Түлкібас ауданында ауыз су және алкогольсіз сусындар өндіретін «Beibars Bottlers» ЖШС зауытының салынып жатқаны мәлім. Темір және пластикалық құтыдағы «RC» маркалы сусындар өндіретін бұл зауыттың өндірістік қуаты жылына 120 мың тоннаны құрайды. Өнімі ішкі нарыққа ғана емес, экспортқа да бағытталған – 51 пайызы Ресейге, 26 пайызы Қырғызстанға шығарылады.
Өндірісті одан әрі кеңейту мақсатында жобаның ІІ кезеңін іске асыру көзделген. Оған 8,4 миллиард теңге инвестиция бағытталады. Жоба толық қуатына шыққан кезде кәсіпорында қосымша 90 жаңа жұмыс орны ашылады. Зауытты келесі жылы іске қосып, жалпы өндірістік қуатын жылына 400 мың тоннаға дейін ұлғайту жоспарлануда. Жобаның екінші кезеңін толық әрі сапалы іске асыру үшін қажетті инженерлік инфрақұрылымның қуатын арттыру мәселесі де кезең-кезеңімен шешіледі.
Кешегі аптада зауыттың екінші кезеңінің капсуласын салу рәсімі өтті. Оған облыс әкімі Нұралхан Көшеров қатысты.
– Бүгін облысымыздың өнеркәсіптік әлеуетін арттыратын маңызды жобаның жаңа кезеңіне қадам басып отырмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өңдеу өнеркәсібін дамыту мен инвестиция тартуды экономикалық саясаттың негізгі басымдықтарының бірі ретінде айқындап келеді. Осы бағытта облысымызда жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соның нақты нәтижесінің бірі – «Beibars Bottlers» кәсіпорны. Зауыттың бірінші кезеңінде 2025 жылдың қазан айында қуаттылығы 120 мың тонна алкогольсіз сусын өндіретін зауыт іске қосылып, жобаға 9 миллиард теңге инвестиция тартылды. 100-ден аса тұрақты жұмыс орны құрылды. Кәсіпорынның бюджетке қосқан үлесі де жоғары. Жыл қорытындысы бойынша бюджетке жалпы 450 миллион теңгеге жуық салық түседі деп күтілуде. Кәсіпорынның шығаратын өніміне деген сұраныс жоғары. Соның арқасында бүгін кәсіпорынның қуаттылығын ұлғайту үшін екінші кезеңінің іргетасын қалап отырмыз. Нәтижесінде, жылына жалпы 400 мың тонна алкогольсіз сусын өндіріліп, бюджетке жыл сайын жалпы 800 миллион теңгеге жуық салық түседі деп күтілуде. Бұл – өңір экономикасы үшін маңызды көрсеткіштер. Облыс әкімдігі инвесторларға қажетті қолдау көрсетіп, инженерлік инфрақұрылымды дамыту жұмыстарын жалғастыра береді. Инвесторларға осы жобаны жүзеге асырып отырғаны үшін алғысымды білдіремін. Кәсіпорын ұжымына табыс, еңбектеріңізге береке тілеймін! – деді өңір басшысы.
Бүгінде Түлкібас ауданында жылына 48 мың тонна құс етін өндіретін фабриканың құрылысы да жоспарлануда. Жалпы құны 53,7 миллиард теңгені құрайтын жоба жүзеге асқанда 1200 жаңа жұмыс орны ашылады. Жалпы, 96 құс фермасы, инкубатор, құрама жем зауыты, газ-электр станциясы, құс сою және қалдық өңдеу цехын және тоңазытқыш қоймалар салу көзделген.
Үш кезеңнен тұратын жобаны қаржыландыруға «Түркістан» ӘКК» АҚ тарапынан 5 миллиард теңге несие бөлінген. Бүгінгі таңда 10 құс фермасының темір қаңқасы тұрғызылып, сэндвич панельмен қапталуда. Сонымен қатар құс сою бекетінің жерді тегістеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Облыс әкімдігі инвесторларға қажетті қолдау көрсетуде.
Облыс әкімі Н.Көшеров Түлкібас ауданына жасаған іс-сапары барысында осы құс фабрикасының құрылыс жұмысымен де танысып қайтты.
