Спорт

Отандасымыз Ла-Манш бұғазын жүзіп өтті

Отандасымыз, әуесқой жүзуші Мәди Әділханов әйгілі Ла-Манш бұғазын жүзіп өтті. Бұғаздың ең тар тұсының өзі 40 шақырымнан асады, М.Әділханов осы қашықтықты еңсерді.

Өзіндік ереже бойынша Ла-Манш арқылы жүзуге тәуекел еткен адам суға түсерде су өткізбейтін арнайы киім кимейді, қандай да бір препараттар қолданбайды. Тек денесін аздап майлауы мүмкін. Суда жүзу барысында ол тынықпайды, жанында жүзген қайықты таяныш етпейді, оған тіпті қол тигізбейді, тоқтамай жүзіп өтуі тиіс.

1875 жылдан бері бұл қашықтықты жалпы саны 2200 адам бағындырыпты. Алғашқы болып ұлыбританиялық Мэттью Уэбб есімді азамат 21 сағат 45 минутта өткен. Ерлер арасындағы рекорд австралиялық Трент Гримсиге тиесілі, ол бұл қашықтықты 2012 жылы 6 сағат 55 минутта артта қалдырған. Ал әйелдер арасында АҚШ-тың Гертруда Эдерле есімді жүзгіші осыдан бір ғасыр бұрын, 1926 жылы 14 сағат 39 минутта өткен екен.

Мәди Әділханов – Ла-Маншты сәтті жүзіп өткен қазақстандық алғашқы ер-азамат. Ол 45 шақырымнан асатын қашықтықты 14 сағат 37 минутта еңсерген. Осыған дейін бұл қашықтықты екі қазақстандық — 2019 жылы Әнел Сытдықова 15 сағат 15 минутта, 2021 жылы Мәдина Құрманбаева 16 сағат 54 минутта жүзіп өткен. Мұндай жүзу барысында ауа райы бұзылуы, ағыс пен толқынның күшеюі, су температурасының төмендеуі, жәндік жабысуы, шағып алуы да мүмкін. Жүзушіге тамақ арқан немесе ұзын сырық арқылы беріледі, ол су ішінде азықтанады. Ла-Маншта жүзу барысында М.Әділхановтың аузына медуза кіріп кеткен, ол өзіне ұсынылған тағамды да ала алмай қалған, тағам суға ағып кеткен. Осы жайлар оның жүзу жылдамдығына елеулі кедергі келтірген сияқты.

Адам баласының экстремалды спортқа қызығушылығындағы көрсеткіштеріне таңқалмасқа шара жоқ. Мысалы, америкалық Сара Томас деген әйел осы Ла-Маншты еш демалмастан, аялдамастан ерсілі-қарсылы төрт мәрте жүзіп өтіп, 54 сағатта 135 шақырым қашықтықты аса төзімділікпен артта қалдырған екен. Ал ұлыбританиялық Элисон Стритер есімді әйел оны 43 мәрте жүзіп өткен. Жұрт оған «Ла-Манш патшайымы» деген лақап ат беріпті. Франциялық Филипп Круазон есімді азаматтың көрсеткіші тіпті де таңқаларлық. Аяқ-қолы жоқ ол арнайы протездерді пайдалана отырып, Ла-Манштан 14 сағатта жүзіп өткен. Бұл кісі үй шатырындағы антеннаны түзеймін деп жүріп кернеуі аса жоғары токқа ұрынып, аман қалған екен. Бірақ аяқ-қолын кесіп тастауға тура келген. Ауруханада жатып теледидардан Ла-Маншты жүзіп өткен әйелдің ерлігін көріп, келешекте бұғазды жүзіп өтуді алдына мақсат етіп қойыпты. Кейін сол мақсатына жеткен. Бұл азамат, сондай-ақ, Беринг, Гибралтар бұғаздарынан жүзіп өткен. «Дакар» автораллиіне де қатысып, 317 адамның ішінде 48-ші орынды иеленген екен. «Мен өмір сүруді шештім» деген кітап жазыпты.

Мұндай ерік-жігері жоғары, аса төзімді адамдарға қалай таңқалмассың?!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *