- Театр
Кешегі аптада Шымкенттегі Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры өзінің тоқсаныншы маусымын ашты. Сахна шымылдығы заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтың «Қарагөз» трагедиясымен түрілді. Қоюшы режиссері — театрдың көркемдік жетекшісі Б.Құрманқожаев.
Қазақ театр сахнасында әр режиссердің өзіндік қолтаңбасымен әрлене көрерменге көзайым бола ұсынылып жүрген «Қарагөз» классикалық шығарма. Қазақтың бар әдет-ғұрпы, мәдениеті, салт-дәстүрі баяндалатын ұлттық құндылық. Махаббат пен сезімнің інжу маржаны. Шымкенттің руханиятын көтеруге, мәдени орта қалыптастыруға, сахна өнерінің қыр-сырын паш етуге аянбай тер төгіп жүрген шаниндіктер жаңа маусымда ұсынатын қойылымдар көп-ақ. Бүгінгі күнге дейін өз репертуарын отандық, әлемдік классиктерді, жас буын драматургтердің 400-ден аса шығармасын сахналаған театр биылдың өзінде Айнұр Кәрімнің «What’s up 5 Б?» комедиясы мен Жұманазар Сомжүректің Ақан сері туралы «Серінің сергелдеңі» атты лирикалық драмасының премьералары сахналап үлгерді.
Театр әртістері мамыр айында Алматы қаласындағы гастрольдік іссапарда болды. Алматылық көрерменге көрсетілген «Қораз» спектаклі түрлі пікір мен көзқарастарды қалыптастырды. Қойылымның қызу талқыға түсуінің өзі көрерменді ойлантып, толғантқанының белгісі деп білеміз. Ал «Махаббат формуласы» сазды-лирикалық спектаклі түркістандық көрермендерге жақсы әсер сыйлады.
Ал, сіз театрға барасыз ба? Барғыңыз келсе, назарыңызға шаниндіктер алдағы күндері ұстынатын қойылымдар тізбесін ұсынып отырмыз. Барып, көріңіз.