Басты жаңалықтар Мәселе

Түркістан:Құрылыстағы қырсыздық үшін – 290 млн теңге айыппұл

Түркістан облысында құрылысы жүріп жатқан нысандардың сапасына бақылау күшейді. Былтыр дәл осы құрылыс жұмыстарының сапасын таразыға салған мамандар жоспардан тыс 416 тексеру жүргізген. Қорытындысында бірқатар заң бұзушылықтар анықталып, 950 хаттама түзілген. Сол кезде салынған 290 млн теңге айыппұлдың қазірге дейін 262,7 млн теңгесі өндірілді.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен жиында айтылған осы дәйектер негізінде аудан, қала әкімдері мен тиісті сала басшыларына заңсыз құрылыстың алдын алу жұмыстарын жүйелеу, мониторинг жұмыстарын күшейту тапсырылды.

–Облыс аумағында нысандарға рейдтік іс-шаралар ұйымдастырып, жұмыстарды күшейтіңіздер. Көше-көшені аралап, заңсыз құрылыстарды анықтаңыздар. Нақты сараптама жасап, шара көріңіздер. Жұмыс нәтижесі анық көрініп тұру қажет. Түркістанның сәулеті мен келбетіне аса мұқият болыңыздар. Барлық нысан дизайн кодқа сай болуы қажет. Жауапты тұлғаларға бақылау жұмыстарын тұрақты жүргізуді тапсырамын. Заңға бағынбайтын мердігерлердің жұмысын тоқтатып, айыппұлдарды толық өндіріңіздер. Әлеуметтік нысандардың сапасына аса жауапкершілікпен қараңыздар, – деді облыс басшысы Нұралхан Оралбайұлы.

Түркістан облысының бақылау жөніндегі басқармасының басшысы Айдос Исмаилов былтыр 3020 нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары басталғанын айтты. Оның ішінде, 986-сы – бюджеттік, 2034-і – жеке кәсіпкерлік есебінен. Басқарма мен аудан, қала әкімдіктері бірлесе облыс аумағындағы заңсыз салынған нысандарды анықтау бойынша тұрақты мониторинг жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде, бюджет қаражаты есебінен салынған нысандарға 173,4 млн теңге және жеке қаражат есебінен салынған нысандарға 116,6 млн теңге айыппұл салынған.  

Өңірдегі жол құрылысы мен инженерлік инфрақұрылым желілері құрылыстарының сапасына жүргізілген бақылау нәтижесінде жол құрылысы бойынша 23 нысанға, газ жүйелері құрылысында 27 нысанға, ауыз су жүйелері құрылысында 9 нысанға, электр желілері құрылысында 8 нысанға айыппұл салынып, әкімшілік шаралар қабылданған.

 «ӘлемСтрой-1» ЖШС,  «Саха-2005» ЖШС мердігер мекемелері былтыр құрылыстағы қырсыздықтары үшін лицензиясынан айырылды. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын сапасыз атқарған 36 мердігер мекемеге тиісті шаралар көріліпті. «Одан бөлек, құрылыс-монтаждау жұмыстарын қадағалау барысында кемшіліктерге жол берген 10 инжиниринг қызметін көрсететін аккредиттелген техникалық қадағалаушы мекемеге шара көрілген. Сондай-ақ 19 техникалық қадағалаушы тұлғаның сарапшы аттестаттары 6 айға тоқтатылды. Әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн 1 жыл iшiнде қайталап жасалған әрекеттер – акредитация мен лицензиядан айыруға алып келеді» дейді сала мамандары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *