Басты жаңалықтар

Непалдағы апатқа не себеп болды?

26 тамызда Непалда болған алапат табиғи апат төңірегіндегі әңгіме әлі де толастар емес. Бұл апат Непал мен Қытайдың шекарасында, Лангтанг-Лирунг аумағында орын алды. Көптеген елді мекендер қирап қалды, 800-ден астам адамның мерт болып, 3 мыңға жуығы жоғалып кетті деген дерек айтылуда. Қазақстандық үш турист әйел іздестірілуде.

Таудан тонналаған мұз құлаған

Әлемдік мұз жамылғысының басым бөлігі Арктика мен Антарктидада десек, тағы да бір мол қоры әйгілі Гималай тауларында жатыр. Кейінгі жылдары онда да мәңгілік мұздың еруі жалғасуда. Непалдағы жағдайға да сол себеп болды. Қытаймен шекарадағы Трисули өзені бойымен жүріп өткен алапат сел 5 шақырым тау биігінен биіктігі мен ені 1,5 шаршы шақырымдай болатын алып мұз бөлігінің құлауы салдарынан туындаған. Соққының жойпат болғаны сонша, ол 25 шақырым қашықтағы Тибет территориясында қуаты 4,4 балл болатын зілзала тудырған. Мұз, тас, тау топырағы мен өзен шөгінділері, топырақ пен лай араласқан алапат көшкін жолындағының бәрін жайпап келіп, Лхенде өзеніне құлаған, сөйтіп оның аңғарын бітеп қалған. Оны бұзып өткен сел төмендегі Бхоте Коши және Трисули өзендерінде тасқын туғызған. Өзендегі су деңгейі жарты сағатта-ақ 9 метрге дейін көтеріліп кеткен. Апат салдарынан бірнеше ондаған шақырым жол мен көпірлер қирап, жарамсыздыққа ұшырады. Өзен бойында салынып жатқан су-электр станциясының тамтығы да қалған жоқ. Келтірілген шығын қазірдің өзінде 5 миллиард долларға жеткені туралы айтылуда. Непалдың өзінен, көрші елдерден мыңдаған құтқарушылар, полицейлер мен медицина қызметкерлері қирандылар арасында, белуардан келетін балшықты кешіп жұмыс жүргізді.

 2082-ші жылда өмір сүруде…

Непал туралы қысқаша айта кетейік. Ол Оңтүстік Азиядағы, әйгілі Гималай тауларының орта тұсын алып жатқан мемлекет, Үндістанмен және Тибет автономиясы арқылы Қытаймен шектеседі. Бұл елдің күнтізбесі бастауын біздің жыл санауымыздан бұрынғы 56-шы жылдан алады. Қазір онда 2082-ші жыл.

Непалдың жерінің басым бөлігін таулар алып жатыр. Аса биік заңғар таулар, биіктігі 8848 метрге жететін әйгілі Эверест шыңы осында. Таудағы кей ұлттар арасында бір үйдің ұлдары бір әйелге үйленетін де өзгеше дәстүрі бар ел. Өйткені оларда жер аз, соны бірігіп игереді. Әлемдегі ең биіктегі көлдер де, терең шатқалдар да осында. 6 мыңнан астам өзен бар. Кей деректерге қарағанда «Непал» атауы «киелі жер» деген ұғым береді. Мұнда Будда дінінің негізін қалаған Будда Гаутама туған деседі.

Биіктігі 6638 метр болатын әйгілі Қайлас шыңы да осында. Оған шығу аса қиын. Діндарлар оны «Құдайдың мекені», «Әлемнің кіндігі» деп қастерлейді. Тылсым сырлы тау. Басына шығуға тыйым салынған, діндарлар үзілді-кесілді қарсы. Қытай билігі де оған шығуға ресми түрде тыйым салған. Зиярат етушілер тек айналып өту рәсімін жасайды, оған бірнеше тәулік уақыт кетеді. Сондай-ақ, Мачапучаре деген тауды да индуистер аса киелі деп санайды. Онда Шива құдайы өмір сүреді деп сенеді, оған да адам баласының аяқ басуына тыйым салынған.

Бұл елде 100 әйелге 91-92 еркектен келеді. Еркектің үштен бірі туризм саласында еңбек етеді. Әсіресе бар-жоғы 100 мыңдай ғана адамнан құралған шерп ұлтының өкілдері биік тауларға еш қиналмай шығатын асқан төзімділігімен танылған. Тауда адаспайды, сондықтан альпинистер оларды жол көрсетуші серік ретінде жиі жалдайды.

