Білім, ғылым

Таңдауыңда жаңылыспа, жас түлек!

Б

үгінде жазғы каникул кезі болғанымен биылғы мектеп түлектері сергек, олар болашақ оқу орындарын таңдауда. Енді бірер күнде білім беру гранттарын тағайындау конкурсына құжат қабылдау да басталмақ.

Грант саны біршама қысқартылған

Жарияланған мәліметтерге қарағанда, алдағы оқу жылына мемлекеттік білім беру тапсырысының жалпы көлемі қысқарған. Оның саны өткен жылғыдан 3800-дей аз, нақтысы — 89 457. Негізінен инженерлік, өңдеу, пайдалы қазбаларды өндіру, металлургия, биологиялық және сабақтас ғылымдар, тоқыма өндірісі, киім шығару, құрылыс, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, қызмет көрсету, мейіргер ісі, спорт, қоғаммен байланыс, материалдарды қысыммен өңдеу, геодезия және картография бағытындағы білім алуға гранттар біршама қысқартылған.

Өнер және гуманитарлық, әлеуметтік, жаратылыстану ғылымдары, журналистика, ақпарат, бизнес, басқару, құқық, статистика, денсаулық сақтау бағыттарындағы гранттар санында елеулі өзгеріс жоқ.

Ал кейбір мамандықтарға грант саны арттырылған. Мемлекет аграрлық сала мамандарына бөлінетін орынды біршама көбейтіп отыр. Механикаға грант елеулі түрде өсірілген. Арнайы педагогикаға 372 грант қосылған. Жер туралы ғылымдарға, агро және химиялық инженерияға гранттар арттырылған, гидротехникалық құрылыс және су ресурстарын басқару бағытына екі еседен астам көбейтілген. Педагогикада әсіресе математика маманын даярлауға мән беріліпті, оған 100-ден аса грант қосылған. Жалпы алғанда инженерлік, педагогика, ІТ бағыттары алда тұр. Цифрлық салаға да едәуір грант бөлінген. Яғни жалпы санындағы «ауыс-түйістерді» айтпағанда грант бөлудегі басымдыққа ие салалар бұрынғыша сақталған деуге болады.

Білікті маман кеңесі

Биылғы мектеп түлектері не нәрсені назарда ұстауы керек? Таяуда белгілі педагог, қоғам қайраткері Аятжан Ахметжанұлы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында бұған байланысты біраз кеңестерін жариялаған болатын. Қажет еткендер есінде ұстар деген ниетпен оны ықшамдап ұсынуды ұйғардық. Ол былай дейді:

* Әр мамандыққа бөлінген гранттар тізімін жақсылап қараңыз. Бірақ бір мамандыққа гранттың көп бөлінуі сіздің грантқа түсуіңізге кепіл емес, аз грант бөлінген мамандықты аз адам, көп грант бөлінген мамандықты көп адам таңдауы мүмкін.

* Бір мамандықты екі-үш университеттен таңдамай-ақ қойыңыз. Сіз конкурсқа түсудегі мүмкіндігіңізді азайтасыз. Себебі грант университетке емес, мамандыққа бөлінеді. (Педагогика және медицина мамандықтарындағы квотасы бар мамандықтан басқа мамандықтар ресми жалпы конкурсқа түсетін мамандықтар).

* Мамандық таңдаған кезде сертификаттағы балыңыз маңызды, асқан тәуекелге бармаңыз. Мысалы, 115-пен стоматология немесе 85-пен жалпы медицина таңдап әуре болмай-ақ қойыңыз. Көрпеңізге қарай көсілген дұрыс.

* Балыңыз грантқа түсуден гөрі тәуекелге жақын болса, онда ең маңызды кеңес: Мамандық таңдау биыл да 13-20 шілде аралығында жүреді. Сіз таңдауды 18-20 шілде арасында, жұрттың ең соңында жасаңыз. Себебі ҰТО әр күні бір мамандықты неше адам таңдағаны туралы статистика жариялайды. Соған қарап отырып, өз балыңызбен таңдаған мамандыққа түсу-түспеуіңізді 90 пайыз межелеуге болады. Себебі, мамандық таңдау басталған кезде өзіне толық сенімділер бірінші таңдап кетеді, сосын бір грантқа неше адам таласып тұрғанына қарап, өз мүмкіндігіңізді біліп аласыз. Мысалы, бір грантқа 5 адамнан артық таласып тұрса, әуре болмаңыз. Бір грантқа 0,7 адам таласып тұрған мамандықты ойланбай таңдай беріңіз.

* Университеттердің қабылдау комиссиясы кеңес бергенде өзін таңдауды, өзінде бар мамандықты таңдауды ұсынуы, тіпті кейбірі «бізді таңдамасаң, құжатыңызды алмаймыз» деп міндетсінуі мүмкін. Бұл – заңсыз! Сіз бір қаладан бір қалаға жүгірмей, өзіңіз қалаған кез келген университет пен мамандықты таңдай аласыз. Құжатты www.egov.kz сайтында онлайн түрде немесе кез келген университеттің қабылдау комиссиясынан тапсыра аласыз. Сосын грант иегерлері тізімі шыққан соң өзіңіз түскен университетке құжатыңызды алып бара бересіз.

* Құжатты соңғы күні сағат 18.00-ге дейін тапсырып бітсеңіз болғаны, ерте тапсыру мен кеш тапсырудың конкурсқа еш қатысы жоқ. Сондықтан асығыстық жасап қоймаңыз. Бірінші күні тапсырды екен деп ешкім грант бермейді.

* Ауыл квотасы, қандастарға берілетін квота немесе тағы басқа жеңілдіктер барлық мамандықта бола бермейді. Мысалы, халықаралық қатынастар, ғылыми физика мамандығында ауыл квотасы жоқ. Сондықтан мұны ескеру маңызды.

* Танымал мамандық таңдап, ертең өкініп қалмаңыз, өзіңіз ең жақсы маман болып шыға алатын саланы таңдаңыз. Хит мамандықтың сапасыз кадры болғанша, ел менсінбейтін мамандықтың мықты маманы болу – табысқа жетудің төте жолы.

* Университетті өз туған облысыңыздан басқа қалада оқуға кеңес беремін. «Балам адам болсын десең, сыртқа айда» дейді біздің қазақ. Рас, университетті басқа қалада оқып, сәл де болса студенттік дәуірдің ыстық-суығын бастан кешіңіз, «ақ алақан» маман болып шықпас үшін. Үйдің қасында оқу – жан қинамаудың тамаша әдісі, бірақ үйіңіз сіздің қасыңызда мәңгі тұрмайды.

* Қазір педагогикалық мамандықтардың шәкіртақысы жоғары, мұғалімдік мамандықтың сұранысы жоғары. Бұрынғыдай «тым құрыса мұғалім бола салам» дейтін ой енді жоқ. Педагогикалық мамандықтар балы көтеріліп кеткен. Ескеріңіз. Мысалы, 100 балмен математика пәні мұғалімі деген мамандық грантын армандай алмайсыз.

* 2020 жылдан бастап грант конкурсы орыс тобы, қазақ тобы деп бөлінбейді. Бұл да қазақ топтары үшін көптеген мамандықтың грант балының төмендеуіне әсер етті. Енді орыс тобы мен қазақ тобында айырмашылық болмайды. Сондықтан орыс тобы төмен болады деп орыс тобына талпынбаңыз. Енді бәрі бірдей.

* Медицина немесе педагогика мамандықтарын таңдайтындар психологиялық тесттен өтуі міндетті, оны конкурсқа құжат өткізгенге дейін тапсырып болу керек. Тапсырып қоймасаңыздар, ертең ол мамандықты таңдай алмай қаласыздар.

…Міне, педагогика саласында тәжірибесі мол маман осылай дейді. Бұл кеңестер пайдалы болып жатса, тәжірибеде қолданып көріңіз!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *