ҚМДБ төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Шымкент қаласындағы жұмыс сапары барысында Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ-дегі Әбсаттар қажы Дербісәлі атындағы кітапхананың жұмысымен танысты.
Қадірлі қонақтарға кітапхана жұмысы жайлы университеттің проректоры Баршагүл Исабек кеңінен мәлімет айтып, таныстырды. Шығыстанушы ғалым, Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының 2000-2013 жылдардағы төрағасы — бас муфти болған, марқұм Әбсаттар қажы Дербісәлі – осы университеттің 1969 жылғы түлегі.

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлымен кездесіп, ғибыратты әңгіме тыңдау үшін университеттің үлкен мәжіліс залына Шымкент қаласының зиялы қауым өкілдері және ақсақалдар арнайы жиналды.
– Дәстүрлі тәрбие – берекелі шаңырақтың іргетасы деп ұдайы айтып жүреміз. Халқымызда «Уықты басқұр сақтайды, халықты дәстүр сақтайды» деген аталы сөз бар. Расында құдайсыз қоғам құру басты идеологияға айналған кешегі кеңес заманында дініміз бен салтымызды сақтап қалуға дәстүріміз күшті ықпал етті. Ел арасындағы діни құлшылықтар халқымыздың дәстүрлі рәсімдері ретінде қабылданды. «Жақсы заңың болғанша, жақсы дәстүрің болсын» деген қанатты сөздің мәнін күн санап түсініп келеміз. Шариғатымыз халық ұстанған дұрыс әдет-ғұрыптарға ешқашан тыйым салмаған. Ғұрыппен әмір ету – дініміз рұқсат берген істің бірі» деп атап өтті жиын барысында ҚМДБ Төрағасы.
