Басты жаңалықтар Шымкент

Сәрсен Құранбек бифингте бәрін айтты

Шымкент қаласы әкімінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек БАҚ өкілдеріне арналған кезекті брифингін өткізді. Жиынға әкім орынбасарынан бөлек, қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы, МӘМС қоры қалалық филиалының, фармакологиялық департаменттің өкілдері қатысып, журналистердің қойған сұрақтарына жауап берді.

14 мемлекеттік, 46 жеке мекеме бар

Бүгінде Шымкентте тұрғындарға қызмет көрсететін амбулаториялық персоналды деңгейдегі 60 мекеме бар. Олардың 14-і – мемлекеттік, 46-сы – жеке емханалар. Олар 1 миллион 250 мыңға жуық адамды қамтып отыр. Осының ішінде тұрғындардың 49 пайызы мемлекеттік емханаларда, 51 пайызы жеке емханаларда тіркелген. 2022 – 2024-жылдар  аралығында осы емханалардың 14-і жаңадан ашылған. Бұрынғы жүктеме 1 емханаға 25 мың адамнан келетін болса, емханалар саны артқалы бері 1 емханаға 20 мың адамнан келетін болды. 2024-жылдан бері стационарлық деңгейде 44 медициналық ұйым, оның ішінде мемлекеттік және жекеменшік медициналық ұйымдар көмек көрсетіп келеді. Ауруханаларда төсек-орын саны 2020-жылға қарағанда 4393-тен 4894-ке дейін көбейген.

Ұлттық аккредитациядан өткізілуде

Қалыптасқан халықаралық стандартқа қосылу мақсатында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осыған орай 2020-жылы елімізде «Ұлттық стандарт» деп аталатын медициналық стандарттар қалыптасқан және осы стандарттарға жеткізетін ұлттық аккредитациядан өткізу мәселелері қолға алынған. Бірақ 2020 – 2023-жылдар аралығында жоғарыда аталған 60 мекеменің жеті-сегізі ғана осы аккредитациядан өткен. Бүгінгі таңда бұл мәселе түбегейлі қолға алынып, қаладағы 87 мекеменің 51-і осы ұлттық аккредитациядан өтіп отыр. Медициналық мекемелерді аккредитациядан өткізу келесі жылға дейін толықтай жүргізілетін болады. Яғни халыққа медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен деңгейі арта түспек, мекемелер халықаралық стандартқа өтуге дайын деген сөз. Ондай жағдайда біздің емханаларымызға шетелдіктердің де сенімі артып, қызметіне жүгіне алатын болады. Өз кезегінде ол медициналық туризмді дамытуға да жол ашпақ.

10 бүйрек, 2 бауыр, 1 жүрек трансплантациясы жасалды

2025-жылы Шымкентте жоғары технологиялық қызмет көрсету бойынша 1502 ота жасалынған.  Оның ішінде 10 бүйрек, 2 бауыр және 1 жүрек трансплантациясы іске асырылған. Сонымен қатар перинаталдық орталық деңгейінде күрделі оталар жасалынған. Жалпы, осы оталарды бақылаған шетелдік мамандар Шымкентте мұндай қызметтің өте жоғары деңгейде  көрсетілетінін атап өтуде. Осының бәрі Шымкентте қызмет көрсетудің жоғары сапасы қалыптасып келе жатқанын аңғартады.

Неонаталды хирургия іске қосылды

Қалалық перинаталдық орталық пен неонаталды хирургия және бір күндік клиника іске қосылды. Неонаталды хирургия жаңа туған нәрестелердің бойындағы туабітті ақауларды 28 күн ішінде қалыпқа келтіріп, баланың дұрыс дамуына жағдай жасайды. Ал бір күндік клиника жаңа туған нәрестелерге, жүкті әйелдерге ешқайда бармай-ақ, бір орынға келіп, ақыл-кеңесін немесе диагностикалық, медициналық қызметтерді бір күннің ішінде алып, денсаулығына қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.