Непалдың территориясы 147 516 шаршы шақырымды құрайды. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, біздегі Ақтөбе облысының жерінен екі есе кіші, Ұлытау ауданының жерінен сәл-ақ үлкен. Мұнда бүгінде 30 миллионнан астам адам тұрады. 125-тен аса ұлт пен ұлыс өкілдері бар, халқы 120-ға тарта тіл мен диалектіде сөйлейді. Тұрғындардың 80 пайыздан астамы индуизм дінін тұтынады. Буддизмді, басқа да діндерді ұстанатындар бар. 10 пайыздай мұсылмандар тұрады.

Жалпы, Ислам Непалда ұстанушылар саны жөнінен индуизм мен буддизмнен кейінгі үшінші орында. Мұсылмандар елдің басқа аумақтарында өте аз, негізінен Үндістанға таяу Раутахат ауданында шоғырланып тұрады.

Непал халқы көп ұлттан тұрса да, көпдінді болса да бейбіт қатар өмір сүріп келген еді. Кейінгі кездері осыған сызат түсе бастады. Бүгінде Непалдағы алапат табиғат апатының себебін діни қақтығыстың салдарынан деп жүргендер де бар. Өткен шілде айының соңында елдің оңтүстік аумақтарында дінаралық қақтығыстар орын алған. Индуизм дінін ұстанатын радикалдық топтар жергілікті мұсылман қауымдастығына қысым көрсеткен, Құранды өртеген, бірнеше мешітті қиратқан, көптеген мұсылмандардың үйі мен меншігіндегі кәсіпорындар қиратылған. Қақтығыстар кезінде бірнеше адам қаза тапқан. Біреулер өлгендерді мұсылмандар атқан деген сөз таратып жіберген. Жалған видеолар таратылған. Мұсылмандардың үйлерін қиратып, көше-көшеден ұстап алып, индуизм ұрандарын айтуға мәжбүрлеген. Тәртіпсіздіктерді полиция атыс қаруын қолданып, әзер тоқтатқан.

Саясаттанушылардың пайымынша, бұл оқиғаның ушығуына елдегі және көрші Үндістандағы радикалдық діни топтардың әрекеті себеп болып отыр. «Бұл елдің жұртын Құдай атты» деушілердің бұлай айтуына тағы бір себеп бар. Непалдың Үндістанға таяу тұсындағы бір елді мекендегі үлкен ғибадатханада бес жылда бір мәрте жүз мыңдаған буйвол, құс, тауық, үйрек, ешкі, кептер, доңыз, егеуқұйрықты құрбандыққа шалатын фестиваль өтеді. Кей жылдары құрбандық саны жарты миллионға жуықтайды. Мұндай рәсімді мадхеси деген халық ұстанады. Мадхесилер ішінде индуистер де, буддистер де, мұсылмандар да бар. Аталған фестивальге жыл сайын Непал мен Үндістаннан екі миллионнан астам адам қатысады. Діндарлар бұл рәсім кезінде жануарларды өздері «Билік Құдайы» деп атайтын Гаджимаидің мейіріміне ие болу үшін құрбандыққа шалады. Неғұрлым көбірек құрбан етсек соғұрлым жамандық жойылып, гүлденген өмірге жетеміз деп сенеді.

Бұл діни рәсім кезінде мыңдаған жануарды қолдарында жалаңдаған қылышқа ұқсас үлкен жалпақ пышағы бар жүздеген қасапшылар басынан шауып жайратады. Кейбірінің басы шала шабылып, қиқаланып та жатады. Осынша малдың еті жергілікті тұрғындарға, қонақтар мен туристерге таратылады. Сондай-ақ жануарлардың еті, терісі мен сүйегі Үндістанның және Непалдың сауда компанияларына сатылады. Бұл діни рәсімге басқа жұртшылық қарсылық білдіріп келеді. Мемлекет те түрлі іс-шаралар өткізіп, тосқауыл қоюға тырысуда. Дегенмен әзірге елеулі өзгеріс жоқ.

Бүгінде кей әлеуметтік желілердегі «Непалдағы кешегі сұмдық апат адамдардың қаныпезер болып, азғындауына Құдайдың кәрін төгуі, берген жазасы» делініп жатқан әңгіменің түбі осындай жайларға байланысты айтылуда. Тағы бір нұсқа – тау басына туристерге, альпенистерге арналған көптеген үйлер мен уақытша жатақ жайлар салынғанға ұқсайды. Сол нысандарды жылыту, тамақ әзірлеу, басқа да қажеттіліктер барысында қаншама жылу бөлініп, мұздықтардың еруіне себеп болуда деседі.  

…Анығын бір Құдай біледі. Қалай болғанда да Непалдың Латанг ауданы тұрғындарының жағдайы қазір аса ауыр. Табиғат апаты қайталануы әбден мүмкін деген қауіппен жоғалғандар мен өлгендерді іздеу тоқтатылды. Эпидемия таралу қаупі төнгендіктен 600-ден аса іздеу-сұрауы болмай тұрған мәйіттің ДНК үлгілері алынып, шұғыл түрде жерленді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *