Биылғы қыстың қары қалың, көктемі
жауынды болуда. Қар еріп, көктем шыға салысымен жолдардың ой-шұңқырлары одырайып
шыға келді. Көліктердің жүруіне көп кедергісін келтіруде. Жолдар жыл сайын
жөнделгенімен, сапасы сын көтерер емес.
Қалаға келген жаңа әкімге қатысты оң пікір, жақсы сөздер айтылуда. Лайым солай болсын. Дей тұрғанмен мен көптен көңілде жүрген бір мәселе жайлы ой қозғамақпын. Байқасаңыздар, көктемде пайда болған жолдың ой-шұқыры көп жерлерде жаз бойы жатады. Содан күзде жол мен жылу құбырларын жөндеу жұмыстары басталады. Ол кей жағдайға қар жауып, қыс басталғанша жалғасады. Себебі бізде тендер деген бар. Оны өткізіп, жеңімпазды анықтау үшін біраз уақыт өтеді. Кейде, тіпті, конкурстың қорытындысына келіспеген тарап сотқа беріп, оның аяқталуы тым ұзаққа созылады. Осылайшы көктем былай тұрсын, жаз бен күз де өтеді. Ал, жауын-шашында төселген жолдың сапасы жайында сөз етудің өзі қисынсыз.
Бұл іске тоқтау салатын кез жетті. Міне осы жерде қала әкімдігінің іскерлігі керек. Ол үшін әкім жолдың ой-шұқырын жөндейтін, жаңа жол төсейтін арнайы мемлекеттік коммуналдық мекеме құрса болар еді. Бұған заң тыйым салмайды. «Көгалдандыру», «Жасыл аймақ» «Тазалық» деген секілді «Сапалы жол» деген де мекеме құрылса екен. Бұл мекеменің жұмысы мемлекеттік тапсырысқа байланбауы тиіс. Сонда ғана жыл он екі ай тоқтаусыз және сапалы жұмыс істеуге жол ашылады. Жұмыс сапасына мекеме басшысы жауапты болу керек. Бұл жүйе бюджет қаржысын үнемдеуге, шығысты азайтуға да үлес қосуы мүмкін.
М.МОЛДИМАНОВ.