Қалалық клиникалық балалар ауруханасында  әмбебап модельдік оқыту орталықтары ашылған.

Бірқатар дәріханалар мен қоймалар жабылғаан

Былтырдан бері дәрілік заттарды таңбалау, қадағалау мәселелері қолға алынған. Бұған дейін Шымкентте 1000-нан аса  дәріханалар жұмыс істеп келген болса (кейбірінің жұмыс істесе де қолдарында лицензиялары болған), енді олардың 585-і ғана дәріханалық қызметтерін жалғастыруда. 175 дәріхана таңбалау мен қадағалауға қатысты дайындықтары болмауы себепті жұмыстарын тоқтатқан. Лицензиясы бар, бірақ қызмет көрсетпей отырған дәріханалардың барлығы жабылып, лицензиясы қайтарылып алынған.

2024-жылы қала аумағында 53 дәрілік қойма болған. Бүгінгі таңда тек 38 қойма жұмыс жүргізіп жатыр, 15-інің жұмысы тоқтатылған.

1 миллион 71 мың 667 дәрілік зат айналымнан шығарылды

Бүгінгі таңда қаланың медициналық ұйымдары тарапынан 1 миллион 720 мың 484  таңбаланған дәрілік зат қабылданған. Оның 1 миллион 71 мың 667-сі дәрілік зат айналымынан шығарылып отыр. Бұл нақты, сенімді өндірушілермен ғана жұмыс істеу үшін жасалуда, қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік беретін жағдай.

Дәрілік заттарды үнемдеу және бөлінген қаражатты тиімді пайдалану мақсатында 7 ауруханада арнайы стандарттау бөлімшесі ашылған. Осының бәрі бір-бірімен тығыз байланысты дүние.

«Әлеуметтік әмиянға» біріктіріледі

Мектепте балаларды ыстық тамақпен қамту, мектеп формасын әперу, коммуналдық төлемдер бойынша жеңілдік, тағы басқа да бағыттар бойынша тұрмысы төмен отбасыларды қолдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осының бәрі бір жүйеге, яғни «Әлеуметтік әмиянға» топтастырылатын болады. «Әлеуметтік әмиян» жобасы шеңберінде 2024-жылы 177 мың 730 рецепт берілген болса, 2025-жылы 231 мың 969 рецепт қамтамасыз етіліп отыр.

Былтыр мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тарапынан  257 төсек-орындық көпбейінді аурухана ашылған.

Несиелік қарызы өтелуде

2023-жылға дейін мемлекеттік мекемелер біршама несиелік қарызға батқан. Әкімдік кредиторлық берешекті 3 миллиард 940 мыңнан 74,8 миллион теңгеге дейін төмендеткен. Бір мекеменің кредиторлық берешегін бірінші жартыжылдықта толығымен жабамыз деп отыр.

«Жедел жәрдемге» 25 көлік әперілмек

4 санаттағы медициналық жәрдем кешігулерін болдырмау үшін бюджет есебінен қаржы қаралып, қажет автокөліктер алынған. Бүгінде қаладағы «жедел жәрдем» қызметі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша жұмыс істеп жатыр.  Онда 120-ға жуық көлік бар, соның 100-і күнделікті қызмет көрсетуге шығып тұруы тиіс, нақты алғанда соның кейде 94-96-сына дейін қызмет көрсетуге шығады. Бұл кейде жеткіліксіз болып жатады. Бүгінде бюджет есебінен алынған көліктер жүктеменің азаюына пайдасын тигізуде. Түнгі жұмыстағы медициналық жәрдемге деп  25 автокөлік әперу көзделіп отыр.

Біліктіліктері арттырылуда

Медицина қызметкерлерінің біліктілігін көтеру де назарда.  Жергілікті бюджет есебінен 2024-жылы 46 дәрігер біліктілігін арттырған, шетелдерден келген мамандардың қатысумен өткізілген мастер-кластарда 120 маман біліктілігін арттырған. 2025-жылға жоспар бойынша тағы да 116  дәрігер біліктілігін арттырды деп жоспарланған.

Қалалық клиникалық балалар ауруханасынан кардиохирургия бөлімшесі ашылып отыр. Қазірге дейін онда 5 ота жасалған.

Суицид, наркомания, лудомания профилактикасына байланысты  тренингтер өткізіліп, 100 маманға тиісті сертификаттар берілген. Шетелдік мамандардың қатысуымен мүгедектік мәселелері бойынша халықаралық ғылыми-тәжірибелік конфереция болып өткен.  Қытай медицинасы бойынша да шетелдік мамандардың қатысуымен шеберлік сабақтары өткізіліп, 30 маманға арнайы сертификаттар берілген. 1130 жедел жәрдем қызметкері біліктілігін арттырған.

Папиллома екпесіне түсіністікпен қараңыз

2023-жылдың соңы мен 2024-жылдың басында Шымкентте қызылша ауруы белең алғаны мәлім. Қала мамандары сол кезде ауру таралуын жеңе алды және оның себебін анықтады. Қызылша таралмауы үшін  жоспарланған адамдардың кемінде  90-95 пайызы екпе жасатуы қажет. Ал сол кезде біздегі вакцинациядан өткендер саны 73 пайызды  құраған. Тиісті мекемелердің атсалысууымен сол кезде екпе жасатқандар қатары 100 пайызға жеткізілген. Соның арқасында бүгінге дейін қалада қызылша ауруының бірде-бір жағдайы тіркелмеген.

Бүгінде қыз балалар арасында папиллома вирусына қарсы вакцинациялау жүріп жатыр. Мұның да маңызды екенін жұрт түсіне білуі керек. Аурудың таралуын болдырмауда медициналық қызметтің сапасы, деңгейі ғана емес, жұртшылықтың жүргізіліп жатқан іс-шараларға түсіністікпен, жауапкершілікпен қарағаны да маңызды.

2025 – 2029-жылдарға арналған даму жоспары жасалуда

Бүгінде Шымкент қаласындағы денсаулық сақтау саласының 2025 – 2029-жылдарға арналған даму жоспары әзірлену үстінде. Ол мамыр айында толық аяқталады деп күтілуде. Егер ол өз деңгейінде өтетін болса, сол тәжірибені Денсаулық сақтау министрлігі еліміздің басқа өңірлеріне де таратпақ ниетте.

Шымкент қаласы салауатты қалалар денсаулық сақтау ұйымдарының еуропалық желісінің мүшелігіне ену туралы жұмыстар атқарған. Ол да жақын арада жүзеге асуға дайын.

Перинаталдық орталық пен көпсалалы аурухана ашылады

Жақын арада 200 орындық перинаталдық орталық ашылуы керек. Оның жобалық-сметалық құжаттары әзірлену үстінде. Бұл бізге өте қажет, өйткені Шымкентте туу көрсеткіші жоғары.

Сонымен қатар қалалық перзентхана аумағынан қосымша ғимарат салынатын болады. 400 орындық көпсалалы аурухана ашылатын болады.

Сүйек кемігін трансплантациялау жасалады

Онкологиялық орталық базасында алғаш рет сүйек кемігін трансплантациялау отасын ұлттық ғылыми-онкологиялық орталық мамандарымен бірге жасау жоспары бар.

Соңғы 25 жылда Шымкентте болмаған Денсаулық сақтау министрлігінің көшпелі алқа отырысын Шымкент қаласында ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Бүгінгі таңда жақын төңіректегі Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстарының адамдары Шымкентке келіп емделіп жүр. Түптің-түбінде Шымкент Қазақстанмен шектеліп қалмай, қаламызға жұрт алыс-жақын шетелдерден де келіп емделуі мүмкін. Бұл өз кезегінде медициналық туризмді арттырады, сол арқылы бюджетке қаржы тартатын болады.

Қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында күрделі жұмыстар жүргізіліп жатыр, ол кезең-кезеңімен жүргізіліп, жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарланған.

Төрт жаңа мемлекеттік емхананы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында  салу көзделген.

Семіздік көбейіп келеді

Бүгінде қаламызда 0 – 14 жастағы балалар арасында семіздік ауруы жиі байқалуда, бұл бағытта өсім бар. Семіздіктің алдын алу үшін тиісті күрес жүргізу керек. Осыған орай 2025-жылға арналған жоспар жасалған. Медиажоспар да әзірленген. Өйткені ата-аналарды баланың дұрыс тамақтануы бойынша құлақтандырып отыру керек.  Қаланың мемлекеттік және жеке 9 емханасында  Жастар денсаулық орталықтары ашылған.

МӘМС жарнасын төлеп тұрыңыз

Ұлттық статистика бюросының 2024-жылдың бірінші тоқсандағы деректеріне сәйкес, Шымкент қаласында 1 миллион 255 мың 312 адам тұрған. Оның ішінде сақтандырылғандары 1 миллион 20 мың 832, сақтандырылмағандары 234 мың 480 адам. Сақтандыру жарнасын төлемеген адамдарға медициналық қызметті дер кезінде алу қиын болады, сондықтан МӘМС жарнасын уақтылы аударып отыру керек.

Автобустағы валидаторлар алынады

Қала әкімінің орынбасары осы жиында 1-мамырдан бастап қаланың қоғамдық көліктеріндегі валидаторлар толықтай алынып тасталатынын айтып өтті. Яғни бұл бойынша қызмет көрсететін компания өзінің міндеттемелерін толықтай орындамағаны үшін арада түзілген келісім-шарт біржақты негізде бұзылып отыр. Енді қалалықтар қоғамдық тасымал ақысын электронды төлем жүйелері арқылы төлейтін болады.

Іс-шараларға 388 миллион  теңге бағытталады

С.Құранбек сондай-ақ қалада биылғы өткізілетін іс-шараларға жергілікті бюджеттен қаншалықты қаржы бөлінетінін де айтып өтті. Бұған алғашында 475 миллион теңге қаралған екен, кейін бұл сома 388 миллион теңгеге дейін азайтылған. Яғни Шымкентте биылғы жыл соңына дейін өткізілетін 12 іс-шараға барлығы 388 миллион  теңге бағытталады.

Оның ішінде 7-мамырдағы іс-шараларға 14 миллион 274 мың теңге, 9-мамырға 24 миллион 243 мың теңге қаралған. 1-маусым – Балаларды қорғау күніне 3 миллион 28 мың теңге, Шымкент қаласы күніне орай өткізілетін ақындар айтысына 50 миллион 66 мың теңге, Қала күніне 80 миллион 30 мың теңге бағытталады. 30-тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне 28 миллион 805 мың теңге, Республика күніне 19 миллион 88 мың теңге, сол күнгі кешкі гала-концертке  54 миллион 408 мың теңге бөлінбек. Бұдан бөлек, «Жасыл шырша, жарқыра!» іс-шарасына 8 миллион 205 мың теңге, түрлі жаңажылдық іс-шараларға 29 миллион 6 мың теңге қаралған. «Шымкент – қызғалдақтар қаласы» халықаралық суретшілер симпозиумына 18 миллион 464 мың теңге,  республикалық «Бабалар аманаты» танымдық әдеби музыкалық концертіне 58 миллион 34 мың теңге қаржы бағытталмақ.

Мұның бәрі ашық айтылады, қанша қаржының қайда, не үшін бағытталатынын егжей-тегжейлі білгісі келетіндер оны мемлекеттік сатып алу порталынан көріп танысуларына болады.

…Шымкент қаласы әкімінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің орталық коммуникациялар алаңында БАҚ өкілдеріне арнап өткізген брифингінде осы және басқа да өзекті тақырыптар жөнінде жан-жақты  айтылды.

Д. ОРАЗ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *