Бүгінде қай үйді болса да тоңазытқышсыз елестету мүмкін емес. Тұрмысымызды жеңілдеткен бұл жәрдемшінің өмірге келгеніне осы айда 127 жыл толып отыр екен.
«Форд» көлігінен екі есе қымбат болған
Жалпы, адамзат баласы салқын мен суықты азақ-түлікті ұзақ сақтауға ежелден пайдаланып келген. Оның түрлі әдіс-тәсілдері болды. Мысалы, сонау 1970 жылдары аналарымыз жаздың күндері етті және басқа да ұзақ сақталуы қажет азықты ұнның ішінде ұстайтын. «Ұнның жәшігі» деген болды, соған салып ұнға көміп қоятын. Ондай азықты жазда бөлме пешінің үстіңгі бөлігінде де сақтады. Қыста мұндай қызметті үй шатыры, яғни шифердің асты атқарды.
Ал қазіргі тоңазытқыштардың «аталары» XIX ғасырда өмірге келе бастапты. Дегенмен оларда кемшілік көп болған, сондықтан жаппай қолданысқа енбеген. Яғни тоңазытқышқа мұзды қолдан салған, қажетті электр қуатын алу үшін ағаш, көмір жағып, керосин қолданатын болыпты. Сондықтан олардан газ бен май иісі көп шығады екен. Тоңазытқышты газ қуатымен де жұмыс істетіп көріпті, бірақ газ исі шығатындықтан әрі шуының қаттылығынан олар да жаппай өндіріске енбеген. Ал 1899 жылғы 8 тамызда АҚШ-тың Альберт Маршалл деген өнертапқышы заманауи тоңазытқыш жасап, оның патентін иеленген. Сондықтан 8 тамыз тоңазытқыштың туған күні саналады.
Ал осыдан тура бір ғасыр бұрын, 1926 жылы Даниялық Кристиан Стиндруп деген инженер иісі де, даусы да шықпайтын тоңазытқыш жасапты. Осыдан бастап бұл тұрмыстық техника танымал болған, өнеркәсіптік жолмен көптеп шығарыла бастаған. Алғашқы тұрмыстық тоңазытқыштардың бағасы қазіргі бағаммен есептегенде 7 мың доллардан 14 мың долларға дейін барған, яғни сол кездегі әйгілі «Форд» автокөлігінен екі есе қымбат болған екен. Кеңес Одағында тоңазытқышты 1937 жылдан жасай бастаған, ал өнеркәсіптік деңгейде шығару 1960 жылдардан қолға алынған.
Жұмысын шетелде жүріп те қадағалауға болады
Халықаралық энергетикалық агенттіктің жариялаған мәліметіне сенсек, бүгінгі күндері әлемдік қолданыста 2 миллиард 100 миллионнан астам тоңазытқыш бар, коммерциялық және өнеркәсіптік тоңазытқыштарды қоса алғанда олардың саны 2 миллиард 400 миллионды шамалайды. Тоңазытқыш жасаудан әлемде Қытай бірінші орында тұр. Бүгінде әлемдегі тоңазытқыш атаулының тең жартысына жуығын осы ел шығарады. Сондай-ақ, Таиланд, Оңтүстік Корея, Германия, Италия, Польша, Үндістан, Ресей, АҚШ мемлекеттері де бұл техниканы көптеп шығарады.
Бүгінде озық елдердің алды тұрмыста вай-файға қосылған «ақылды» тоңазытқыштарды қолданып жатыр. Яғни басқа жақта, тіпті шетелде жүріп-ақ температуралық режимін, өзге де қызметтерін қашықтан басқаруға болатын сандық, жасанды интеллект жәрдемімен жұмыс істейтін тоңазытқыштар бар. Олар есігі ашық қалса, температуралық режим сәйкес келмей тұрса немесе жұмсалып жатқан ток мөлшерін білу қажет болса, бұл туралы үй иесіне хабарлама жібере алады. Мұндай тоңазытқыштар тіпті өзіне қойылтын азықтың жарамдылық мерзіміне дейін, қаншаға жетеріне дейін анықтауға бейім. Олар қандай да бір ақауы болса, ақауға жақындап қалса, ол жөнінде де хабар бере алады. Белгілі бір мерзімге дейін ешкім ашпауы тиіс болса, автоматты түрде құлыптанып та қала алады. Қысқасы, «ақылы» көп.
Бүгінде тоңазытқыш бір елдерде әр үйден табылса, енді бір елдерде ол – қолы жеткеннің ғана алатын дүниесі. Мысалы, Ұлттық статистика комитетінің 2020 жылғы жариялаған деректеріне қарағанда, Қазақстанда 6,3 миллион шамасында тоңазытқыш болған. Сол кезде елде 3,5 миллион үй қожалығы бар екен. Яғни әр үйге шаққанда 1,8 тоңазытқыштан келеді деген сөз. Одан көп болуы мүмкін деп те айтылады. Ал, Шығыс Африкада, мәселен, ол тұрғындардың 9 пайызында, Оңтүстік Судан, Бурунди, Руанда сияқты елдерде тіпті тұрғын халықтың 2 пайыздан да аз бөлігінде бар екен.
Бұл азықтарды тоңазытқышқа қоймаңыз…
Мамандардың айтуынша, кей азықты тоңазытқышта ұзақ сақтауға мүлде болмайды екен. «Ондайда қызанақ өз қасиеттерін, дәмін жоғалтады» дейді олар. Қызанақты бөлме температурасында немесе қағаз қалтада сақтаған дұрыс екен. Ал банан қарайып, жұмсарып, дәмі бұзылып кетеді, одан өзге азықтарға жұғып, бүлдіретін этилен газы бөлінеді. Апельсин, лимон өзіндік иісін жоғалтады, қабығында ақшыл дақтар пайда болады, еті солып қалады. Пияз бен сарымсақты тоңазытқышта сақтаса, олар дымқылданып, жұмсарып кетеді, көгеруі мүмкін. Картопты сақтау қауіпті, ондағы крахмал қантқа айналып кетеді, қуырған жағдайда өзінен акриламид деген зиянды зат бөледі. Қауын мен қарбыздың тоңазытқышта пайдалы қасиеттері төмендейді, құрамындағы антиоксиданттар мен каротиноидтердің пайдалы қасиеттері бұзылады. Нан тез қатады, бөгде иістерді сіңіріп алады. Дәмдеуіштер иісінен айырылып, көгеруі мүмкін. Салатқа, тамаққа пайдаланылатын аскөк тез солады, дәрумендерін жоғалтады. Оларды қағазға орау, суы бар ыдысқа салу немесе мұздатқышта қатыру тиімді.
Кей азықтарды тоңазытқышта қатар қоюға болмайтынын да біле жүрген жақсы. Мысалы, картоп пен пияз қатар қойылар болса, пияз ылғал бөлетіні себепті картоп тез бүлінеді.
Қысқасы, тоңазытады деп тоңазытқышқа азықтың бәрін тыға беруге болмайды. Біліп, мән беріп, сақтанып сақтаған жөн болмақ.
