлық секторда. Алайда осы саланы дамытуға кедергі көп. Салада нақты істерден гөрі, құрғақ сөз болып қалатын жоба аз емес. Мысалы, 2016 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап қолданысқа енген ауылшаруашылығы кооперативін құруға арналған заңға сүйеніп, біздің Түлкібас ауданында қаншама кооперативтер құрылды. Бүгінгі таңда соның көбі жабылып, жұмысын тоқтатты. Неге?

Өйткені, кәсіп бастағандар әкімшілік кедергілерден өте алмауда. Ауылдықтардың көңіліне қаяу салатын жайт — мемлекеттік қызметкерлердің қарапайым шаруаны әуре-сарсаңға салатыны. Ал, бөлінген қаржының нақты діттеген жеріне жете бермейтіні туралы теледидар айтып, газеттер жазып жүр. Сарапшылардың пікірлері де бөлінген қаржы діттеген жеріне жетпей жатқанын білдірді. Мысалы, 21 ғасырда дамыған инновация, дамыған технология тұсында Түлкібас ауданының ауылшаруашылық техникаларының 5-6 пайызы ғана жаңартылған. Бұл деген көрер көзге жоқтың қасы ғой. Мұның салдарын Үкімет майда шаруашылыққа бөлінгендіктен деп біледі. Үкімет сонау тоқырау заманында өзі бастап бөлді ғой, бұл арада майда шаруашылықтың не кінәсі бар? «Ауылшаруашылығы кооперативтерін құру керек» деген заңға сүйеніп, ауданда 16 миллион теңге ала аламыз деп бірнеше кооперативтер құрылды. Сол 16 миллионды алу үшін қаншама құжат жинатты, ең ақырында кепілдікке қоятын я мүлкің, я техникаң жоқ деп сылтауратып, қаншама адамдарды әуре-сарсаңға салды.

         Кез-келген заң шыққаннан соң халыққа қызмет етуі тиіс деп ойлаймын. Бірақ, бұл көбінше бос әурешілікке айналып жатады. Сонда Үкімет теледидар арқылы айтқанын, газетке жазғанын жүзеге асырмаса, берілген тапсырма орындалмаса не болғаны? Үкімет өзін-өзі алдағаны ма, әлде халықты алдағаны ма? Алғаш Үкіметтің өзі жекешелендіру саясатына сай жекеге бөлді. Бірінші болып кіріскендердің бірі мен едім. 1993 жылы бір ауылда тұрып, елден бөлінгенім дұрыс емес екендігін түсіндім де бөлінбедім. Менен кейінгі кіріскендер бөлініп болғаннан кейін, ауылдағы жайбасарлардың басын біріктіріп, 31 отбасымен «Тастыбұлақ» ЖІІІС-ын құрдым. «Бірлік бар жерде тірлік бар», «теңге тиыннан жиналады, ел ұйымнан жиналады» деген пікірде болғаныммен, біз бөлініп шыққанда не мүлкіміз, не техникамыз болған жоқ. Осы арада Үкімет айласын асырып, 1993-94 жылға дейін ешкім жеке меншікке қимылдай қоймағаннан соң бірінші рет «кімде-кім жеке шаруашылық қожалығын құрса, тиесілі жер үлес пайы мұрагерлікке беріледі» деді. Мұны түсіне қойған пысықтар жеке меншікке халықтың 15 пайызы бет бұра бастап еді, Үкімет екінші рет: «Ой, жерді мұрагерлікке беруге болмайды, 99 жылға арендаға береміз» —  деді. Үшіншісінде «99 жыл болмайды екен, 49 жылға арендаға беріледі» — деді. Үкімет 4-шісінде жерді сатамызға шықты. Осының салдарынан жер бүгінгі таңға дейін жемқорларға, яғни қолында билігі барларға жем болып келеді.

Мен 1996 жылы 31 адаммен ауыл шаруашылық өнімдерін өндіретін серіктестік құрдым. Алайда, не мүлкіміз, не техникамыз болмағасын 2000-2004 жылдары ел менен бөліне бастады. Бүгінгі танда менімен бірге ЖШС-ның 11 құрылтайшысы ғана қалды. Президенттің 2019-20 жылы халыққа дәстүрлі жолдауынан кейін Үкімет тарапынан айтылып, жазылып келе жатқан ауыл жыры қолдау табатын уақыт жеткен сияқты еді. Себебі, 2003-2006 жылдары елімізде Ауыл жылы жарияланып, «Ауыл — алтын бесік» деп ұрандатты. Одан кейін «Гүлденсе ауыл —  гүлденеміз бәріміз» деп түрлі бағдарламаларды жариялап жатты. Бәрі сөз екен. Ауыл шаруашылығын шын мәнісінде қолдайтын мезгіл жетті. Үкімет басшылары тұрмақ, аспандағы қалықтаған қыран да азығын жерден іздейді. Ал жерді тыңайту, жерден өнім алу ісі қожырап кетті. Уақытысында жеке меншік қожалық құрыңдар деп жар салған Үкіметтің өзі. Енді Үкімет ірі емес, мен сияқты ауылда тұратын, жерден басқа түгі жоқ майда ауыл шаруашылық құрылымға жаңа ауыл шаруашылық техникаларын 50 пайыздық жеңілдетікпен, ұзақ мерзімге берсе екен дейсің. Оның жартысын субсидиялап берсе, ескі техникаменен ештеңеге қол жеткізе алмай отырған шаруашлықтардың бәрі маған қарай лап қойып, үлкен ұжымға айналып кетуі әбден мүмкін еді. Уақытысында Сенат депутаты Қуаныш Айтаханов ауыл шаруашылығын ірілендіру үшін кооперативтер құру керек, сол кооперативке өз мүлкімен, жер үлес пайымен, өз ықтиярымен кірсе бірігу болып табылады. Осылайша біріккен кооперативтерге бұрынғыдай ұзақ мерзімге техника беріп, МТС секілді кішігірім серіктестіктермен жұмыс істеуге мүмкіндік ашылар еді.

Бүгінгі таңда менің қарамағымдағы суармалы жер күздік бидайдан 1967-68 жылдары гектарына 65 ц өнім бергенін жақсы білемін. Ол кезде анам колхозда сушы болып еңбек ететін. 1977-1978 жылдары осы рекордтық көрсеткішті қайталады. Ал бүгінгі таңда сол жер 18-20 ц артық өнім бермейді. Өйткені, қазір жер өңдейтін жөні түзу техника жоқ. Аталған жылдары колхозға жаңа ДТ-75 шынжыр табанды, жаңа соқасымен, кейін К-700 тракторлары келген екен. Дән себетін көліктер мен тракторлар да жеткілікті болатын. Міне, мәселенің мәні қайда? Ауылдың әлеуетін жаңа технология арттыратыны айтпаса да түсінікті емес пе?! Өмірде өзгеріс болмай, өркендеу болмайды.

«Адамдары бейғам ортаның болашағы бұлыңғыр», — демекші майда шаруалардың басының қосылмай отыруының себебі Үкіметтің ауыл шаруашылығына әлі де толық көңіл бөлмей отырғандығында. Теледидарды қоссақ болды «заңсыз сатылған жер, зар жылаған елден» басқа қөрмейсің. Жер жемқорларға қашанғы дейін жем болар екен? «Керең қоғам, жемқор жүйе, енжар билік оңбайды» деп айтып кетті емес пе атам қазақ.

«Ауыл аманаты» жобасы елді жабырқатпай, жарылқай қойса жарар еді…

Тұрдалы Сәуірбеков,

Құрметті зейнеткер, Түлкібас ауданы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *