Біле жүріңіз

Бесікке бөленген бала сымбатты болады

Бесік – ұлттың ұясы. Қазақ бесігі бар үйде береке бар, нығмет бар, періште бар, құрмет бар» деп бекер айтпаған. Бұрнағы замандарда бесігі бар үйге төре де басын иіп кіретін болған екен.

«Береке енсін десең есігіңе,

Құрметпен қарайлағын бесігіңе» дейтін қазақ үшін бесік тек нәрестені жатқызатын орын ғана емес, ол – ұлттың рухы, тәрбиенің бастауы, ұрпаққа аманат болған қасиетті мұра. Ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан бесікке салу дәстүрі халқымыздың даналығы мен дүниетанымын айқын көрсетеді.

Бесікке салу рәсімін әдетте көпті көрген, ақ жаулықты, өнегелі әже атқарады. Себебі қазақ «Жақсының жақсылығы жұғады» деп сенген. Бесікке бөлер алдында шашу шашылып, ақ бата беріліп, сәбиге ұзақ ғұмыр, бақ-береке, ақ жол тілеген.

Бесік халқымыз үшін киелі саналған. Ол құрсақта жатқан сәбидің, яғни шарананың ішінде жатқан тербелісті бұлжытпай қайталайтын көрінеді. Міне, сондықтан да дана халқымыз бала туылғанда сол үйренген тербелісін бесік тербелісімен жалғаған.   Оны ешқашан аяқасты етпеген, үстіне отырмаған, бос бесікті тербетпеген. Мұның бәрі бесікке деген құрметтің, бесік арқылы ұрпаққа деген құрметтің белгісі. Қазақ «Бесігің берік болса, ұрпағың көрікті болады» деп бесіктің қасиетін ерекше бағалаған. Бесікке көп жатқан сәбидің дене бітімі түзу болып, шымырлығы мен  сымбаттылығын дұрыс қалыптастырады.

Бесіктің денсаулыққа да пайдасы мол, бала сана-сезімі зерек, ақылды  болып өседі дейді әжелеріміз. Ол нәрестенің тыныш ұйықтауына және тазалықтың сақталуына мүмкіндік береді. Бесікке үйренген бала бөлеген сәтте тез ұйқыға еніп, жылауын лезде тоқтата қояды. Ал мүлде бесікке бөленбеген бала үнемі жөргегін былғап, беталды ыңырсып жылап, ұйқысы келген уақытта жылдам ұйқыға ене алмайды және тазалыққа да үйренуі қиынға соғады. Қол-аяғы қисық қалыптасуы да әбден мүмкін.Тағы да айта кететін тұсы  –  ұйқысы құс ұйқыға айналып, кербеңдеген бос жатқан өз қолынан өзі шошып тез оянғыш келеді. Сондықтан ата-бабамыз бесікті өмір тәжірибесінен туған даналықтың жемісі деп білген.

Бесікке салу дәстүрі арқылы халқымыз үлкенді құрметтеуді, ізеттілікті, мейірімділікті және ұлттық құндылықтарды ұрпақ санасына сіңірген. Өйткені «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің». Баланың тәрбиесі бесіктен басталады, ал бесіктен басталған тәрбие бүкіл өміріне азық болады.

Қазақ халқы «Тәрбие тал бесіктен басталады» деп бекер айтпаған. Себебі әрбір елдің ертеңі, әрбір халықтың болашағы тәрбиелі ұрпақтың қолында. Ұлттық салт-дәстүрімізді сақтап, оны жас ұрпаққа насихаттау – ата-баба аманатына адал болудың белгісі.

Бесікті  қолданып болған соң, бала жатпаған жағдайда төрге немесе жоғары қойып қастерлеген. Оны тіпті  ескірген кезде қоқысқа тастамай, осы бесікке жатқан ұрпақтарымыз мәуелідей жеміс беріп өссін деген ниетпен ағашы шіруге жақындаған тұста өртеп, күлін мәуелі ағаштың түбіне көмген деседі.

Бесікке салу дәстүрі халқымыздың рухани қазынасының алтын арқауы болып қала береді. Өткенін құрметтеген халықтың болашағы баянды. Сондықтан қасиетті бесіктің киесін ұлықтап, салт-дәстүрімізді көздің қарашығындай сақтап, келер ұрпаққа аманат ету әрқайсымыздың парызымыз.

Әр қазақтың үйіндегі бесігі тек шаттыққа тербелсін! Бесіктегі сәбилеріміз аман болсын! Өйткені ұлттың болашағы бесіктен басталады, ал бесіктің қасиетін қадірлеген елдің рухы әрдайым биік болады.

Мәдина АХМЕТОВА,

Шымкент қаласы

әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының

 ғылыми қызметкері.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *