Басты жаңалықтар Мәселе

Кеше әнші Төреғали, бүгін ақын Мақсат, ертең…

Сахнаны қорлау сәнге айналып бара ма?

«Платон менің досым, бірақ ақиқат одан қымбат». Ақиқатты бәрінен де жоғары қойған Аристотель Платонның шәкірті болса да оның кейбір философиялық көзқарастарымен келіспей, өз ұстанымын осылай ашық айтқан. Аристотельдің шыншылдығы мен батылдығы бүгін де қай қоғамда, қай салада болсын аса қажет қасиет. Өйткені, ақиқат айтылмай, астамшылыққа ауыздық, жалғанға тоқтам жоқ.

Осы аптада масаң күйде сахнаға шыққан айтыскер ақын Мақсат Ахановтың дөрекі, ұятты сөздеріне ел жаппай наразылық білдірді. Көпшіліктің наразылығы орынды. «Аяғы лас төрді былғайды, аузы лас елді былғайды» демекші, аузына келген бейәдеп сөздерді талғамсыз айта беру абыройды өсірмейді, керісінше, абыройдан жұрдай етеді. Мен де осы кезге дейін Мақсат ақынның өнеріне тәнті болып келсем, аңдамай өз сөзінің «тұтқынына» айналған Мақсаттың кешегі әрекетіне көз жұмып, үнсіз отыра алмадым. Рас, М.Аханов мықты ақын, қыз бен жігіт айтысының қас шебері. Бірақ біз дүлдүл өнердің дүрмегі дұрыс болсын десек, ащы да болса ақиқатты айта білуіміз керек. Бүгін Мақсат айтқан масқараны ертең тағы біреуі қайталап, одан да сорақысын істеп жатса, қазақпен бірге жасасып келе жатқан төл өнеріміздің тағдыры не болмақ? Айтыста қандай абырой қалмақ?

Әлеуметтік желідегі әңгімелерді саралай отырып, соңғы кезде біздің қоғамда зиялы қауым арасында ақиқаттан достықты, әріптестікті артық санап, араша сұрап, бұрыс болса да соның сөзін сөйлеп, ашық қарсы пікір білдіре алмайтындардың қатары артқанын аңғарғандай болдық. Айталық, ақын Серікзат Дүйсенғазы былай деді: «Мақсат Аханов бауырыммен телефон арқылы сөйлестім. Өзінің кешегі ісіне өкініп отырғаны байқалды. Қателікті мойындай білу де ер азаматтың бір жақсы қасиеті ғой. Әйтпесе, «онда тұрған не бар?» деп қасарысатындар да табылады.

Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ болмайды. Оның кемшілігін аға ретінде біз тезге салармыз. Өзі де кез келген сынды мойнымен көтере алатын жігіт қой. Енді қайталанбайды деп сенемін. Бір ашуларыңызды бізге беріңіздер, мәртебелі өнерсүйер қауым!» – дейді Серікзат ақын. Әрине, мұны ағалық қамқорлық деп түсіндік, дегенмен інілердің ойсыз тентектігін дер кезінде тыйып отырмаса бұл дүрмек жалғаса бермек. Бәлкім мұндай екіұшты пікір білдірудің астарында «Өгізге туған күн бұзауға да туады» деген сақтық ой жатыр ма екен, кім білсін…

Ал, желі қолданушылар, тыңдармандар «Осындай адамдар сахнаға қалай шығады, кім шығарды?» деген, наразылығын ашық айтып, ұйымдастырушыларға шүйлікті. «Киелі айтыс өнерінің абыройын айрандай төкті» деген ақынды жазалау керек деп жатқандар да жетерлік. «Мынау не масқара, не көргенсіздік! …Аузына келгенін көкіп отырған мынаны желкелеп сахнадан қуып шығатын бір намысты адам болмағаны ма сол жерде? Жүз жерден «жұлдыз», мың жерден «дүлдүл» болса да! Мынау не басыну, не тайраңдау? Айтыстың әдебі, сахна мәдениеті қайда?!» – деп ашына жазды Нұргүл Хасанова есімді желі қолданушысы. Қалың оқырманның қаһарынан қаймықты ма, әйтеуір Айтыс одағының төрағасы Аманжол Әлтай бұл шараның одақтың ресми жоспарында болмағанын, сондай-ақ Мақсат Ахановты алдағы жарты жылда айтыстарға қатыстырмау жөнінде шешім қабылданғанын айтыпты.

Жасыратыны жоқ, соңғы кездері сахна мәдениеті, сахна әдебі деген ұғымдар ұмыт болып бара жатқаны байқалады. Қайбір жылы сахнада тұрып алып боқтық сөзді қарша боратқан әнші туралы көпшілік «ішіп қана қоймай, шегіп алған» дегенді айтып еді. Оған не шара көргенін ешкім білмейді. Бәлкім қатаң шара көрілмегеннің салдары шығар, кешегі Мақсаттың да «еркелігі». Алба-жұлба, жыртық-жамау киінгенді Батыстан енген «жаңалық» деп қабылдадық. Оған қарсы болғандарды жаңа өмірден, заманауи сәннен бейхабар, артта қалған адамға теңеді. Бірнеше мәрте Мәжіліс депутаты болған дәстүрлі әнші Бекболат Тілеуханның: «Сахнаның киесі дейді, сахнаның ешқандай киесі жоқ. Мінбердің киесі болуы мүмкін. Сахнаға не кие керек? Сахна деген пол, микрофон қойып қойсаң мынау да сахна. Көптің тілегі дейтін болса, онда магиялық қасиет болуы мүмкін. Сахна деген микрофон тұрған еден. Оны кие-пие деп ар жағында өзін қатардағы адам қылғысы келмей айтатын мақтаншақтар шығарған сөз көрінеді маған», – деген пікірі де сахнаның қадірін еденге дейін түсіріп жіберген жоқ па?! Бәлкім мінберден сөйлеп үйренген Бекболаттар үшін мінбердің киесі болуы мүмкін, бірақ көпшілік үшін сахна киесіз емес. Жалпы, әр нәрсенің өз киесі болады. Тіпті малдың да, даладағы аңның да киесі болатынын үлкендерден естіп өстік, кітаптардан оқыдық.

«Торғай сойса да қасапшы сойсын» дейді қазақ. Сахнаның киесі, мәдениеті жайлы сахнада жүргендердің өз аузынан естігенді жөн көрдік. Осы мақсатта талай жерде өз шындығын айтып, халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүрген әртіс Бекжан Тұрысқа хабарластық.

– Сапарда жүрген едім, Мақсаттың айтысын көрмеппін, – деді Бекжан Тұрыс. – Сахна туралы сауалыңызға айтарым, сахнаның қадірі қашпайды, сахнаның қадірін қашырады. Енді, ол бұрыннан бар нәрсе. Қалай айтсам екен… Біз сахнаның мәдениетін жоғалтып алдық қой. Тәуелсіз ел болдық. Бірақ әр нәрсеге шектеу болуы керек еді. Мен өткенді аңсап отырғаным жоқ, дегенмен кеңестік дәуірде мұндай масқараға жол берілмейтін. Бұл біздегі идеологияның әлсіздігін білдіреді. Депутаттар жастарды патриот етіп тәрбиелеуіміз керек дегенде мен патриотизмнің негізгі генераторы – идеология деп айтқанмын. Идеологиясы жоқ мемлекет желкені жоқ кеме секілді. Идеология – бір күнде қаулы шығарып, қолыңа ұстата салатын саптыаяқ емес, оның тамыры әріде жатыр. Қазіргі қайғы-қасірет – бүгінгі ұрпақтың өзі өскен тамырдан кіндігінің үзілгендігі. Ол тексіздікке, талғамсыздыққа, еліктегіштікке апарады. Сахнаға шығатын адамдарға шектеу қоймағаннан кейін мәдениетсіздік белең алады. Баяғыда тектеу деген бар еді. Яғни, тек деген сөз ғой. Тәртіпсіз болып бара жатқан жастарға үлкендер тек деп отыратын.

Менің ұстазым Асқар Тоқпанов: «Сахна деген – биік мінбе, ал биік мінбеге о заман да бұ заман, бос сөз айтатындар шықпайды», – дейтін. Кие деген тылсым мағынасында ғана емес, сахнаны құрметтеу, оның қасиетін сезіну, өнерге адалдық, өнерсүйер қауымға құрмет деп білемін. Сахнаның киесі бар, оған қадам басқан адам қасиетін сезініп, аманатқа адал болуы керек. Сахнаның қадірін түсінген адам ғана киесін ұғынады. Мысалы, қазір бізде Батыстың саясаты талғамсыздық пен тексіздікке ұрындырып жатыр ғой. Баяғыда сахнаға шыққан адамның жүрісі, киім киісі қандай еді? Тұнып тұрған тәрбие, мәдениет болатын. Қазір ше? Шетелдіктерге еліктеп, қыз баласы былай тұрсын, ер адамдардың өздері де сахнаға мәйкішең шығып, жартылай жалаңаштанған денесін көрсеткісі келген бейәдеп әрекеттерін көріп жүрміз. Солар тағы отырып алып сұхбат беріп, әдемі сөйлегілері, ақылды көрінгілері келеді. Шыны керек, қазір бізде үлкен жұт жүруде. Көзге көрінбейтін жұт. Қоғамды іштен жеп, мүжіп, құрдымға құлатуға айналған жұт. Ол – рухани жұт».

Иә, Бекжан Тұрыс айтқандай, сахнаның қадірі қашқан жоқ, сахнаның қадірін қашырушылар көп. Бұған нақты тыйым, тоқтам керек. Әйтпесе «аузы ластар» ел бұзуды тоқтатпақ емес.

Ұлықбек ҮМБЕТ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *