Үшінші мегаполисте салют атылса «келін келді», «біреудің туған күні боп жатыр-ау» деп болжам жасау үйреншікті әдет болғалы қашан. Әсіресе, қаланың демалыс аймағы аталатын Дендросаябақ, Бәйдібек би ескерткіші орналасқан аумақта күн сайын салют атылып жататыны жасырын емес. Түннің ортасында тасырлаған дауысынан, гүрсілден шошып оянатын төңіректегі тұрғындар «шырқымызды бұзды» дегенмен, елдің тыныштығын алғандарғ,а анау айтты шара қолданылып жүргені де шамалы еді. Енді олай болмайды.
Пиротехникалық бұйымдарды елді мекендерде қолдану бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінің 436-бабымен әкімшілік шараға тарту көзделген. Жеке тұлғалардың тыныштығын, белгіленген тәртіпті бұзатын мұндай бұйымдар тәркіленеді және қолданушыға 20 АЕК көлемінде айыппұл салынады.
Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек энергетика және инфрақұрылым мәселелерін талқылауға арналған брифингінде баяндады.
Құқық бұзушылықты кәмелет жасқа толмаған адам жасағанда пиротехникалық бұйымдар тәркіленіп, ескерту жасалады. Осы бапта көзделген әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін 1 жыл ішінде құқық бұзуды қайта жасаған, сол сияқты, осы Кодекстің 437-бабында көрсетілген құқық бұзушылық үшін 1 жыл ішінде әкімшілік жауаптылыққа тартылған адамнан пиротехникалық бұйымдар тәркіленіп, оған 30 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Осы Кодекстің 437-бабында кешкі сағат 22.00-ден таңғы 09.00-ге дейін тұрғындардың тыныштығын бұзу бойынша да әкімшілік шара көзделген. Бұл үшін ірі кәсіпкерлік нысандарына 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, орта кәсіпкерлік нысандарына – 30 АЕК, жеке тұлғаларға – 5 және шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйым субъектілеріне 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Егер құқық бұзу 1 жыл ішінде қайталанатын болса, жеке тұлғаларға – 10, кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық ұйымдарға – 40, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 60, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 150 АЕК көлемінде айыппұл салынады.