Мақтаарал ауданының еңбекқор шаруалары ерте пісетін қырыққабатты нарыққа шығаруды бастады. Биылғы маусымның өнімін алғашқылардың бірі болып «Қылышбек» шаруа қожалығы жинап, экспортқа жөнелтті.
Аталған шаруашылық кәріс селекциясына жататын «Пекин» сұрпын өсіріп, алғашқы өнімін Ресейге экспорттауда. Қожалық басшысы Сейсенбай Мұсырманқұловтың айтуынша, шаруашылыққа тиесілі 9 гектар жердің 4 гектарына қырыққабат дақылы егілген. Егіс барысында заманауи тамшылатып суғару технологиясы қолданылып, өнім сапасы мен өнімділігін арттыруға ерекше мән берілген.
Қазіргі таңда қырыққабаттың бір келісі 200 теңгеден саудалануда. Жалпы өнім көлемі шамамен 120 тонна болады деп күтілуде. Өнімді тасымалдау «Агрогруз» компаниясы арқылы жүзеге асырылуда. Жалпы алғанда, 2026 жылға арналған болжамдық егіс құрылымына сәйкес, Мақтаарал ауданы бойынша көкөніс дақылдары 1404 гектар алқапқа орналастырылады деп жоспарланған. Оның ішінде қырыққабат дақылы 1016 гектарға егілмек. Бүгінгі күнге дейін ерте пісетін қырыққабат 827 гектар аумаққа егіліп, алғашқы өнімдер нарыққа жол тартты.
Мақтааралдық шаруалар негізінен салмағы 1-1,5 келі аралығындағы қырыққабаттың «Ринда», «Пекин», «Пандион» сияқты жоғары сұранысқа ие сұрыптарын таңдаған. Бұл өнімдерге әсіресе Еуропа елдері мен Ресей нарығында сұраныс жоғары. Сонымен қатар, жергілікті диқандар ішкі нарықты да толық қамтамасыз етуге қауқарлы.
Аймақтың аграрлық әлеуетінің тағы бір ерекшелігі – жерді тиімді пайдалану мүмкіндігі. Ерте пісетін қырыққабат жиналғаннан кейін, диқандар сол алқаптарға қауын-қарбыз, мақта, жүгері және басқа да дақылдарды егуге кіріседі. Осылайша, жыл ішінде екі, тіпті үш мәрте өнім алу тәжірибесі кеңінен қолданылуда.
Д.Аязбеков,
Мақтаарал ауданы.
