Мәселе

Есірткі – оқушыларға да «қармақ салуда»

    Соңғы кездері жастар арасында, әсіресе мектеп оқушыларының есірткіге тәуелділігі артып барады. Нашақорлық – аса қауіпті де қасіретті дерт. Сондықтан мұны бір адамның немесе бір отбасының басына түскен қиындық деп қарамауымыз керек. Жаман әдет жұққыш келеді демекші, көршінің баласы немесе перзентіңнің сыныптасы, тағы басқа ортадағы біреу есірткі тұтынса бұл барлығымыздың баламыз үшін қауіп. Сондықтан мұны тұтастай қоғам қасіреті деп қараған дұрыс. Мемлекеттік тұрғыда қатаң бақылау болу керек. Әрине, елімізде есірткі, психотроптық заттар туралы заң бар, бірақ соған қарамастан есірткіге еліткендер қатары азаяр емес. Керісінше жаңа түрлері шығып жатыр.

Есірткі жайында естімеген адам жоқ шығар, дегенмен, мамандар көзімен қарасақ, ол адамның әрекеттерінде, ой-сезімдерінде өзгерістер тудыратын табиғи немесе синтетикалық заттар болып табылады. Басқаша айтқанда, табиғи немесе жасанды түзілген, адамның сана-сезімінде теріс өзгерістер тудыратын химиялық қоспалар, яғни психикалық белсенді заттар. Бұлар мидың қажетті нерв жүйесіне химиялық қозғау салу арқылы психоэмоциялық рахат, ләззәт сезімін тудырады немесе әлдебір қалыпсыз ауытқулар алып келеді. Бұл  қоспалардың адам ағзасын өзіне тәуелді ету мүмкіндігі өте жоғары. Есірткінің кейбір түрлерін бір қолданған адам оған өмір бойы тәуелді болып қалады. Әсіресе жүйке жүйесі толық қалыптасып үлгермеген жасөспірімдер үшін өте қауіпті. Есірткіге тәуелділердің 27 пайызын 12-16, 42 пайызынан астамын 17-24 жас арасындағылар құрайды. Сол себепті жастарды індеттің ілмегінен аулақ ұстау үшін қоғам, әсіресе мұғалімдер қауымы нашақорлықтың зияндылығы мен салдары жайлы мол мағлұмат беріп, түзу тәрбие дарытқаны дұрыс.

         Есірткімен бір ауызданған адам өзін-өзі тежеуге шамасы келмей, оның басыбайлы құлына айналады. Сондықтан нашақорлықтың алдын алу, жасырын жолмен дамуына жол бермеу — аса қажетті шара. Барлығымыз үшін отбасымыздағы, айналамыздағы адамдардың ойындағы сәл өзгерісті, мінез-құлқын күнделікті қадағалап отырудың маңызы зор. Нашақор адамның қоршаған ортаға, айналасындағы адамдарға көзқарасы өзгеріп, көңіл қүйі аяқ астынан төмендеп, бұзылады. Оның себеп-салдары болмайды, ол адам өзімен-өзі болып, өзгеше бір күй кешеді. Ұйқысы бұзылады, күні бойы маужырап, дел-сал, бей-жай күй кешіп, кенеттен көңілді күйге еніп, тез ширап, бірдеңе істегісі келіп, мезгілінде ұйықтамайды. Ойына келгенін істейді. Сіз оның күні бойы компьтермен немесе басқа да жағымсыз істермен айналысқанын көресіз. Көбінесе уақытпен санасуды қойып, ән тыңдайды немесе айқайлап өлең айтады. Ертеңгілік кешегі көңілсіз күйі тағы қайталанады. Есірткі зат алмасу процесіне еніп, бірінші серотонин өндіріп шығаратын ми жасушаларын өлтіреді. Серотонин мидың көңіл-күй өзгерісін қадағалайтын зат. Бұл адамды бәсең және селқос етеді. Иммундық жүйе зардап шегеді. Сондықтан адам ағзасы әртүрлі жұқпалы індетке қауқарсыз келеді.

         Тамақтану мерзімі, тамақтану мәнері өзгереді. Күні бойы аш болғанын сезбеуі, нәр татпауы мүмкін. Сыртқа шығып, біраз қыдырып келгеннен соң тәбеті ашылып, көп тамақ ішіп, тіпті қосымша тамақ сұрауы мүмкін. Тамақтанғанда қомағай, алдындағы асты басқалардан қызғанады. Қоршаған ортаға, айналасындағы адамдарға қызығушылығы жоғалып, бар көрініске енжарлықпен қарайды. Не нәрсеге болсын ренжіп, шыдамсыздық танытып, өшпенділік көрсетеді. Сөйлесу мәнері өзгеріп, қойылған сауалдарға жауап беруі қиындап, маңындағы адамдармен араласуы, әңгімелесуі шектеледі. Әңгімелесіп отырғанда ойы басқа жақта болып, ешқашандай ықылас білдірмейді. Достарының барлығы одан байланысты үзіп, оқшауланып, жалғыз қалады. Қол, шынтақ буындарында инеден қалған іздер пайда болады, көз қарашығы ұлғаяды, терісі басқа түрге еніп, жағымсыз иіс пайда болады. Тамырға есірткі қолданудың салдарынан психика, жүрек қан тамырлары және жүйке жүйесі, сонымен қатар бауыр, бүйрек қызметі бұзылып, адамның ой-өрісі төмендейді. Өзінің сырт келбеті, жүріс-тұрысы, киім киісіне назар аударуды қояды. Мінез-құлқы өзгереді, болмашы нәрсеге ашуланады. Нашақорлықтан құтылудың жолын таппаған адамдар өте көп.

         Нашақорлық – нағыз бақытсыздық, сор. Есірткіге құмартқан адам үшін де, оның отбасы үшін де қайғы. Бір нашақор бір жыл ішінде кемі 15 адамды осы зиянды әдетке тартуы мүмкін. Есірткінің жауыздық қасиеті – организм оған өте тез бейімделеді де аса күшті мөлшерін қажет етеді. Егер есірткінің кезекті үлесін дер кезінде алмаса онда адам аса қорқынышты азапты басынан өткізеді.

         Есірткі – қасірет белгісі. Ол әуестікпен дәмін көріп, жалыққан соң тастап кететін жай зат емес. Дәмін тату дегеніміз — шыңырауға қарай жасалған алғашқы қадам. Өкініштісі, есірткіге бір қадам басқан адамның кері шегінуі, оны орта жолдан оңай тастап кетуі мүмкін емес. Мәжбүрлі түрде емделмесе, ол түптің түбінде өлімге алып келеді.

        Бұл мақаланы жазудағы мақсат — жастарға ақпарат беру, зиянды заттардан бойды аулақ ұстауға үндеу. Мұғалімдер, дәрігерлер қауымы осынау қоғам қасіреті жайында оқушыларға, жасөспірімдерге жан-жақты насихат айтып, кеңірек баяндап, сабақ барысында да жиі ескертулер жасап отыруы аса қажет. Өзгенің баласы деген жеңіл көзқарастан аулақ болуымыз маңызды.

С.Сейдуллаев,

Сауран аудандық емханасының нарколог дәрігері.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *